Жұма, 03 мамыр, 04:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Жалдамалы пәтер субсидиясын кімдер алады?

12.05.2022

965 0

Бүгінде елдің әл-ауқатын көтерудегі негізгі басымдықтың бірі баспанамен қамту. Оның ішінде тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген отбасылардың тұрғын үйге қол жеткізуі үшін мемлекеттің қамқорлығы қажет-ақ.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөнінде бастама көтеріп, оны тездетіп жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ пәтер жалдау ақысының көтерілуіне жол берілмеу керегін баса айтты. Негізі бұл бастама өткен жылы қозғалды. Дегенмен биылғы жылғы

1 мамырдан бастап қолға алынуда.

Әлеуметтік қолдаудың бұл түрі қалай жүзеге асады? Оның игілігін кімдер көреді? Әрине, бұл – көп көкейіндегі сұрақ. Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 590 мыңға жуық азамат баспанаға мұқтаж екен. Оның ішінде 210 мыңы әлеуметтік осал топқа жатады. Бұл – көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Оның ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық кезекте тұрғандар қысқа мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл деректерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақов мәлімдеді.

– Жалға берілетін пәтерді алуға бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы азаматтар құқылы. Біз айтып отырған бастама салынып жатқан үйлерді жалға алуға ғана қатысты емес. Қазір кез келген аймақта нарықтағы пәтерлер жалға беріліп келеді. Оларды жалдап тұратындар да осы бағдарламаға қатыса алады. Бүгінде жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидаларын әзірледік. Бағдарлама операторы болып «Отбасы банк» белгіленді. Бұл атаулы көмек азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Жалдау ақысының 50 проценті мемлекеттік субсидиялар есебінен, оның ішінде 40 проценті республикалық, 10 проценті өңірлік бюджеттен өтеледі. Ал қалған 50 процентін жалға алушылар өздері төлейді, – деді Б.Қашақов.

Айлығы шайлығына әрең жететін тұрғындардың баспана жалдауы үшін мемлекеттен өтемақы төленетіні қуантады. Дегенмен бұл бастама үйді жалдау ақысының қымбаттауына ықпал ете ме деген қауіп те жоқ емес. Осыған байланысты сала мамандары жан-жақты тексеріліп, қатаң қадағалау болатынын жеткізді. Мәселен, барлық құжатта жалға алушы мен жалға беруші арасында туыстық қарым-қатынас болмауы керек. «Отбасы банк» деректер базасы бойынша жалға алынған тұр­ғын үйдің кімге тиесілі екенін және тараптар арасында туыстық байланыс бар-жоғын тексереді. Әрине, бәрі жіті тексерілгенмен пайда көргісі келетіндер табылады. Сондықтан әкімдік пен «Отбасы банкі» тұрғын үй жалдау саласына мониторинг жүргізеді. Егер тексеру кезінде белгілі бір отбасы көрсетілген мекенжайда болмаса, алдымен оған ескертеді. Содан соң төлемді тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Негізі жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау дамыған елдерде кең тараған тәжірибе.

– Баспананы жалдау үшін мемлекеттен өтемақы алуға Бірыңғай республикалық электронды базада тұрғын үй кезегінде төрт санат бойынша тұрған азаматтар ғана өтініш бере алады. Атап айтсақ, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүм­кіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар қатысады. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқалы» көпбалалы аналар алады, – деді   «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова.

«Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлы платформаны әзірлеуде. Электронды цифрлы қол­таңбаны пайдаланып, өтініш бергеннен кейін «Отбасы банк» мемлекеттік деректер базасын пайдалана отырып, үміткердің белгіленген шарттарға сәйкестігін тексереді. Сөйтіп, төлемді тағайындау немесе бас тарту туралы жауап ұсынады. Бұл ретте ұсынылған құжаттарды қарау және тексеру мерзімі 10  күннен аспайды. Жалға алу келісімшарты арнайы үлгі бойынша «Отбасы банк» платформасында жасалады. Оған жалға алушы мен жалға беруші қол қояды. Жалға алу келісімшарты бұзылған немесе тоқтатылған кезде жалға алушы «Отбасы банкке» жүгініп, келісімшарт бойынша төлемді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жолдайды.

Бағдарлама бойынша үміткерге қойылатын негізгі та­лап – отбасының төмен табысы. Отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Осылайша отба­сының бір мүшесінің табысы айына 36018 теңгеден аспауы шарт. Мәселен, жұмыс істейтін әкесінің жалақысы 250 мың теңгеге тең көпбалалы отбасыны алайық. Жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарнасын төлегеннен кейін, жан ба­сына шаққандағы отбасы табысы шамамен 33 мың теңгеге тең. Сонда бұл отбасы төлемдерді талап ете алады деген сөз.

Алдағы уақытта аталған әлеуметтік бастаманың қарапайым халыққа берері мол болмақ. Тек шын мұқтаждардың ғана қажетіне жарайтын тиімді тетікке айналса игі.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: