Бейсенбі, 10 қазан, 02:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

«Вакцина салу, ПТР-тест оразаны бұзбайды»

13.04.2021

16645 0

Бүгін мұсылман қауымы үшін ерекше қасиетке ие он екі айдың сұлтаны – рамазан айы басталды. Жаратқанның шапағаты төгіліп, мейірі артатын, қылған қайырым мен жасаған игі қадам еселенер кезең ораза ұстау амалына ұласары белгілі. Қаншама мұсылман пітір-садақа таратып, жаман қасиет, жат мінезді тыюға тырысады. Сондықтан ораза жан мен тәннің тазаруы, жақсылық жаршысы деп қабылданады. Алайда әлемді жайлаған індет салдарынан оразаға қатысты көп сауал туындайтыны анық. Осыған орай ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Әбуовке тақырыпқа қатысты бірнеше сауал жолдаған едік…

– Болатбек Ұласқанұлы, қазіргі кезде ең көп қойылатын сұрақ пандемияның оразаға ықпалы төңірегінде болуда. Сондықтан алғашқы сауал­ды вакциналауға қатысты қойсақ. Жалпы Рамазан айына дейін вирусқа қарсы екпе салған немесе екпенің салдыруға міндетті екінші бөлігі оразаның орта тұсына сәйкес келетін азаматтар ораза ұстай берсе бола ма?

– Шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Демек екпе терінің астына бұлшықетке салынса, ораза бұзылмайды. Жалпы, пенициллин, инсулин, вакцина, ауырсыну мен қызуды басатын препараттар мен дәрумендер қолданылған жағдайда ораза бұзылмайды. Қазір ислам ғалымдарының көбісі екпе арқылы денеге салынатын дәрі-дәрмекке ем және адам ағзасына қажетті энергия ретінде қарайды. Яғни, тері астына және бұлшық етке емделу үшін ине салса, ораза бұзылмайды.

– Ораза кезінде ПТР-тест тапсыруға бола ма?

– Әрине, ауыз бекіткен адам ПТР-тест тап­сыруына болады. Бұл әрекет оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі немесе сұйықтық өтпейді.

– ҚМДБ ауызашар өткізу, тарауих намазын жамағатпен оқу тәртібін бекітті ме?

– Биыл да еліміздегі эпидахуалдың күшеюіне байланысты ҚМДБ Рамазан айында өңірлердегі діни рәсімдерді өткізуді үш түрге бөлді. Яғни, «жасыл», «сары» және «қызыл» аймақтардағы діни рәсімдер.

Атап айтар болсақ, «жасыл аймақтағы» елді мекендерде тарауық намазының оқу үшін мына­дай талапты сақтау қажет: cанитарлық талап­тарды сақтау, қысқа сүрелер оқу; ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу;. мешіт дəретханаларын қолдану барысында ара­қашықтықты жəне сантитарлық талаптарды сақтай отырып тез дəрет алу.

«Сары аймақтағы» елді мекендерге тарауық намазын оқуға қойылатын талаптар: тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтау, қысқа сүрелер оқу, ауа-райы қолайлы аймақтарда мүм­кіндігінше мешіт ауласында өткізу.

Ал «Қызыл аймақтардағы» орналасқан ме­шіттерде уақытша жамағатпен тарауық намазы оқылмайды.

«Жасыл аймақтағы» елді мекендерде тол­тырылуы 30 процент, бірақ 50 орыннан аспайтын жағдайлар сақталған кезде ауызашар өткізуге болады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №68 Қаулысында қоғамдық тамақтану нысандарында еске алу мен құдайы өткізуге рұқсат берілгеніне қарамастан, ауызашарды мүмкіндігінше отбасы ортасында өткізуді ұсынамыз. «Сары аймақтағы» және «қызыл аймақтағы» елді мекен­дерде ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп беру арқылы ұйымдастырған абзал.

– Кімдер пітір садақаны мөлшерінен артық береді?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы пітір садақаның мөлшерін екі келі ұнның бағасы көлемінде бекітті. Ол 420 теңгені құрайды. Бұл – пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Сондықтан жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады. Қазіргі кезде екі келі мейіз 3 580 теңге тұрады. Сондай-ақ 4 келі құрманың құнымен беруге болады. Оның бағасы – 7 300 теңге.

– Қасиетті Рамазан айында ораза ұстауға ниетті жандарға берер кеңесіңіз бен айтар айтар лебізіңіз?

– Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Сол себепті аймақ тұрғындарын мол мүмкіндік айын тиімді пайдаланып, игі істерде жарысып мол сауапқа кенелуге шақырамын. Сонымен қатар дәл қазіргі қиын жағдайда біреуге кесіріміз бен зиянымыз тимей, ауруды жұқтырмай өзімізді сақтауымыз қажет.

Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен талаптағы сақтық шараларға терең түсіністік танытып, оларды қатаң сақтауға шақырамыз. Бізге қазір сабырлық пен темірдей тәртіп қажет екендігін бүгінгі жағдай көрсетіп отыр. Бұған баршамыз көз жеткіздік.

Дана халқымыз: «Саулық сақтықта» деген нақыл сөзді бекер айтпаған. Бабаларымыздың асыл сөзі біз үшін үлкен өнеге, рухани азық. Алла Тағала мың айдан да қайырлы болған қасиетті айда ұстағалы жатқан оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүние бақытына бөлегей! Берекелі айда халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырысын молынан еткей! Рамазан айын бізге өлі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: