Сенбі, 27 сәуiр, 12:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Қазақ тілін білмегендер азаматтық ала алмайды

12.11.2022

891 0

Кез келген ұлттың, халықтың ең басты байлығы – ана тілі. Сондықтан да мемлекеттік тілді барлық салада қолданып, аясын кеңейту жолында қызмет ету әрбір қазақстандықтың алдында тұрған парызы десе де болады. Еліміз егемендігін алғанына отыз жыл толса да бүгінде тіл мәселесі тұғырдан түскен жоқ. Себебі  әлі де өз тілін менсінбей, өзге тілде шүлдірлеп қазақ тілінің қанат жаюына кедіргісін келтіріп жүргендер баршылық. 

Тіл – ұлттың жаны, рухы, өткені мен келешегі. Ұлтты ұлт етіп көрсететін өзінің мемлекеттік тілі. Сондықтан туған тілдің өрісін кеңейтетін уақыт жетті. Ол үшін үш нәрсе қажет екені белгілі. Атап айтсақ, қажеттілік, сұраныс, талап. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі жіті мән беріп келеді. Талап та  күшеюде. Осы орайда Президент:

– «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деген болатын.

Сонымен қатар Президент «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласында: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері мен кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», – деді.

Әрине, мемлекеттік тілді өркендету мәселесі бірінші кезекті ұлттық патриотизммен тығыз байланысты болуы керек. Өйткені ұлт пен тіл егіз ұғым. Қазіргі уақытта қазақ тілін білмейтіндерге талап  күшеюде. Алдағы уақытта ел заңнамасына мемлекеттік тілді білмейтіндерді азаматтық беруден бас тартуды көздейтін түзету енгізілмек. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылды.

– Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді, – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, аталған заңна­малық түзетулер Парламент депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны сала­сындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне, Үкімет қорытындысының жобасына енгізілді.

Бұл жаңалық қазақ тілінің болашағы үшін алаңдайтындарды өзіне қаратты. Халықтың көбі ұлттық тіліміздің мәртебесі артып келе жатқанына қуануда. Депутат Қазыбек Иса «Ресейде азаматтық алу үшін ғана емес, жай жұмысқа тұру үшін алдымен мемлекеттік тілді білуің керек» деген ереже бар екенін еске салды.

– Қазір геосаяси жағдайларға байланысты біздің елге басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2019 жылы «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен тарихынан емтихан тапсыруы тиістігін заңмен бекітуіміз керек» – дейді ол.

Ал тіл жанашыры, саясаткер Дос Көшім бұл тәжірибе әлемнің көптеген елінде бар екенін айтады.

– Азаматтық алатын адамдардың мемлекеттік тілден емтихан тапсыруының тәжірибесі өзге де елдерде бар. Мәселен, керек десеңіздер Ресейде уақытша жұмысқа келген, үш немесе алты айға келген гастербайтерлерден орыс тілінен емтихан тапсыруын талап етеді. Онсыз жұмыс бермейді, көше де сыпыртпайды. Сондықтан егер бұл шын жаңалық болса, әшейін хайп болып қалмаса, мен, әрине, мұны қолдаймын. Ал басқа жақтан келетін қазақ бауырлар өзінің қазақ тілін үйрене алмаған жағдайды өз басым қабылдамаймын. 30 жылдың ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, үй­ренген адам үйренді, үйренбеген адам шын мәнінде қазақ емес, әйтпесе қазақ тілін қолдамайтын адам. Ондай адам бізге керек пе? Менің ойымша, шетелдегілердің көбі (қандастардың) қазақ тілін біледі. Оларда ниет те, көңіл де, жүрек те бар. Сондықтан бұл заң оларды өзектен тебу болып саналмайды, – дейді Дос Көшім.

Сонымен қатар саясаткер бұл заң Қазақстанның өз ішіндегі орыстанған қазақтарға, осы уақытқа дейін қазақ тілін үйренбеген басқа ұлт өкілдеріне салмақ түсіретінін айтады.

Дәл қазіргі уақыт тіл мәселесіне бей-жай қарайтын кезең емес. Себебі тіл жоғалса руханиятымыз да әлсіреуі ықтимал. Сол үшін де еліміздің әрбір азаматы Отанға деген құрметі болса мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Оның қадіріне жете білгеніміз абзал. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы қазақ тілі туралы «Түркі тектес тілдердің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деп баға берген. Олай болса ұлттық тіліміздің мәртебесін арттыру бүгінгі ұрпаққа артылып отырған зор міндет. Өз елімізде өз тіліміз өгейсімеуі тиіс. Өз ұлтыңды құрмет тұту, туған тарихтан, ана тілден ажырамау – ел ертеңі жас ұрпақтың бойына сіңіретін негізгі қағидаттар екені анық.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: