Сенбі, 20 сәуiр, 16:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Ағайынды жыраулар

27.07.2021

1481 0

«Киікшіден шыққан қос жүйрік

Сүйкімбай менен Сүйіндік…

Ән менен сөзін ажарлар»,– деп, Сыр сүлейі Омар шайыр Шораяқұлы жырлағандай, ағайынды жыраулар Сүйкімбай мен Сүйіндік Қожагелді ұлдары туралы мәліметтер тарих беттерінде өте аз.

Кейінгі зерттеулер бойынша кешегі аумалы-төкпелі замандарда қоныс аударып, басқа елге қоныс­танып, ұрпағы сол шет жерде өсіп-өнген. Шамамен 1840 жылдары шамасында Сыр бойы, Қармақшы аймағы, Қуаңдария өзегінің жай­сын жайлау Ақтайлақ деген жер­де дүниеге келген қос жырау кейін Түрікменстан, Қарақалпақ, Өзбек елдеріне қоныс аударып, жыраулығымен қалың жұртқа танылған.

Атақты Сыр сүлейлерінің бірі Балқы Базармен ағайын-жекжат, өнердегі өресі қатар дос болып араласқан көрінеді. Бірге жүріп, бірге тұрып елдегі жиын-тойларды бірге атқарған сыңайлы. Бір-бірінің қадірін біліп, өнерлерін мойындаған қос жырау бірде үлкен жиында алқалы топтың ішінен араларына ши жүгірткен араздастырушылардың сынына куә болады.

Жыр үзілісінде үйде қалған Сүйкім­бай­дан: «Базар қандай жы­рау, осы?» – деген сұраққа Сүйкімбай: «Ба­зардың сөзінің сал­­мағы қорғасындай, біздің се­рік еткеніміз әншілік қой» – деп марапаттаған екен. Келесі кезекте Базардан: Сүйкімбай қандай жырау? – деген сұрағына Базар:

– Ой пәлі, оның мақамы сазы нашар сөздің өзін аспандататын, өзі қалай сұлу болса, әндері одан да сұлу, біздікі тек сөз ғой! – деп марапаттаған екен.

Осы әңгіме екеуінің достыққа адал әрі ұлт өнеріне шынайы қызмет етіп жүргендігін білдірсе керек. Базардың, Шегебайдың, т.б. ақын-жырауларының жырын насихаттаған ағайындылардың өне­рін Тұрмағамбет шайыр былай ма­дақтаған:

Сүйкімбай менен Сүйіндік,

Сүйекті суша білмейтін,

Өткір найза секілді…

Бұл шумақтан біз қос жыраудың орындаушылық шеберлігінің биік деңгейін байқаймыз. Сүйкімбай жыраудың Сердалы (1896-1974), Сүйінішәлі, Бағдагүл (1903-1999) атты балалары болған. Сердалысынан Алпысбай атты баласы қазір Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында тұрады екен. Сүйінішәлі өткен ғасырдың 1932-1933 жылдарындағы ашаршылық кезінде жоғалып кеткен. Ал қызы Бағдагүл әке жолын қуып, Сыр еліне әнші-жырау болып танылды. Бағдагүлдің өнерін бағалаған, оны білген, көрген, тыңдаған белгілі шайыр Әлиакпар Жұматаев төмендегідей жыр жолдары арқылы мерейін асырады.

Сүйкімбай қызы Бағдагүл,

Сайраған бақта ол бұл-бұл.

Ән ырғағы тасқындар,

Аққандай таудан асау Ніл, – деп, бұл-бұл өнерпаздың шынайы бағасын береді. Ал Сүйіндік жы­раудың Ақсобық, Балсобық атты екі қызы болған.

Ұлы Жақсылық келіні Тәттігүл, Әбдірахман, Кеңес, Әбдіқадыр, Мафура, Кәрімбек, Кәрібай Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңажол ауылында тұ­рады. Балалары Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Балсобықтың да балалары Қар­мақшы ауданында тұрады. Киік­шінің қос пырағы Сүйкімбай мен Сүйіндік жыраулар Бұхара облысының Қызылқұмында 1915-1920 жылдар шамасында өмірден өтіп, сонда жерленген.

Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы құрастырып шығарған «Қайталанбас дауыстар» музыка­лық антологиясына белгілі жырау, шежіреші, жергілікті тарихтың біл­гірі, марқұм Үбісұлтан Аяповтың (1889-1973 ж ж) орындауында Сүйкімбай мен Сүйіндік Қожакелді ұлдарының әндері енген. Қос жыраудың ғажап үнге ие болғандары сонша, дауысын есті­гендер сиқырлы саздың әсерінен шыға алмай, ерекше әсер алады екен.

Бүгінде Сүйкімбай мен Сүйіндік­тің тікелей ұрпақтары – Сыр өңіріне танымал жыршы Жұмабек Аққұлов пен Берік Саймағанбетовтер. Олар ата жолын қуып, Сыр сүлейлерінің ізін жалғап жүрген өнер иелері.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: