Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен өткен мәжілісте әріптестері қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ділмұхамед Абизовты жаңа қызметке шығарып салды. Шаһар басшысы Ділмұхамед Мінуәрбекұлының адал қызметі мен білім-біліктілігін атап өтіп, оған алғыс білдірді.
-Ділмұхамед Мінуәрбекұлы қызмет барысында өзі жетекшілік жасайтын салалардың жұмысын жүйелеп, тапсырылған міндеттерді жоғары деңгейде атқарды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына өз үлесін қосты,- деді Нұржан Сәбитұлы.
Ділмұхамед Мінуәрбекұлына Қызылорда қаласының ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасы» табысталды. Қала әкімі оның алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, жиында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы таныстырылды. Бұл лауазымға Әнуәр Айдын Серікұлы тағайындалды.

Айдын Серікұлы 1990 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құрылыс», Алматы гуманитарлық-экономикалық университетін «Мемлекеттік және аймақтық басқару» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы «СКА СтройПроект» ЖШС-де техник-жобалаушы болып бастаған. 2011-2020 жылдары аралығында түрлі мекемелерде бас инженер, директор, 2020-2025 жылдары аралығында Қармақшы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, Қызылорда облысы жұмылдыру дайындығы басқармасының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының» басшысы, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2025 жылдың маусым айынан осы кезге дейін қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.
«Айдын Серікұлы мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп, сатылап өскен білікті де, тәжірибелі маман. Тапсырманы тиянақты орындайтын жауапкершілігі мол азамат. Сондықтан әлеуеті жоғары кадр ретінде өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін», – деді қала әкімі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
