Батыр әкеге қарап бой түзеген ұлдың босбелбеу болуы мүмкін емес. Әке тұлғасының тағылымы тұла бойына тұнған Диас Төрахмет те таңдауына берік. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесіне қызметке келгеніне небәрі жеті ай болса да, жас маманға тән жігері арқылы істе ілгері екенін байқатып жүр.
Тәулік бойы тәуекелге толы жолда табандылық таныту кез келгеннің қолынан келмейді. Мереке күндері тіпті үдей түсетін қызметте үй бетін көрмей, міндет жүгін арқалайтын сәттер аз емес. Бұл тұста, әділет кіші сержанты Диас Маханбетқалиұлы қызметтің қалыпты ырғағын бұзбай, сенім үдесінен шығуға ынталы.
– Әкем – Ауған соғысының ардагері, бас танкист болған. Жанкештілігі мен жауапкершілігі маған үлгі. Өкініштісі сол, әкем өмірден өтіп, форма киіп, қызмет жолына түскенімді көре алмады. Бірақ, мен үшін оның сенімі мен аманаты әрдайым биік, – дейді ол.
Қазіргі таңда қалтафонның шығармашылықтың шағын шеберханасына айналғаны рас. Бейнетүсірілім жасауға бейім Диас Төрахмет тың идеядан да кенде емес. Таспа тілімен тарих қаттағанды ұнататын оның басты мұраты – өз саласының үздігіне айналу. Таңдайға түскен тәтті тілек маңдайға сәтті жазылса дейміз.
З.Қонысжан,
№68 мекемесінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
