Бейсенбі, 28 қараша, 12:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Жырға жасырынған жылдар сыры

12.06.2021

1728 0

– Мен қазақ қыздарына  қайран қалам,

Жанары жаны жаздай  жайраңдаған.

«Қыз өссе елдің көркі» – деген сөзді

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам, –

деп қазақ қызының бейнесін сөз­бен көркемдеген Исрайл Сапарбайдың туындысы қазақ өлеңдері ішіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі де біре­гейі. Өнбойы өнегеге  толы, сұлулық пен биязылық, батылдығы мен намысшылдығы қатар қалып­тасқан қазақ аруын асқан құр­метпен құдіретті қара өлеңге сыйғызған туынды әлі күнге дейін өз биігінен түскен емес, түспейді де. Сырға бай өлеңнің әдемі әнмен толығып, үйлесім тапқаны нұр үстіне нұр болды. Алайда осы өлеңге Рамазан Тайманның композиторлығымен жазылған әннің шығу тарихы желтоқсан оқиғасының құрбаны болған Ләззат Асанованың рухына арналғанын бірі білсе, бірі білмейді.

«1986 жылы Алматы қаласында болған желтоқсан оқиғасына қатыстым. Ол кезде студентпін және Ләззат Асановамен бір оқу тобында болдық. Алаңға бірге шық­тық. Жиналған халықтың көптігі сонша Ләззаттардан бөлініп кеттік. Артынан жатақ­ханаға жиналдық. Бізді тергеуге алды. Өзін-өзі өлімге қиярдан 1 күн бұрын Ләззат келіп «Рамазан аға, милиция келіп тыныштық берер емес. Қатыспаған қыз­дардың да аты-жөнін жазып алып, қатысты деп сыртынан қол қойып беруімді талап етуде, шаршадым, енді қайтпекпін?» – деп сұрады. Не болса да ешкімнің артынан қол қойма деп жол көрсеттім. Осылайша күн өтпестен-ақ Қыздар Педагогикалық Университеті жа­нындағы жатақханадан бір қыздың сыр­ғасы жоғалған екен. Ләззат ұрлады деген күдікпен шу да шықты. Желтоқсан оқиғасының ауырт­па­лығынан арылмаған Ләззатқа «ұры» деген атақ қатты батты. Түс ауа коридор шу боп кетті, құлақ салсам «Жатақханадан бір қыз өзін тастамақшы» – деген дауыстар. Қарасам біздің жатақханаға қарама-қарсы беттегі қыздар үйінің үстінде бір қыз төменге қарап тұрды. Мен ол кезде Ләззат екенін білмедім. Бір мұғалім мен студент жігіт құтқару үшін Ләззатқа қарай беттегені сол еді екі қолымен бетін басқан күйі төменге секірді. Күнделікті КНБ шақыртуынан әбден шаршаған Ләззат бес қабатты жатақхана үстінен құлап, жазық­сыздарды қорғау үшін өзін еріксіз өлімге қиды», – дейді композитор. 

«КНБ адамдарының алқымдағаны бар, бір жағынан ұрлықшы атануым осының барлығы мені шаршатты. Өзімнің ақ екенді­гімді дәлелдеудің, айналамдағылардың кінә­сіз екенін көрсетудің жалғыз жолы осы» – деп қағаз қалдырған Ләззат өлімінің  соты бір­неше жыл өткеннен кейін болды. Рамазан Тайманов куәлік етіп, «желтоқсан құрбаны  болу үшін  алаңда өлім құшу шарт емес, адалдықпен өлім құшқан нағыз құрбан осы ару» – деп өз пікірімен құрметін көрсетіп, сотта жеңуге бірден бір себепкер болды.

1987 жылы халықаралық Қыздар Педа­го­гикалық Университетінде Нұрлан Өнербаевпен болған кездесуде әнші «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» өлеңін  оқы­ды. Кездесу кеші біткеннен кейін Рамазан Тайманов  Нұрлан Өнербаевпен жолығып, өлеңді кім жазғанын сұрап, Ләззат Асанованың рухына арнап ән жазбақ екендігін, әнді жазуға Исрайл Сапарбайдың осы өлеңі үйлесім тауып тұрғанын айтып, осы әнді шығарғанын айтады. Ал­ғашқыда «Желтоқсан оқиғасынан кейінгі ой» деген атпен шыққан өлеңді сол кезеңде ол атымен жариялай алмағандықтан ән жазылғаннан кейін «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп өзгертілген болатын. Әннің Ләззат Асанованың рухына арналып жазылғандығы Рамазан Таймановтың  2005 жылы «Қазақстан Қызылорда» телеарна­сына берген сұхбатынан кейін мәлім бола бастаған.

Бар сыры жанарына жасырылған ақ маң­дай арудың құпиясын ән-жырмен, өлең-сөзбен ашуға тырысқан ақындарымыз бен композиторларымыға елдің берер бағасы бөлек. Өткеніміз  бен бүгінімізді сабақтас­тырып, тарихи оқиғаға орай туынды мен әуезді әуенді үйлестіріп, дәріптеген әннің шығу тарихы осындай. Өткен күннің өнегелі өсиеті  – осы.

Жәмила ЕРМАХАН
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
III курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: