Сенбі, 27 сәуiр, 09:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы

23.05.2022

1096 0

Облыстық білім басқармасы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Сырдария ауданы, Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінде «Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы» тақырыбында кездесу өтті.
Тағылымды мол шараға облыстық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов, ҚР Білім беру ісінің үздігі Мадина Әліпбаева, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Хамила Әлиакбарова, облыстық ардагерлер кеңесі мүшесі Қалқабай Жәрекеев қатысты.
Мән маңызы зор кездесуде мектеп ауласы мерекеге орай безендіріліп, ұлттық салт-дәстүрге сай көмкерілді. Асық ойнап, ләңгі тепкен балалар, қамшы өрген қария, бұрымды қыздар биі кеш шырайын айшықтай түсті. Күй тартқан жас өрендер өнері келушілерді еріксіз тәнті етті. Бұл – үлкенге деген жастардың ізеттілігі болатын.
Мектеп ұжымы келген қонақтарды ыстық ықылас, зор ілтипатпен қарсы алды. Келелі кездесуде бірқатар сырдариялықтар белсенді қатысты. Олардың қатарында «Ерен еңбегі» төсбелгісінің иегері Баян Орынбекқызы, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлнар Әбілова, «Шаған» ауылдық округ әкімі Ұлбала Әбдірахманова. ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдулла Нәбиұлы. ардагер ұстаз Шегебай Бәшенов қатысып, тақырып төңірегінде ой бөлісті.
Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Балалар толыққанды отбасында өсіп, ата-ана тәрбиесінен тағылым алуы заңдылық. Адамгершілік құндылықтар қай кезде де отбасынан дариды. Шарапаты мол шарада осы жағы жан-жақты насихатталды.
Мектепте ардагерлер бөлмесі жұмыс жасайды. Жарық та, жайлы бөлме эстетикалық талғаммен жасалғаны айқын аңғарылып тұрды. Ұжымда қалыптасқан оқу тәрбие жұмысы көрінісі көзге бірден байқалады.
Ардагерлер бөлмесінде ақын, ұстаз Шегебай Бәшеновтің еңбек жолы таныстырылып, онда оқушылар ақын шығармаларын жатқа оқыса, әріптестері саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз ұлылығын әспеттеді. Кеш барысында ғибратты ғұмыр иелерімен пікір алмасып, ұрпақ тәрбиесі, ел болашағы жөнінде әңгіме айтылды.
Сырдария аудандық ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі, ардагер ұстаз Сансызбай Сәдуақасовпен жұбайы Ханшайым Ерғалиева шаңырақ шаттығын асырып, шөбере сүйіп отырған өнегелі өмір иелері. Сонымен қатар Алтын Нұртаева, Айман Қыдырбаева, Өмірбек Сарыбаев, Гүлнар Төлеген есімді ардагер ұстаздар отбасы бірлігі мен ел ынтымағын асырып отырған құрметті жандар. Жиын барысында осы ардагер ұстаздардың өміржолы жастарға үлгі етілді.
Расымен де, олардың әрбір айтқан сөздері ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі боларлық. Мұндай шараның мән маңызы зор. Жиын қорытындысында кездесуге қатысушы барлық ардагерлер арнайы дипломдармен марапатталды. Ұлттық тәрбие ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге қадам басудың негізі жөнінде айтылды. Ақыл сұрар ардагері бар, ұстын тұтар ұстазы бар ұлтың келешегі бұдан да жарқын болмақ. Өткізілген шарада айтылған ой осыған саяды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: