Көпшілік қатаң қызметте жүрген адамды қатал деп елестетеді, бәлкім?! Бірақ, орамды ойымен он орап, сұлу сөзден өрнек өретін таланттар да жоқ емес. Әдетте, ішкі дертін інжуге, мұңын маржанға айналдырып, шаттығын шабытпен төкпелейтін арқалы ақындардың өнеріне қанықпыз. Ал, бұл жолы жауапты қызметтегі жырқұмар Нүркен Шынберген жайында тарқатсақ дейміз. Оның ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесіне жұмысқа орналасқанына екі жылдың жүзі болған. Бүгінде ол режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет кіші сержанты.
Қызметте жауапкершілікті жоғары қоятын Нүркеннің шығармашылыққа да көзқарасы шынайы. Ақындыққа таласпайды, тек жүректе бұққан сезім бұлқынысын өзінше суреттейді. 13-14 жасынан өлең жаза бастап, лирикалық бағытқа басымдық берген. Кейде қызмет барысында күзет мұнарасында тұрып та, қойын дәптерінде қонақтайтын ойы көп. Қаламымен қоғамның тамырын дөп басып, намысын қайраған жазушы Шерхан Мұртаза мен ақын Мұхтар Шахановтың шығармаларынан рухани нәр алады екен. Демек, Нүркен Шынберген қауырт тірлікте де руханияттан қол үзбейді деген сөз.
– Мен өзімді ақынмын деп атамаймын. Дегенмен өлең мен сөз әлеміне бейжай қарамайтыным рас. Қызмет – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін орта. Күнделікті қарбалас, міндет пен талап адамды кейде шаршатып та жібереді. Осындай сәттерде поэзия маған ерекше тыныс береді. Өлең оқу, жазу – мен үшін демалыс. Ол миды тыныштандырып қана қоймай, ойды жинақтауға көмектеседі. Бір сәтке күнделікті күйбеңнен алыстатып, ішкі әлемді реттейді, – дейді ол.
З.Қонысжан,
№68 мекемесінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
