Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Ұлыс» сөзін қашан ақтап аламыз?

30.03.2021

1510 0

Қазақтың біраз байырғы сөзі қазіргі сөз қолданысымызға дұрыс енбей, тіпті шеттетіліп, тарихи әділетсіздікті бастан кешіп отырған жайы бар. Әрине, халқымыз «жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дейді. Бірақ қазақы сөздің басын жарып, көзін шығарып жатқан мына заманда қайсыбір жүйесіз сөздің иесін таба алмай қиналамыз. Сірә, кеңес тұсындағы көп жүйесіз сөзіміздің иесіқұлдық сана һәм құрғақ еліктеу секілді «балалық ауру» болса керек. Әсіреқызыл мен сауатсыз аударудың құрбаны боп кете барған қазақтың бір сөзі –  ҰЛЫС.

Арғы тегі түрік-моңғол дәуірі­не барып тірелетін, алаш – Алаш, қа­зақ – Қазақ болғалы бері мемлекетшіл­дік пен елдіктің жинақы мағынасын берген осы тарихи сөздің қадірін білеміз бе?! Жоқ, білмейміз! Білмейтіндігіміз­ге бірер мысал келтірейік. Қазір көзі ашық, оқыған деген адамдардың көпшілігі «Ұлыс» сөзі Наурыз мерекесіне бай­ланысты ғана қолданылады» деп есептейді. Сондықтан оларға салсақ, тәуелсіздік күні де «Ұлыстың ұлы мейрамы емес». Осындай шала ойлауға қалай жол берілді?

Біздіңше, кінараттың негізі тарих пен сөз қадірін білмеуде жатыр. Олардың санасына «Наурыз – Ұлыс­тың ұлы мейрамы» деген 1988 жылдан кейін жиі айтылған халықтық анықтама еміс-еміс кірген. Сондай-ақ бұл сабаздар кезінде «С.Қ.» ма екен, жоқ ҚазТАГ па екен сықитып аударған «нации и народности-дың» «ұлттар мен ұлыстар» делінген баламасына имандай сенеді.

ҰЛТТАР мен ҰЛЫСТАР. Сонда не болып кетті? Мұны қазақ тіліне кері аударып көрейікші: «ұлттар мен алып мемлекеттер» болып шығады. Енді өзіңіз байыптай беріңіз: біз «народности» деген «жекеленген ұлттардың диаспоралық жиыны» мағынасын беретін атауға «алып мемлекет» (держава) ұғымын қалай сыйдырғанбыз? (Тағы бір ойланыңыз: «Ұлыстың ұлы күні» дегеніміз «великий день народностей» болып шықпай ма? Бұл – шымшықты бүркіт дегенмен бір есеп қой) Ұят-ай! Жаңылыспасақ, осы «ұлыс-2» енгенде сөздің мән-мағынасын түсінетін тіл-әдебиет марғасқалары тірі еді. Олар бұған неге жайбарақат қарады екен?.. Сұрақ көп. Оған жауап та бар сияқты. Бізді құртқан «көк шолақ» –  құлданған сана. Диагнозы осы. «Дұрыс-ақ!» делік. Енді бұдан арылмаймыз ба? Қателікті түзетпейміз бе?

Бірінші, «ұлттар мен ұлыстар» қалай пайда болғанын байыптап көрейік. Қателеспесек, 70-жылдары қазақ баспа­сөзінде сөздің мағынасына үңілмей, «сыңғырлату» сәнге айналды. Мәселен, «тракторшының тұғыры», «сұңғыла сауыншы», «тағдырлы түйін», «жаһанға жағымды жаңалық» т.б. Ылғи бір т.т., с.с., ж.ж.ж. Сыңғырлап тұрған жоқ па? Өкінішке қарай, қазір де біраз журналист осындай сөз тіркесін тапқанды үлкен жаңалық көреді. Біздіңше, тарихи «ұлыс» сөзі осы сәндетудің құрбаны болды. Енді қайтсін, орыста «н.н.» болып тұрған жоқ па?..

Бүгін отаршылдық келмеске кетті. Тәуелсіздігіміз қолымызда. Ендеше бодандық сананың бодауында кеткен «ұлыс» секілді сөздерімізді қайта ақтап алмаймыз ба? Амал бар ма, қазірше біз Ресейден және Еуропадан келетін жаңалықтарды сіңіруге мүдделіміз. Сондықтан ол жақтан енген бар сөзге баспа-бас балама сөз іздеп жатамыз. «Народности»-ға балама керек болса, біз неге оны «әлеуметтен» шығармаймыз? Әлеуметтің негізгі мағынасы – халық. Арабтан енген бір «үкіметті» орайымен екіге бөліп, өкімет (власть), үкімет (правительство) деп алғанымыздай, «народности-ды» – әлумет (әлеумет емес) десек болмас па? Сонда өміріміздің көп саласында, әсіресе құжаттарда жиі қолда­нылатын «ұлттар мен ұлыстар» тіркесімі ҰЛТТАР мен ӘЛУМЕТТЕР боп шығады. Сөйтіп тарихи «ұлыс» сөзі мемлекет аталымының бір мағыналас ұғымына айналады.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА академигі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: