Қоғамда заңға құрмет пен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың қауіпсіз әрі бейбіт өмір сүруінің басты кепілі.
Бұл бағыттағы жұмыстар тек құқықтық түсіндірумен ғана шектелмей, азаматтарды қоғамдық өмірге тарту, олардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау арқылы да жүзеге асады. Әсіресе пробация есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететін тәрбиелік іс-шаралардың маңызы зор.Осы мақсатта «Заң мен тәртіп – өмірлік ұстаным» тақырыбы аясында Қызылорда қаласындағы И. Ильин атындағы спорт алаңында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Іс-шараны Қызылорда қаласының пробация қызметі, Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі және Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы бірлесіп өткізді.
Жарыстың ашылу салтанатында Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы директорының орынбасары О. Әділ сөз сөйледі.
– Мұндай спорттық шаралар азаматтарды салауатты өмір салтына баулуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, достық пен өзара сыйластықты нығайтуға және олардың қоғамға сәтті бейімделуіне оң ықпал етеді. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, әділ әрі тартысты ойын көрсетуге шақырамын, – деді ол
Шара қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталғандар мен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жауапкершілік сезімін арттыру және қоғамдық ортаға бейімделуін қолдау мақсатында өткізілді. Жарысқа бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация есебінде тұрған барлығы 25 азамат қатысып, өзара тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Алғабас» командасы иеленсе, ІІ орынға «Сұңқар» командасы тұрақтады. Ал ІІІ орынды «Чемпион» командасы жеңіп алды. Сонымен қатар ойын барысында ерекше шеберлігімен көзге түскен қатысушылар «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ойыншы» номинацияларымен марапатталып, дипломдар мен медальдарға ие болды.
Спорт – адамды тәртіпке, жауапкершілікке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейтін маңызды құрал. Азаматтардың жаңа өмірге деген сенімін нығайтып, олардың қоғамдағы өз орнын табуына мүмкіндік береді. Салауатты өмір салтын насихаттауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!