Жұма, 22 қараша, 10:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Үкімет барлық ескі көлікті пайдалануға тыйым салатын заң жобасын қарап жатыр

06.02.2024

878 0

Фото:  Stan.kz

Еліміздің әр өңірінде жергілікті экология органдарының мамандары қасына полицейлерді ертіп, көшелерді аралайды, жол бойында тұрақты рейд жүргізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тексеру барысында түрлі автокөлік – жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк көліктері және басқасы тоқтатылып, газоанализатор, тахометр және басқа аспаптардың көмегімен машинаның шығарынды газдары өлшенеді.

Егер тексеру қорытындысында ауаны ластау көрсеткіші рұқсат етілген нормадан асып түссе, онда дереу көліктің мемлекеттік нөмір белгісі тәркіленеді, ондай машинаны ары қарай пайдалануға тыйым салынады.

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай заң жобасын әзірледі.

«Қолданыстағы әкімшілік жаза қатайтылады. Бұзушылық толық жойылғанға дейін зиянды зат мөлшері жоғары көлікті пайлануға тыйым салынады. Бұл тыйым, бұзушылық тіркеле сала, бірден күшіне енеді. Әйтпесе, қолданыстағы редакцияда мемлекеттік нөмірлерді алып қоюға тек құқық бұзушылық бірнеше рет жасалса, бір жыл ішінде қайталанса ғана рұқсат етілген. Жаңа талапты Қазақстандағы барлық жеке тұлғаларға, сондай-ақ меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан, барлық заңды тұлғаларға қатысты енгізу ұсынылады», – деп түсіндірді министрлік сарапшылары.

Үкімет бұл қадамға мәжбүрліктен барып отырғанын алға тартты. Экологиялық рейд жиі өткізілмейді. Өткізіле қалса халықты көк түтінге қақалтқан ескі-құсқы, темір-терсек көліктер мыңдап әшкереленеді. Алайда құзырлы органдар заң талабына сәйкес, олардың иелерінің 80%-ін бірінші жолы тек «ескертумен» қалдыруға мәжбүр. Қалған 20 пайызы – бұрын анықталған бұзушылығын бір жыл ішінде жоймағандар.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, әкімшілік кодекстің «Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерінен асыра отырып, автомотокөлiк құралдары мен басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану» деп аталатын 334-бабы аясында:

  • 2020 жылы – 7 849 әкімшілік іс қозғалған, соның 6 570 жағдайында ескерту ғана жасалды;
  • 2021 жылы – 26 600 әкімшілік іс қозғалып, 20 412 көлік иесі ескертумен жайына жіберілді;
  • 2022 жылы – 26 643 әкімшілік іс ашылып, 21 751 жағдайда ескерту жасаумен тынды.

Осыдан кейін бұзылған жерін толық жөндемей, катализаторын, фильтрін ауыстырмай, техбайқаудан қайта өтпейінше, қожайыны өз көлігінің рөліне қайта отыра алмайды. Әрі қарай айдап жүріп ұсталса, 1,4 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін.

«Көлігі көп ірі қалаларда ауадағы аэрозольдердің шоғырлану көрсеткіші қалыптағыдан 10 есе жоғары, газдар – 25 есе көп. Соның ішінде автомобильдердің газбен ластау үлесі 60-70% дейін барады. Алматы қаласында ауаға түсетін зиянды заттардың жалпы көлемінің 80-90% көліктерге тиесілі», – деп мәлімдеді экология министрлігі.

Дәрігерлер де дабыл қағып жатыр. Жастар арасында демікпе, аллергия сияқты дерттер артты. Халық арасында тыныс алу жүйесіндегі аурулар, гайморит, ларинготрахеит, бронхит, бронхопневмония, өкпенің қатерлі ісігі, басқа да кеселдерге шалдыққандар көбейген.

Көліктердің шығарынды газдары климаттағы, қоршаған ортадағы теріс өзгерістерге соқтыратыны, жаһандық жылынуға, қышқылды жаңбыр жаууына әсер ететіні, өсімдікті, ауыл шаруашылығы дақылдарын улайтыны – бөлек әңгіме. Қазақстан бұл құбылыстармен күресуге қатысты халықаралық міндеттеме алды.

Автокөлік бойынша сарапшы Сергей Зорин ерте ме, кеш пе, Үкімет мұндай қатаң шараға бәрібір баратынын айтады.

«Бұл – әлемдік үрдіс. Ескі көлікті пайдалану тиімсіз бола береді. Мысалы, болашақта көлік салығын машинаның қозғалтқышының қуатына қарай емес, оның экологиялық класына, яғни қоршаған ортаны ластауына қарай есептеу туралы ұсыныстар айтылып жүр. Яғни көлік неғұрлым жаңа, экологиялық таза болса, салығы да аз болар еді. Жұрт та жаңасына ұмтылар еді. Бүгінде Еуропада парник газдарына да салық енгізілген. Бұл адамдарды барынша үнемді, шағын, экологиялық “темір тұлпарды ерттеп мінуге” ынталандырады», – деді Зорин.

Ондай бастама Үкіметте қосымша пысықталып жатыр. Атап айтқанда, «Шығарындыларындағы ластаушы заттардың құрамы, сондай-ақ жұмыс кезінде олар өндіретін шудың деңгейі белгіленген нормативтерден асатын» автокөлік, мотокөлік және басқа жылжымалы құралдар мен қондырғыларды пайдаланса жеке тұлғаларға – 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңгеге тең), шағын кәсіпкерлерге не коммерциялық емес ұйымдарға – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 айлық есептік көрсеткіш (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салу ұсынылып отыр.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта ұсталса, жеке тұлғалардың айыппұлы – 20, шағын кәсіпкерлер мен коммерциялық емес ұйымдардыкі – 100, орта кәсіпкерлікке – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК-ке (1 476 800 теңгеге) дейін, яғни екі есе артып шыға келмек.

Бұған жеткізбеу үшін мамандар шығарынды газдардың уыттылығын едәуір төмендетуге көмектесетін каталитикалық түрлендіргішті (катализатор) орнатуға кеңес береді. Катализатор азот оксиді, көміртегі тотығы және жанбаған канцерогенді көмірсутектер сияқты қоршаған ортаға зиян компоненттерді өңдеп, залалсыздандырады.

Катализаторларды қолдану мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейін барады. Содан кейін оларды уақытылы ауыстыру маңызды. Өйткені сүзгі бітеліп, экологиялық функциясын орындауды тоқтатып, пайдасыз болып қалады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: