Қызылорда облысы тырысқақ ауруынан эпидемиялық қауіптілік бойынша І топтағы аумаққа жатады.
Жыл сайын облыс бойынша тырысық ауруының алдын алуда арнайы бақылау нүктелері белгіленіп, ауыз су көздерінен су сынамалары алынып, зерттеліп отырады. Аурудың алдын алу іс шаралары ретінде эпидемиологиялық көрсетілімдерге сәйкес жедел ішек ауруларымен ауырған науқастар, арнайы тәртіптік мекемелерге, әлеуметтік оңалдандыру мекемелеріне түскен, шетелден келген адамдарды тырысқаққа тексеру жүргізіледі. Облыс көлемінде тырысқақ ауруының соңғы жағдайы 2005 жылы Қызылорда қаласынан тіркелген.
Тырысқақ ауруы – гастроэнтеритпен немесе энтеритпен, жалпы интоксикациямен, су-тұз алмасуының бұзылыстарымен, организмнің сусызданып, жүрек қан-тамырлар қызметінің қарқынды төмендеуімен сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Басқа жедел ішек ауруларынан айырмашылығы ауру ағымының ауырлығымен, өлім қаупінің жоғары болуымен, қысқа мерзім ішінде кең аймақтағы тұрғындардың үлкен континентін залалдау қасиетімен ерекшеленеді.
Инфекция көзіне ауру адам және сау вибриотасымалдаушы жатады. Залалдану механизмі су, тамақ және тұрмыстық катынас жолдарымен тарайды.
Тырысқақ бактериялары ас қорыту органдарына түсе салысымен сұйық, ауырсындырмайтын, жиі іш өтуге әкелетін токсин бөледі. Ал жалпы улану тоқтаусыз құсуға әкеледі. Адам өзінен көп көлемде сұйықтық шығара бастайды, нәтижесінде ағза сусызданып, адам өліп кетуі де мүмкін. Қанның қоюлануы, қантамырлар бойымен баяу қозғалуы зат алмасуының клеткалық деңгейдегі бұзылыстарына әкеледі. Миокардтың жиырылу қызметі, ми және бүйрек қызметтері бұзылады. Тырысқақтың жасырын мерзімі қысқа – бір күннен бес күнге дейін.
Қазіргі таңда жаз мезгілінде демалыстар маусымының басталуына байланысты алыс-жақын шет елдерге саяхаттағанда гигиена мен жеке қауіпсіздіктің мына ережелерін орындай отырып, сақтану қажет:
– қолыңызды мұқият жуыңыз, әсіресе, тамақ дайындар және тамақтанар алдында.
– тек қайнатылған суды ішіңіз. Ыстық шай не кофе, газдалған су немесе алкогольсіз сусындар және бөтелкедегі не пакеттегі жеміс шырындары сияқты сусындар әдетте қауіпсіз саналады.
– егер қауіпсіз судан жасалғанына күмәніңіз болса, мұзды пайдаланудан бас тартыңыз.
– термикалық өңдеуден мұқият өткізілген өнімдерді пайдаланыңыз (қайнатылған, пісірілген/қуырылған, ыстық сумен жуылған (жеміс, көкөніс) немесе қабығынан аршылған, т.б.). Шикі теңіз өнімдерін пайдаланбаңыз.
– алдын ала дайындалған тамақты жақсылап ысытыңыз.
– пастерленбеген сүтті ішер алдында, оны қайнатыңыз.
– егер сізде диарея болса, әсіресе, ауыр түрі немесе жиі құссаңыз, шұғыл арада медициналық көмекке жүгініңіз. Өзін-өзі емдеумен айналысу аурудың асқынуына алып келеді.
Ә. Әбдіқайымова,
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
