Өтіп бара жатқан апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Атап айтқанда, Алматы қаласы әкімінің өкімімен Жанат Айтбаева қалалық Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Ол 1968 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жоғары педагогикалық және экономикалық білімі бар. Педагогика ғылымдарының кандидаты, экономика және бизнес магистрі.
Осы салада жалпы еңбек өтілі 35 жылдан асады. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, әр жылдары білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған.
Шығыс Қазақстан өңірлік «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығын, Өскемен қалалық білім бөлімін басқарған. Сондай-ақ Astana IT University проректоры, «Алматы дарыны» КМҚК директоры және Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2025 жылы қыркүйектен бері Алматы қаласы әкімдігі аппаратының идеологиялық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы қызметінде болды.
Теннисті дамыту қорында кадрлық тағайындау болды. Ардақ Әбіжанов Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры болып тағайындалды.
Ол Нархоз университетін үздік тәмамдаған, University of International Business оқу орнында MBA дәрежесін алған. Сонымен қатар London Business School және Warwick Business School секілді жетекші халықаралық бизнес-мектептерінде білімін жетілдірген.
Еңбек жолын қаржылық консалтинг, аудит және мәмілелерді сүйемелдеу саласында әлемдік «Үлкен төрттікке» кіретін Deloitte және PwC компанияларында бастаған. 2017 жылдан бері Ардақ Әбіжанов кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Соның ішінде Қазақстандағы жеке заттарды сақтау қызметін ұсынатын алғашқы сервистің негізін қалады.
2025 жылдың қаңтар айынан бастап Теннисті дамыту қорын (Gorky Tennis Park) басқарады. Оған қоса Alatau Tennis Ortalygy теннис орталығының қызметін үйлестіріп, спортшыларды даярлау жүйесі мен Алматы қаласындағы теннисті дамыту ісіне тиімді ықпалдасуын қамтамасыз етеді.
А.Әбіжанов теннисті белсенді насихаттаушылардың бірі әрі Қазақстанның әуесқой теннис қауымдастығындағы жетекші ойыншылардың қатарында. Ол ҚСЛТ рейтингінің үздік бестігіне кіреді.
А.Әбіжанов Теннисті дамыту қорының (Gorky Tennis Park) бас директоры қызметін де жалғастыра береді.
Ерлан Қарин Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары лауазымына бекіді.
Ерлан Тынымбайұлы 1976 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылында туған. 1996 жылы К. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша бітірді. «Тарих және география пәнінің мұғалімі» біліктілігі берілді. 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті Философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын бітірді. Саяси ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1996 жылы мектеп мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары сараптамалық орталықтарда, мемлекеттік қызметте, Президент Әкімшілігінде, «Нұр Отан» партиясында және «Қазақстан» РТРК-да басшылық қызметтер атқарды. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен (2010 жылы), ІІ дәрежелі «Достық» орденімен (2019 жылы), ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен (2022 жылы), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» (2019 жылы) медалымен марапатталған.
Президенттік жастар кадр резервінің өкілі Айдос Шамбулов Энергетика министрлігінде басшылық қызметке тағайындалды.
Айдос Шамбулов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, University of California университетінде «Құқық» мамандығы бойынша білім алған. Қазақстан Республикасы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы қызметінен бастаған.
Әр жылдары мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның әкімшілік жұмыс бөлімін басқарған, сондай-ақ Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Осы тағайындауға дейін «GrandBuildCompany» ЖШС-нің басқарушы директоры қызметінде жұмыс істеді.
Энергетика министрлігі Аппараты басшысының бұйрығымен Айбек Ижанов Мұнай және газ салаларындағы мемлекеттік бақылау департаментінің директоры қызметіне ауысты.
Айбек Балдайұлы Ижанов Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Пайдалы қазбалар кен орындарын барлау техникасы мен технологиясы» және «Мұнай-газ ісі» мамандықтары бойынша, сондай-ақ Халықаралық бизнес академиясын «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын өндіріс саласында бастап, кейін мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда және мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі ұйымдарында қызмет атқарды. Әр жылдары Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде, «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-да, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-да, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінде, «Қазгеология» ҰГК» АҚ-да, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-да, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» АҚ-да және басқа да салалық ұйымдарда басшылық қызметтерді атқарған.
Осы тағайындауға дейін «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының Сараптама және мониторинг секторының аға менеджері қызметін атқарды.
Сонымен қатар Энергетика министрлігінде Асқар Қонақбаев Газ өнеркәсібі департаментінің директоры болып тағайындалды
Асқар Нұрмұханбетұлы Қонақбаев 1985 жылы дүниеге келген.Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Қоршаған ортаны инженерлік қорғау» мамандығы бойынша, сондай-ақ Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «Ауыл Газ» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің инженері болып бастаған. Әр жылдары газ саласында басшылық қызметтер атқарған. «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Ақтау филиалына жетекшілік еткен.
2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-да еңбек етіп, жетекші маманнан департамент директорына дейінгі еңбек жолынан өтті.
Маңғыстау облысында облыстық бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болыпНесібелі Қуатоватағайындалды.
Несібелі Қуатова 1979 жылы 1 шілдеде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Таушық ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді. Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін «Кәсіптік оқыту педагогы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2024 жылы Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алды.
Еңбек жолын 1998 жылы Ақтау қаласындағы № 15 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары мектепте, балабақшада және арнайы білім беру ұйымдарында қызмет атқарды. 2012-2025 жылдары Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығында ұйымдастырушыдан директорға дейінгі еңбек жолынан өтті. 2025 жылдың қарашасынан бері Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.
Айжан Құрманова Абай облысы білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Ол 1970 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтын тарих пәні мұғалімі, Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық училищені бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Семей қаласындағы № 34 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастаған. Әр жылдары Семей қаласындағы бірнеше мектепте мұғалім, директордың оқу әдістемелік жөніндегі орынбасары, Евразия гуманитарлық колледжінде, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті мен Семей медицина университетінде оқытушы, Семей қалалық білім бөлімінің әдіскері, Абай облысы білім басқармасының бөлім басшысы болды.
Бұған дейін Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Жамбыл облыстық қаржы басқармасының басшысы болып Ернар Әбілдаев тағайындалды.
Ол 1991 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келген. 2013 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Туризм» мамандығы, ал 2014 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінде бастаған. Осы министрлікте басқарма сарапшысы, бас сарапшы, басқарма басшысы және департамент директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
2023 жылғы қазаннан 2024 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі департаменті директорының орынбасары, 2024 жылғы ақпаннан тамызға дейін Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымдарында еңбек етті.
Сондай-ақ Жамбыл облысы туризм және инвестиция басқармасына Ержан Тәліп жаңа басшы етіп сайланды.
Ол1989 жылы дүниеге келген. 2014 жылы Қытай Халық Республикасындағы Хуачжун ғылым және технология университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдап, 2016 жылы Ресей халықтар достығы университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Орыс, ағылшын және қытай тілдерін меңгерген.
Еңбек жолын 2014 жылы жеке секторда маман ретінде бастаған. Әр жылдары түрлі серіктестіктерде маман және сату менеджері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында маркетинг, халықаралық байланыстар, ұйымдастыру жұмысы және стратегиялық жоспарлау департаментінің маманы және бас маманы қызметтерін атқарған.
Кейін инвестициялар тарту және өңірлік даму саласында еңбек етіп, «Turkistan Invest» өңірлік инвестициялық агенттігінде, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да, «Түркістан облысының цифрландыру орталығы» филиалында, «Оңтүстік» өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-да және «Тараз» индустриялық аймағы» басқарушы компаниясы» ЖШС-да менеджер, бас менеджер, бас сарапшы, бөлім басшысы және инвестициялар тарту жөніндегі менеджер лауазымдарын атқарған. Сондай-ақ «Zhambyl Invest» дирекциясы басшысының орынбасары және басшысы, «Тараз» индустриялық аймағы» басқарушы компаниясы» ЖШС директоры қызметтерінде еңбек етті.
Ал Қызылорда облысында Жаңақорған ауданының әкімі болып Жарқынбек Ғалымжан тағайындалды.
Ол 1978 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «Казагрэкс» мемлекеттік кәсіпорнында бас маман ретінде бастап, ауыл шаруашылығы саласында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2009-2021 жылдары облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы, Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары болды.
2021 жылдың қаңтар айынан осы күнге дейін Жаңақорған аудандық мәслихатының төрағасы қызметін абыроймен атқарып келді.
Қазақстандық 48 жастағы маман Марат Еслямов «Ертіс» футбол клубының бас бапкері атанды.
Марат Жолдасұлы кәсіби футболшы ретінде «Намыс», «Қайрат ЦСКА», «Ақмола», «Есіл» және «Химик» клубтарында ойын көрсеткен. Бапкерлік жолында отандық клубтарда, Қазақстан жасөспірімдер және жастар құрамаларында қызмет атқарды. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабында еңбек етті.
2021 жылы «Ақсумен» Бірінші лиганың жеңімпазы атанса, 2022 жылы «Қайсармен» Бірінші лиганың күміс жүлдесін иеленіп, команданы Премьер-лигаға шығарды. 2023-2024 жылдары «Ұлытау» клубын басқарды.
Бас бапкердің көмекшісі қызметіне Иван Геннадьевич Азовский тағайындалды. Ол — қазақстандық клубтарда және Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабында қызмет атқарған тәжірибелі маман.
Ал «Тараз» футбол клубы бас бапкерінің міндетін маусым соңына дейін Азиз Анарметов атқарады.
Азиз Анарметов бұған дейін де бірнеше рет негізгі құраммен жұмыс істеген. Биылғы маусымда ол Екінші лигада өнер көрсететін жастар құрамасын жаттықтырды.
Бас бапкердің көмекшісі болып Ерлан Елеусінов тағайындалды. Ол бапкерлік қызметпен 2010 жылдан бері айналысып келеді және клубтың негізгі әрі жастар командаларында жұмыс істеу тәжірибесіне ие.
Қазіргі таңда Бірінші лига біріншілігінде 26 турдың 11-і өтті. «Тараз» 11 матчтан кейін 16 ұпаймен турнир кестесінің жетінші сатысында тұр. Команда бес жеңіске жетіп, бір рет тең түсіп, бес кездесуде жеңілген.
Жаңа тағайындаулар Руслан Есатов пен оның көмекшісі Александр Кучманың қызметтен кеткенінен кейін жүзеге асты. Руслан Есатов бас бапкер қызметінен өз өтініші бойынша кетсе, Александр Кучмамен еңбек шарты тараптардың өзара келісімімен мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
