Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 09:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қауырт тірліктегі қауіпті қызмет

25.04.2023

800 0

Биік дуалмен қоршалған бұл мекеменің сырт көрінісі мүлгігендей көрінгенімен, ішінде қайнаған қызу тірлік. Қылмыс жасап айыпталып, күдікке ілінгендерді қамауда ұстайтын Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесі (тергеу изоляторы) қаншама адамның тағдырын ішке бүгіп жатыр. Мұнда уақытша тергеудегілерден бөлек бес жылға дейінгі бірінші рет сотталғандар да қамауда отырады.

Мұндағы бір күндік жұмыс барысымен танысу мақсатында мекемеге барғанды жөн көрдік. Биік ғимарат ішіндегі белгісіздік қызықтырып келеді. Ал оны білу үшін кіре берістегі фронт-офистен өтіп, рұқсат алуың қажет. Мекеме қызметкерлерінен бастап, мұнда келуші әрбір адам осы аймақтан толықтай тексерістен өтеді. Бас-аяғына дейін мұқият тексерген соң ғана ішке кіруге рұқсат беріледі. Тәртіп солай. Таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін келіп-кетушілерді тексеріп, тінтіп өткізетін «Режим және күзет» бөлімі қызметкерлерінің жұмысына қарап мекемедегі қауырт тірлікті бағамдай беруге болады.

Мекеме міндеті

Басшылықтың рұқсатымен «Режим және күзет» бөлімінің тінтіп тексеруінен соң мекеме бастығы Қайырбек Ілиясовпен жолықтық. Жолықтық деген жай сөз-ау, ол кісімен жүздесу үшін күтуге тура келді. Себебі мекеме жұмысы кезек күттірмейді.

– Бұл мекемеде негізінен уақытша тергеудегілер мен сотталғандар қамауда болады. Күнделікті жұмыс барысы мекеменің жеке құрамына, басшылық құрамға күн тәртібіне сәйкес қылмыскерлермен жұмыс барысында сақтық шарасын сақтауы, қауіпсіздікті қадағалауы бойынша нұсқаулық беріледі. Әрқайсысы өзіне жүктелген міндеті бойынша тиісті тапсырмасын алады, – дейді жұмыс барысын таныстырған мекеме басшысы.

Өмірде шалыс басып, қателікке ұрынуың әп-сәтте. Мұндайда қолыңмен жасағанды мойынмен көтеріп, жазаңды өтеуге тура келеді. Қылмыс жасады деп күдікке іліккені де, қайта қылмыс жасағаны да, мұндай жағдайға абайсызда тап болғаны да, тіпті жасөспірім, жүкті әйелдер де құқық бұзса алдымен осында қамалады. Олардың ісі тергеліп, қылмысы анықталып, сот шешімі шыққанша мұндағы қызметкерлердің бақылауында болады. Оларды «Жедел», «Режим және күзет» бөлімдері мен психолог қадағалайды.

– Біздің басты міндетіміз – мұнда түскендерге психологиялық, медициналық көмек беру, заң­ды өкілдерімен (тергеуші, қорғаушы) кездесу ұйымдастыру. Оқыс жағдайдың орын алмауын қадағалау,  болдырмау. Сондай-ақ қажетті төсек-орын жабдығы, гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, ас-ауқатын беру, отбасы, туыс­тарының сәлем-сауқатын жеткізу. Сот үкімі шық­қанға дейінгі осындай қызмет көрсетіледі. Сот үкімінен кейін бақылаушылар қылмыскерлерді тиісті мекемелерге жеткізеді, – дейді Қайырбек Есентайұлы.

Талайдың тағдыры шешілетін бұл мекемені екі жылдан бері Қайырбек Ілиясов басқарып келеді. Сөзден гөрі іске жақын басшы бұл салада 2003 жылдан бері еңбек етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын бақылаушы қызметінен бастаған ол түрлі сатыдан өтіп бүгінде жүгі ауыр міндетті жауапкершілікпен атқаруда. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлын үлгі тұтатын Қайырбек Есентайұлы батырдың әрбір өсиетін өнеге тұтады. Елге қызмет жолында адал болғанды жөн санайды. Бұл мекеме қызметкерлерінің де ауызбіршілігі жоғары. Үнемі ұйымшылдықпен қайырымдылық шарасын өткізіп, жұмыстан тыс уақытта өздерінің шығармашылықтарын шыңдап, өлке тарихымен танысып, тәлім-тәрбиелік бағыттағы шараларға белсене араласады. Қамаудағылармен жұмыс істеу оңай емес, сондықтан оларға бір сәт ой бөліп, демалғанын жөн санайды.

Мекеменің материалдық-техникалық базасында мәселе жоқ. Бейнекамералар орнатылған. Ал сыбайлас жемқорлық жағдайын болдырмас үшін қызметкерлердің кеудесіне бейнетіркегіш жапсырылған. Бұл құрылғы өз кезегінде аудио және бейнежазба жүргізіп, сотталғандар мен тергеу қамауындағылардың тарапынан болатын құқық бұзушылықты анықтауға, дәлелдеуге және жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға септігін тигізеді екен.  

Сотталғандарды қайта бейімдеу 

Жоғарыда №68 мемлекеттік мекемесінде бірінші рет 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылғандар қамауда болатынын айтқанбыз. Олар мұндағы шаруашылық бөліміне жіберіледі. Бұл санаттағылар қылмыстың жеңіл түрін жасаған, алдағы уақытта қылмыс жасамауға ниеттілер. Сотталғандарға арналған 20 орындық бөлімде қазір 17 азамат бар. Олар күнделікті мекеме аумағында тазалық жұмыстарын жүргізу, әктеу, сырлау, дәнекерлеу, көгалдандыру сынды еңбек түрімен айналысады. Тіпті асханада бас аспазға ас пісіруге көмектеседі.  Ал мекеме асханасы күніне 200 адамды тамақпен қамтамасыз етеді. Бұл еңбектері үшін оларға жалақы төленеді. Шамамен 80 мыңнан асатын айлық жалақының белгілі бір бөлігі сотталғандардың отбасына беріледі екен. Сондай-ақ бос уақыттарында ән айтып, кітап оқып, гүл өсірумен де айналысады. Тазалық сақтауда өздері жатын орындарын жинастырып, киімдерін үтіктеп, аптасына бір рет моншаға да түседі.

Мұнда сотталғандармен ұдайы тәрбие жұмысы жүргізіледі. Психологтар арнайы тренинг өткізіп, олардың ойын, көзқарасын танып, ішкі күйін анықтайды.

– Жасыратыны жоқ, мұнда алғаш келгенде кез келген айыпталушы да, күдікті де, сотталушы да психологиялық күйзеліске түседі. Үкім алдындағы үрей, сотталған соң ол жақтағы ахуал қандай болады деген өзі үшін, өмірі үшін қорқыныш пайда болады. Осындай кезде оларға түрлі профилактикалық және  психокоррекциялық жаттығулар жүргіземіз. Түрлі әдіс-тәсілмен ішкі эмоцияларын шығарып, жеңілдеулеріне түрлі көмек көрсетеміз. Жыл басынан бері осы бағытта 13 іс-шара өткіздім, – дейді әділет капитаны, психолог Айзат Мырзалы.

Сотталушылардың бұдан бөлек бір уақыт кітапханаға барып кітап оқуына да мүмкіндік қарастырылған. Олардың арасында поэзияға жақын, өлең жазатын азаматтар да бар. Бұл да сотталушылардың қоғамға қайта бейімделуі, көзқарасын өзгертуі, танымын кеңейту үшін жасалады.

Тәрбие жұмыстары жат ағымның жетегінде кеткен жандарға жүргізіледі. Ол үшін мұндағы теолог мамандар діни экстремизм мен радикализм ұстанымындағы жазасын өтеушілердің мінез-құлқын, ойын өзгерту үшін жұмыс істейді.

Денсаулық – басты назарда

Қамауға түскендердің денсаулығы ұдайы бақылауда болады. Бұған мекемедегі медицина қызметкерлері жауапты. Алдымен оларды флюграфиялық, АИТВ тексеруден өткізіп, дене жарақаттарының бар-жоғын анықтайды. Сотталғандар мен айыпталу­шылар арасында қандай да бір ауру барын анықтау және уақытылы диагноз қою мақсатында терапевт, стомотолог, хирург, уролог және  дерматолог сынды маман шақырып, тиісті ем шараларын жүргізеді. Денсаулығында кінәраты бар қамаудағылар облыстық көпбейінді меди­циналық орталығы мен қалалық ауруханадан ем қабылдай алады. Ол үшін арнайы 14 орындық екі бөлме белгіленген.

Қажеттілік қадағаланады

Мұнда келіп түскендерге керекті жабдықтар мен мекеме қызметкерлерінің де қажеттіліктерін қамтамасыз етуде «Тылмен қамтамасыз ету» бөлімі жұмыс істейді.

– Азық-түліктен бастап, төсек жабдығы, киім-кешек, гигиеналық заттар, қызметкерлерге қажет канцелярлық тауар­лармен қаматамасыз етеміз. Мұның барлығын мемлекеттік сатып алу тәртібімен жүргіземіз. Мәселен, азық-түлік өнімдерінің 62 түрін алдырамыз. Қамаудағылардың денсаулық жағдайына байланысты арнайы ас мәзірі белгіленген. Сондай-ақ бала емізетін, аяғы ауыр әйелдер де бар. Оларға да талапқа сай арнайы ас әзірленеді. Осының бәрінің жеткілікті деңгейде болуы осы бөлімнің міндеті, – дейді мекеме бастығының жалпы сұрақтар жөніндегі орынбасары, әділет майоры Руслан Тілеумұратов.

Қырағы болмасаң айласын асырады

Қызметкерлерден қырағылықты талап ететін бұл бөлім «Сәлем-сауқат» деп аталады. Мұндағы қызметкерлер таңғы 8.30-дан бастап қамаудағылардың жақындарынан сәлемдеме қабылдайды. Жай қабылдап қоймай, келген барлық затқа тінту жүргізеді. Олай етпеске бола ма? Түрлі айла-шарғымен ішке кіргізуге тыйым салынған заттар салып жіберген жағдайлар кездескен екен. Бір қарағанда, оғаш ештеңе байқалмаса да тексеріс кезінде небір жайтқа куә боласың.

– Қамаудағыларға тамақпен бірге өзге де қажетті заттар келеді ғой. Оның ішінде рұқсат етілмейтіні бар. Кейде тыйым салынған заттарды тамақтың ішіне салып әкеледі. Әкелген сусыны жай сусын емес, алкоголь екені де анықталған жайттар кездеседі. Сәлемдемемен келген барлық зат жіті тексеруден өтеді. Мысалы, кәмпит әкелсе қанша кәмпит бар соның бәрі ашып тексеріледі. Ол үшін арнайы құрылғылар бар. Кейбір жақындары мұны білмей осындай тәсілге барады. Бірақ соңында анықталады. Мұндайда алдымен ескерту берілсе, қайталанған жағдайда айыппұл салынады. Бұған көнбесе 2 айға қамауға алынады, – дейді әділет сержанты Балғазы Қасымбеков.

Р.S: Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесінің күнделікті жұмыс барысы мен тәртібі осындай. Бұл біз байқаған бір сәт қана. Ал мұндағы тірлік сәт сайын қызу қайнап жатады. Сырттай құпия көрінген қызметтің ішкі тынысымен танысып, қамаудағылардың қиын тағдырын, күйзелісін сезгендей болдық. Қамаудағылардың бірінің өмірі өкінішке айналса, енді біріне бұл қалыпты әдетке айналғандай. Десе де бәрінің арманы – бостандыққа шығу.

Біз барған сәтте бір сотталушы бостандыққа шығып жатты. Әкесін қарсы алуға келген қыздарының қуанышында шек жоқ. Әке мен бала қайта ажырамасын,  үлкендер ағаттық жасап, кесірі ұрпағына тимесе екен деп тіледік.  Еңсені басқан ауырлықты осы бір сәт сейілткендей болды.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: