Сәрсенбі, 24 сәуiр, 14:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Көкжиегіңді кеңейткің келсе, тіл үйрен, бірақ ана тіліңді бәрінен биік қой

13.09.2022

1446 0

«Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте».

Бұл – Қадыр Мырза Әлінің сөзі. Тіл – мәңгілік тақырып. Ол адам­зат баласына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Тілді көздің қарашы­ғындай сақтай білу баршамыздың борышымыз әрі азаматтық міндетіміз һәм өмірлік қағидамыз болуы тиіс.

Тарихтан тін тарқатсақ, хакім Абай жиырма бесінші қара сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайда­сына ортақ болуға тілін, оқуын, ғы­лымын білмек керек. Оның себебі – олар дүниенің тілін білді. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кі­реді. Орыстың ғылымы, өнері – дү­ниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі», – деп баға беріпті. Расымен, жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл. Одан ұтпасаң, ұтылмайтының хақ.

Осы орайда тіл мамандарының да пікірін білгенді жөн көрдік. Белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Османмен хабарласып, тіл туралы ойын білген едік.

Егер адам өзге тілді білетін болса,

ол рухани бай адам

– Тіл – ұлттың жаны. Ұлтты ұлт етіп сақтайтын тілі. Тіл ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсын­ұлы. Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадір­лемеген адамды зиялы деуге болмас. Сол себепті еліміз дамып, мемлекетіміз өркендесін десек, әуелі ұлтты ұйымдастырудың құра­лы болып отырған қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз керек. Егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Қазақты қазақ ететін – тілі. Сондықтан тілді бірінші орынға қоюымыз керек. Өйткені қазақ тілі Қазақстаннан басқа жерде қолданылмайды, өз­ге­ге керек те емес. Қазақ тілінің абыройы артуы үшін тілге ең алдымен қажеттілік керек, және қазақ тілін үйренуді дұрыс талап етуіміз керек. «Неге біз талап қоймаймыз? Мыса­лы, қызметке аларда орыс тілі мен шет тілін сұраймыз. Бірақ қазақ тілін емес. Тілдің қажеттілігі сұраныс болуы керек, талап ету керек. Содан кейін орта қалыптастыруымыз қажет. Тілді өмір­дің барлық саласында қолдану керек. Сәкен Сейфуллин: «Тіл ауыз ішінде, оны шығаратын кез келді» деп айтып кеткен. Бұл таңдайда тұрған ет тілді айтып тұрған жоқ. Адамдар арасындағы қарым-қатынас тілін шығаратын кез келгенін әу баста ескерткен. Тіл десе күйініп кетемін. Қазақ тілі VІІ ғасырда алып арабқа да, ХІІІ ғасырда тегеурінді моңғолға да, ХІХ-ХХ ғасырда ормандай орысқа да төтеп беріп, өзін сақтай білген. Қазақ тілі құрып кетеді деп қорықпаймын, соңғы қазақ өлгенше өмір сүреді. Бірақ қазақ тілі өз топырағында, өз елінде мемлекеттік тіл болғаннан кейін, мемлекеттік дәрежеде өз тұғырында қонуы керек. Мен үнемі айтамын: тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, ұлттың бүгінін ертеңіне сабақтастыратын көкейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Ана тілін білмеген қыз бала ана болып жарытпайды. Не деген философия?! Қазіргі қыздар бала тілі шыққаннан басқа тілді үйретіп әлек болады. Содан кейін тілді біліп қана қою аздық етеді. Оны түсіну керек. Түсіну де аз, қабылдауымыз керек. Қабылдау да аз орындауымыз керек. Сол кезде ғана толық адам боламыз, – дейді тіл жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.

Ана тілі деген не?

Тілді құрметтеудің әліппесі от­басынан бастау алуы қажет. Сонда ғана оның өресі биік, өрісі кең болмақ. Әр азамат қоғамда өз ана тілінде сөйлейтін болса туған тілге деген құрметі арта түспесе кемімейтіні анық. Жасыратыны жоқ, ел болашағы саналатын жастардың тіл үйренуге деген талпынысы көңіл қуантады. Шынымен, өзге тілде сөйлей білу өз өреңнің танымы қаншалықты екенін көрсетеді. Бұл туралы белгілі ғалым филология ғылымының кандидаты Аман Абасилов былай дейді:

– Ана тілі деген не? Ол қандай тіл? Адамның сөйлеп жүрген тілі сол адамның этносымен сәйкес келе ме, биологиялық тұрғыдан байланыса ма,  әлде ол адамның әлеуметтенуі арқылы өзі таңдап алған тілі ме? Бұл – сұрағы көп күрделі мәселе. Егер менің ұлтым қазақ, әкем қазақ, шешем қазақ болса, менің де «ана тілім» қазақ тілі ғой. Дәл сондай ұлты орыс, әке-шешесі орыс адамның да «родной язык» дейтіні орыс тілі ме? Ал ол адамның әкесі қазақ, шешесі орыс болса, оның «ана тілі» не «родной язык» дегені қай тіл болады. Осыған ұқсас жағдай, керісінше, әкесі орыс, ал шешесі қазақ болса не болады? Осындай аралас некеден туған балалар ана тілін өздері таңдай ма, әлде ата-анасы таң­дай ма? Енді тағы бір жағдайда ол өзінің қай ұлтқа не этносқа жататынын білмесе оның ана тілі қай тіл болады? Осы сұрақтарға жалпылама жауап берсек, адам өз ана тілін өзі таңдайды, сондықтан дүниеде ана тілін білмейтін адам  болмайды. Сон­дықтан энциклопедиялық сөздікте ана тілі дегеніміз – ересектерден үйренген тіл (А.Ахматова) деп анықтама береді. Ал ана тілі деп таңдаған тілінен кейінгі өмірде қарым-қаты­наста қолданатын басқа тілдері Т2,Т3,Т4 деп қолданылу жиілігімен санамаланып кете береді. Бұл жалпы адамилық тұрғыдан қарағанда дұ­рыс. Бірақ жеке ұлттық тұрғыдан қарастырсақ, ол сәл басқашалау болады. Мысалы, біз ана тіл деп әке қанымен, ана сүтімен бойымызға дарыған, ұлттың сан ғасырлық тәжі­рибесін бойына жинақтаған, сақтаған қазақ тілін атаймыз.  Ана тілі – ата мұра. Оған дау жоқ. Бірақ сол қазақтың ішінде өз ұлтының тілін ана тілім деп санамайтын да адамдар бар. Ана тілім  – қазақ тілі деп айтқанымен, сол тілде бір ауыз білмеймін, айта алмайтын қазақтар да бар. Олар үшін қазақ тілі Т2, тіпті Т3 болуы да мүмкін. Олар ана тілім деп өзге тілді, біздің жағдайымызда орыс тілін атауы да, атамауы да мүмкін. Олар ғылым тілінде айтсақ – маргиналдар, қазақша айтсақ – мәңгүрттер деп аталады. Олар аралықта қалып қойғандар, оларда ешқандай қасиет жоқ. Сондықтан біз үшін «ана тілі» деген қасиетті ұғым. Ана тілі дегені­міз – күллі тіл атаулыдан ішкі құрылыс ерекшелігі­мен дараланатын, белгілі бір халықпен нақты кеңістік­те тарихта бірге жасап, оның төл мәдениетін ұрпақ­тан ұрпаққа үздіксіз ұластырушы, сол халық адамдарына түгелдей және жан-жақты қызмет ететін ұлтішілік қатынас құралы (Б.Хасанұлы). Осы тұрғыдан алсақ, басқа ұлттар өз тілдерін «родной язык», «сүт тілі», «этнос тілі» десе, біз ғана өз ұлтымыздың тілін «Ана тілі» деп атаймыз. Өйткені біздің ана тіліміз – қазақ тілі ғана ұлтты ұйымдастырып басын қосатын, оның  дамуына, өркендеуіне қуат беретін бірден-бір құрал, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Мәделханұлы.

Тіл үйренуге

талпыныс жоғары

Халық ғасырлар бойғы асыл мұра­ларын ұр­пақтан-ұрпаққа ана тілі арқылы табыстады. Тілді жетік білмей, мәдениетті меңгеру әсте мүм­кін емес. Қазіргідей жаһандану заманында жаңартылған бағдарлама талабына орай көп тілді меңгеру уақыт талабы екені айтылуда. Төл тіліңмен қатар өзге тілге де таяздық танытпау маңызды. Тіл бар жерде тәрбие де, дәстүр де болмақ. Қорқыттың қобызына, Дәулеткерейдің домбыра­сына үн қосқан тілдің тұғыры қашанда биік.

Қазіргі таңда өңірлерде тілдерді оқыту орта­лықтары жұмыс істейді. Ондағы мақсат қандай? Нәтиже бар ма? Бұл туралы облыстық тілдерді оқыту орталығы мамандарынан сұрап білдік.

– Қоғамдық даму басқармасы жанынан құрыл­ған «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орта­лығы» мекемесінде қазақ тілі, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйым­дастырылуда. Курс ересектерге, яғни мемлекеттік қыз­метшілерге, ерікті қала тұр­ғын­дары мен кәсіпкерлерге, этнос жастарға жүргізіледі. 2021 жылы орталық тарапынан ұйым­дастырылған «Қазақ тілді кәсіпкер» курсына қа­ла­мыздағы этнос өкілдерінің жас кәсіпкерлері қатысты.  Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының қызметкерлері тұрақты түрде тіл үйреніп келеді. Сонымен қатар «ҚазГерМұнай» мекемесінің қыз­меткерлері де мемлекеттік және ағылшын тілі курстарына қаты­сып жүргенін айта кету керек. №5547 әскери бөлімі, Қызылорда облыстық полиция департаменті және өрт сөндіру мекемесіндегі этнос өкілдері орталық арқылы ұйымдастырылатын «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының тұрақты қатысушылары. Қазіргі таң­да шекара қызметінің өзге этнос өкілдері А2 базалық деңгейі бойынша курстан өтіп жатыр. Көп тіл білгеннің пайдасы орасан. Елдің жарқын болашағы жан-жақты білімді ұр­пақтың қолында. Осы орталыққа келіп, тіл үйренуге деген талпыныс жоғары, – дейді облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Жаныгүл Ерекешова.

Р.S. Әр адам ана тілі арқылы халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, тарихын танып өседі. Тіл қылдан нәзік, қылыштан өткір келеді. «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ! – деген ақын Расул Ғамзатов тіл мен ұлт тағдырына қатысты әсерлі ойды айқын жеткізеді. Тіл мен ұлт біте қайнасып жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – көкжиегіңді кеңейткің келсе, тіл үйрен, бірақ ана тіліңді бәрінен биік қой.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: