Медиацияны елімізде барлық салада дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе, дау шешуде татуластыру рәсімдерінің орны бөлек. Бабалардан қалған дауды өзара бітімгершілікпен шешудің тамаша тәсілдері заманауи заңдарымызда да көрініс тапты. Осыған орай, ел соттары сотқа жүгінушелерді заң аясында татулыққа шақыруда.
Заң талабына сай, медиация тараптарың ерікті келісімімен ғана жүзеге асырылады. Халықтың дау-жанжалды реттеудегі мәдениетін көтеру мақсатын ұстанған судьялар медиацияның тиімділігін жан-жақты насихаттап, көпшілікті дауды тек сот шешеді деген көзқарастан біртіндеп арылтуда. Бүгінгі таңда әрбір азаматқа сотқа дейін, сотта татуласуға барлық жағдай жасалған. Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды.
Соттар тараптарға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі, яғни талап қою соттың іс жүргізуіне түскен күннен бастап, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тараптар дауды бейбіт жолмен реттей алады.
Дауда өзара келісімге келу екі жаққа да пайдалы. Біріншіден, уақыттан ұтады, екіншіден, қаржы үнемделеді, ең бастысы, жағымды қарым-қатынас сақталып, жүйкеге салмақ түспейді. Қазіргі күні әлемдік тәжірибеде медиация ірі бизнестен бастап, отбасылық келіспеушіліктерде, т.б. өзекті мәселелерде қолданылады.
Жоғарғы Соттың бастамасымен іске қосылған «Тауласу сотқа дейін, сотта» жобасы өзін-өзі ақтады деуге толық негіз бар. Осы жоба аясында дауларды келісім арқылы тиімді шешу мүмкіндігі жоғарылады. Мысалы, талап қоюлар тіркелген соң татуластырушы судьяға беріледі. Судья тараптарға татуластыру рәсімінің тиімділігін, сотқа дейінгі хаттама жасау, медиатор немесе өкілдерді шақыру құқығын және татуласудың салдарын түсіндіреді.
Осы тұста айтып өтерлігі, істі келісіммен бітіруде татуластырушы судья мен медиатордан бөлек, адвокаттар мен заңгерлердің де әсері басым. Сондықтан, олар да тараптарды татуластыруға өз үлестерін қосса нұр үстіне нұр болар еді.
Медиация туралы заңның аты бөлек болғанымен біздің халқымыз оны бұрыннан қолданып келеді. Олай дейтініміз, қазақ үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі саналады. Дана билеріміз, атап айтқанда, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке, тағы басқа билер дау атаулыны бітімгершілік жолымен шешіп отырған. Мұндағы мақсат, елдің бірлігін сақтау, сол арқылы халықты татулыққа үндеген. Қазіргі заңдарымызда бұл норманың жандануы мемлекетіміздің тұтастығын нығайтуда үлкен роль атқарады.
Даулы істерді азаматтар медиация, татуластыру шаралары, партисипативтік рәсім, сондай-ақ, дауды сотқа дейін реттеу хаттамасының аясында өзара келісіммен бітіре алады. Даудамайды бітімгершілікпен бітіру ең алдымен халықтың ауызбіршілігін сақтау, тараптардың уақыты мен қаржысын үнемдеу үшін керек. Бұған қоса медиация сот жүктемесін азайтады. Жүктеменің төмен- деуі қосымша ізденуге, бұқаралық ақпарат құралдарына сот саласындағы өзекті мәселелер туралы мақалалар жазуға, ең бастысы күрделі істердің сапалы қаралуына ықпал етеді.
Сотқа келушілерге дауды өзара келісіммен бітірудің ортақ пайдасы мен маңызы, сондай-ақ, оның тәсілдері, тараптардың таңдауына қарай жүзеге асырылатыны жан-жақты түсіндіріледі. Нәтижесінде өзара тиімді шарттар бойынша келісімдер жасалуда. Медиация тәртібінде ескеретін жайт, тараптардың келісімді заңды түрде жасалуында. Келісімдегі талаптар заңға қайшы келсе немесе басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсанын тигізсе, сот оны бекітпейді. Мемлекет басшысының жолдауында қажетсіз сот процедураларын қысқартуды және бизнесті қорғауды күшейтуді тапсырғаны бекер емес. Себебі, медиацияда істі бір күнде бітіруге болады, бұл іскер адамдар үшін өте пайдалы. Тараптардың бірі медиация туралы шартты орындамаған жағдайда, екінші жақ сотқа жүгініп, оны орындатуға құқылы. Кінәлі немесе кінәсіз ұғымының медиацияда қолданылмауы олардың өзара түсінісуіне жол ашады. Бітімгершілік жолының адам құқығы мен заңды мүддесін тиімді тәсілдермен қалпына келтіруді көздеуі дауласушыларды өзара ынтымақтастықта әрекет етуге талпындырады. Дау шешудің баламалы тәсілдерінің басты құндылығы да осында.
Еліміздің әрбір азаматы өркениетті түрде заңмен берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, сол арқылы қоғамдағы даукестікті азайтуға атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Салтанат Серікқызы
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!