Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Үкімет өзгерістер жасауды бастап кетті. Бұл өзгерістер қатарында халықтан көңілін көншіткен бірден-бір жаңалық – Үкіметтің жалға алынған пәтердің ақысын төлеп беретіні.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында 25 қаңтарда Үкімет индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне азаматтардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттарына жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау үшін төлемдерді тағайындау және төлеу тәртібін айқындау жөнінде өкілеттіктер беретін қаулы қабылдады, – делінген ресми хабарламада.
Үкімет қабылдаған тұрғын үйді жалға алу үшін берілетін төлемдерге қатысты қаулыға сәйкес енді министрлік баспанаға аса мұқтаж азаматтарға тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем тағайындау және оны төлеу қағидаларын бекітетін болады.
Негізінен бұл қаулы 2020 жылы жоспарланған еді. Мемлекет басшысының сол жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев арендалық төлемді субсидиялау тетігін енгізуді тапсырған болатын. Онымен әкімдіктің баспана кезегінде тұрған мыңдаған адам қамтылады деп жоспарланған.
– Биылдан бастап «5-10-25» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 миллиард теңге бөлінді. Үкімет осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отыруы керек. Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек. Қазір әкімдіктер оларға арнап жалға берілетін тұрғын үйлер салып жатыр. Бюджеттік және сатып алу рәсімдеріне байланысты бұған ұзақ уақыт кетеді. Бұл тәртіпке өзгеріс енгізетін кез келді. Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөлген жөн. Оның ауқымы осы шараның арқасында алғашқы жылдың өзінде-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отбасына нақты көмек көрсетіледі. Бұл жұмысты реттеуді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде құрылып жатқан «Отбасы банкіне» тапсырдым. Банк басшылығы тікелей жауапты болады, – деді Президент өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында.
Ал пәтерақыны Үкімет қалай төлейтінін сол кездегі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов таныстырған еді. Жобаға сәйкес, арендалық төлемнің 70-80 проценті бюджет есебінен өтеледі. Жалға алынатын баспанаға қатысты талап та болады деген. Атап айтқанда, арендалық үйдің ауданы 40-80 шаршы метр болуы шарт. Ал отбасының табысы әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.
Қысқасы, биыл бұл жобаны Мемлекет басшысы қолдап, Қаулы жариялады. Демек алдағы уақытта мыңдаған қазақстандықтың пәтерақысын Үкімет төлейтін болады. Бұл қиындыққа тап болған отбасыларға аяқтан тік тұрып, әрі қарай жылжуына сеп болары сөзсіз.
А.БІРКЕНОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!