Жұма, 29 наурыз, 13:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Жастарды тұрақты жұмыспен қамту – маңызды міндет

13.09.2022

1601 0

Әлеуметтің әлеуетін көтеру, жастарды жұмыспен қамту бағытында қандай жұмыстар жүргізіп жатқанын білу мақсатында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаеваны әңгіме тартқан едік.  

– Халықтың тұрмыс сапасын жақсар­ту – бүгінгі күннің негізгі міндеті.  Осы орай­да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік­ті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның іске асырылу барысы қалада қалай жүріп жатыр?

– Мемлекет басшысының тапсырмасының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыспен қамту. Сол себепті де тұр­ғындарды жұмыспен қамту күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған. Яғни халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – негізгі міндет.  Осы мақсатта «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлт­тық жобасы» жүйелі түрде жүзеге асуда. Себебі тұрғындардың әлеуеті жақсармай, жұмыс­сыздар саны азаймай, еліміздің алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі.

Қазіргі уақытта қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі арқылы 28 мемлекеттік қызмет, бөлімге қарасты орталықтар мен бөлімшелер арқылы 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, оның ішінде 5-уі жұмыспен қамту орталығы арқылы көрсетілуде. Атап айтсақ, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бойынша қалада көптеген жұмыс атқарылуда. Жоба аясында жұмыссыздарға жұмыс табуға мүмкіндік жасалды. Мәселен, қала бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 4 мамандық түрі бойынша 120 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланып,  бүгінгі күнге 40 адам пішуші, 40 адам тігінші, 19 адам электро-монтаждаушы мамандықтары бойынша, бар­лығы 99 адам оқуға жолданды.

«Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіз­дерін оқуға 3793 адам жолданып, оның 3004-і оқу курстарын аяқтап, 150-і мемлекеттік грант алды. Ал Ұлттық жобаның бір бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу  шара­лары арқылы жүзеге асады. Оның ішінде жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарға 2505 адам жолданып, оның 78-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 63 мекемемен келісім-шарт жасалып, 169 адам жолданды. Мерзімінен бұрын 40 адам жұмыстан шығып, 35-і тұрақты жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесін ұйымдастыру бойынша 337 мекемемен келісім-шарт жасалған. Сол арқылы 768 адамға жолдама беріліп, 23-і тұрақты жұмысқа орналасты. «Алғашқы жұмыс орнына орналастыру бойынша» 44 адам жұмысқа жол­данды. Ал «Күміс жас жобасы» аясында 17 зейнет­алды жастағы адамдарға қаражат бөлінді. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасына 5 адамға қаражат бөлінді.  Алдағы уақытта межелеген жоспардың толығымен орындалуына жұмыс жасалады.

– Жұмыссыздық мәселесі еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Қаламыздағы ахуал қандай?

– Жастарды тұрақты жұмыспен қамту – қала­мызда жүзеге асып жатқан маңызды міндеттің бірі. Мемлекет осы бағытты назарға алып, тиісті бағдарламалар ұсынды. Соның нәтижесін жұмыссыз жастар көруде. Бағдарламаның оң нәтижесі көп. Жастар жұмысқа орналасты.  Қазіргі уақытта қала бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бірқалыпты деңгейде. Биыл 10673 жаңа жұмыс орнын ашу, оның ішінде тұрақты жұмысқа 5721 адамды орналастыру жоспарланды. Бүгінгі күнге 6275 жаңа жұмыс орны ашылып, оның ішінде 2700 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

–  «Enbek. кз» сайты арқылы жұмыс ізде­гендерге жұмыс табуға мүмкіндік бар ма?

– «Enbek.Kz мемлекеттік порталының қа­зір­гі таңда жұмыс берушіге де, жұмыс іздеушіге де тиімді тұсы көп. Электронды еңбек биржасында әрбір жұмыс іздеуші азамат жеке кабинеті арқылы түйіндемесін жұмыс берушілер тара­пы­­нан жарияланған бос жұмыс орындарға ұсына алады. Әрбір азаматтың «enbek.kz» порта­лы арқылы тұрақты немесе уақытша жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік қарастырылған.

Сонымен қатар жұмыссыз ретінде мәртебе алу және міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры­ның қатысушысы болған жағдайда жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақыға портал арқылы өтініш беруге болады. Порталда жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған азаматтарға түйіндемесіне сәйкес келетін тұрақты жұмыс орындары ұялы телефондарына хабарлама арқылы ұсынылып тұрады.

– Мекемеге көбіне көпбалалы аналар баратыны белгілі. Шешімін таппаған қандай мәселе бар?

– Қазіргі таңда, қала бойынша 11622 көп­балалы анаға мемлекет тарапынан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 6141 отбасына мем­лекет­тік атаулы әлеуметтік көмек төленуде. Жыл басынан бері «Бақытты отбасы» бөлімі арқылы  2160 тұрмысы төмен, көпбалалы және мүгедек бала асыраушы аналарға демеушілер тарапынан қайырымдылық көмектер көрсетілді. Дегенмен көпбалалы аналарымыздың шешімін таппай жүрген мәселесінің бірі  – балаларының денсаулығына байланысты кезектен тыс пәтер алу және уақытша пәтерге орналастыру көп көтеріледі. Әрине, оның бәрі де қолданыстағы заңдылықтар аясында шешілетіндігі кездесу барысында түсіндірілуде.

– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жайында айтып өтсеңіз. Әлеуметтік желі­лерде көбіне осы бағытта сыни пікірлер жиі айтылып жүр. «Мерзімі өтіп кеткен тамақ, арзан өнімдер беріледі» дегендей… Бөлім тарапынан қаншалықты қадағалау жүргізіледі?

– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек негізінде отбасының табысы жан басына шаққандағы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына  аспаған жағдайда беріледі. Қазіргі таңда қала және қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде тұратын 6141 отбасына аталған көмек көрсе­тілуде. Оған қосымша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 1 және 6 жас аралығындағы балаларға кепілдік беріл­ген әлеуметтік топтама ретінде азық-түліктер беріледі.

Дегенмен әлеуметтік желіде жарияланып жата­тын жағдайлар бойынша көрсетілген талап­тар­ға сәйкес келмеуіне байланысты тексеру жүргізіліп,  қызмет көрсетуші тарапынан дер кезінде ауыс­тырылып берілді. Қазіргі кезде аталған жағдайлардың қайталанбауына бөлім тарапынан жауапты маман бекітіліп, күнделікті бақылауға алынған.

– Қайтарымсыз несие алу барысында қан­дай кәсіп бастауға көбірек көңіл бөлініп жатыр?

– Биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жас­тарға, атаулы көмек алатын аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көпбалалы отбасыларға, қандастарға, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға және мүгедектігі бар тұлғаларға беріледі. Бүгінгі күнге 221 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Басым көпшілігі тігін, кондитер, мал шаруашылығы саласын бастауға алуда.

Сонымен қатар қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары бюджет қаражатының мақсатқа сай жұмсалуына 12 айға дейін мони­торинг жүргізуде.

2020-2022 жылдар аралағындағы мемлекет­тік грант алып, мақсатсыз жұмсаған 119 азамат­қа қаражатты бюджетке кері қайтару туралы орталық тарапынан сот органдарына талап арыз беріліп, 100-і қанағаттандырылды, 8-і қанағат­тандырусыз қалдырылды, 11-і  қаралу үстінде.

– Қоғамдық жұмысқа тұрғандар алты айдан кейін қайда барады?

– Ел Үкіметінің 2021 жылғы №728 қаулысы бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкер­лікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бекітіліп, жаңа бизнес-идеяларға берілетін грант­тардың талаптарына өзгерістер енгізілді. Бұрын қоғамдық жұмысқа 6 айға жіберілсе, осы жылы қоғамдық жұмыс орны­ның субсидиялау мерзімі 12 айға ұзарды. Субси­диялау мерзімі аяқталғаннан кейін тұрақ­ты жұмыспен қамтуға ықпал жасалатын болады.

– Жастар тәжірибесі арқылы жұмыс іздеп келушілер бола ма?

–  Жастар тәжірибесіне қатысушы адамдардың жасы 29-дан аспауы тиіс және «жұмыссыз» мәртебесі болуы шарт. Сонымен қатар өз ма­мандығы бойынша соңғы үш жыл ішінде жоғары оқу орындары мен колледждердің еңбек өтілі жоқ түлектері қатыса алады. Жыл басынан бері жастар практикасына 768 жас маман жолданды. Орталыққа хабарласқан бітіруші түлектер жас­тар тәжірибесімен мамандықтарына сәйкес мекемелерге жолдануда.

– Президент Жолдауда ең төмен жалақы­ның артатынын, жастарға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін жеткізді. Бұл әлеумет­тің әлеуетін көтеруге септігін тигізе ала ма?

– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Президент Жолдауында жастарды жан-жақты қолдау басты бағыттың бірі ретінде айрықша аталды. Келесі жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдауға 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несие беру тетігі іске қосылады. Бұл жастарға жігер сыйлап, олардың кәсіби тұрғыдан дамуына беріліп тұрған үлкен мүмкіндік. Бағыт айқын. Сондықтан да осы бағытта нақты іске кірісуіміз қажет. Мәселен, қала әкімі жастарға жаңа жұмыс орындарын ашудың тетіктерін ойластыруды,  қоғамдық негізде және жастар тәжірибесі бойынша қабылдаған адамдардың тұрақты жұмыспен орнығуына жағдай жасау қажеттігін қатаң тапсырды. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асса, халықтың әлеуетін көтеруге септігін тигізері анық.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: