Цифрландыру туралы әңгімелер жиі айтылғанына қарамастан, Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндер көбейген жоқ. Finprom порталының мәліметінше, бүгінде қазақстандықтардың тек 0,5%-ы ғана үйден жұмыс істейді. Бұл бүкіл ел бойынша шамамен 44 мың адам ғана, – деп хабарлайды kursiv.media
Әйелдер үлесі басым
Қазақстанда қашықтан жұмыс істеу негізінен «әйелдерге тән» үрдіс болып отыр. Онлайн форматты ерлерге қарағанда әйелдер жиі таңдайды. Көптеген қазақстандық әйелдер үшін қашықтан жұмыс істеу – мансап пен үй шаруасын немесе бала тәрбиесін қатар алып жүрудің жалғыз жолы болып тұр.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, қашықтан жұмыс істеуде урбанизация процесі байқалады:
- 2024 жылы қала мен ауыл арасындағы теңгерім сақталған еді (22,8 мың адам қалада, 20,8 мың адам ауылда).
- 2025 жылы айырмашылық айтарлықтай өсті: қалаларда 28,2 мың адам, ал ауылдық жерлерде небәрі 16 мың адам үйден жұмыс істейді. Бұл интернет сапасы мен бос жұмыс орындарының қолжетімділігіне тікелей байланысты.
Алматыда 6 мыңға жуық адам үйден жұмыс істейді. Сарапшылар екі миллион тұрғыны бар, банктер, IT-компаниялар мен жарнама агенттіктері шоғырланған қала үшін өте аз көрсеткіш деп отыр. Дегенмен ресми есеп шетелдік компанияларға жұмыс істейтіндерді, «гибридті» форматтағы қызметкерлерді және фрилансерлерді (өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды) қоспай отырған болуы мүмкін.
Техникалық жабдықтау
Қашықтан жұмыс істейтін қазақстандықтардың басым бөлігі (шамамен 40 мың адам) өздерінің жеке ноутбуктері мен компьютерлерін пайдаланады. Жұмыс берушілер әлі де қызметкерлерді үйден жұмыс істеуге қажетті техникамен қамтамасыз етуге құлықсыз.
Finprom мәліметінше, дүниежүзінде 2025 жылы жұмыс күшінің 48%-ы қашықтан немесе гибридті форматқа көшкен. АҚШ-та 30 миллионнан астам адам онлайн жұмыс істейді. Қазақстанда бұл көрсеткіштің төмен болуы экономика құрылымына және бизнес-процестердің цифрлану деңгейінің төмендігіне байланысты.
Айта кетейік, Kursiv Media онлайн жұмысқа ауысқысы келетіндерге арналған гайд дайындаған еді. Фрилансты байқап көремін деп жүрген болсаңыз, мына материал сізге арналады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
