Жұма, 19 сәуiр, 07:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қарлығаштың қол сөмкесі

05.12.2022

932 0

Қызылордалық қолөнерші Қарлығаш Ілиясова таза былғарыдан қол сөмкелер тігуді қолға алды. Ұлттық өнерді дәріптеуші қолөнершінің бұл – жаңа жобасы.

         Көп жылдар бойы елінен жырақта жүрсе де ұлттық дәстүр мен өнерін ұмытпаған Қарлығаш Ілиясова Қазақстанға келгеннен соң да қазақы нақыштағы дүниелерді қайта жаңғыртуға өз үлесін қосып келеді. 2011 жылдан бастап «Қарлығаш» шеберлер орталығын ашып, төл өнерді түлеуіне себепкер болды. Үнемі ізденіс жасап, тың дүниелерге құмартатын оның қолынан шыққан туындылары қаладағы көркем-сурет галереясына қойылған.

         Ұлттық құндылығымыздың дәріптелуіне, ұрпақтар сабақтастығының жалғасын табуына мол септігін тигізіп жүрген қолөнершінің туындылары ерекше-ақ. Қашанда ізденіс үстінде жүретін ол бұл жолы ұлттық нақыштағы сөмкелерді шығаруды мақсат еткен.

         – Жаңа туынды таза былғарыдан жасалған. Бұған дейін облысымызда былғарыдан сөмке жасау ісі болған емес. Аяқ киім шығарудың өзі енді-енді қолға алынуда. Бұл көптен бері ойда жүрген мақсатым еді. Этно-стильдегі сөмкелерге сұраныс жақсы. Алғашқы үлгілері құрақ стилінде болды. Қазір әртүрлі бейнеде шығарылуда. Жалпы ұлттық өнерді дамыту тек құрақ көрпе, шапан сияқты дүниелерден тұрмайды ғой. Кез келген қолданыстағы дүниеге қазақы нақыш беріп әрлеуге болады. Бұл бір бағытта жұмыс істемей жан-жақты дамудағы мақсатым еді. Көпшілік қызығушылық танытуда. Жаңа  жоба одан әрі дами түседі деп ойлаймын, – дейді шебер бізбен әңгімесінде.

         Жалпы қазақы ою-өрнекпен әрленіп, әсемделген қол сөмкелер нарықта сұранысқа ие. Сондай-ақ мұндай дүниелерді жасап шығарушылар да баршылық. Бұған дейін кейіпкеріміз арнайы матадан тігілген сөмкелерді жарыққа шығарған. Енді оны былғарыға ауыстырып, өнерді қайта жаңғыртуда. Айтуынша, былғары қол сөмкесіне көпшіліктің қызығушылығы артуда.

         – Қайсыбір істі бастау үшін қаражатты қажет ететіні белгілі ғой. Тиісті орындарға барып жобамды ұсындым. Олар көңіл бөлгенімен қолдау бола қоймады. Солай біршама уақыт бұл іс тоқтап тұрды. Кейін өз қаражатыма жұмысымды жандандырайын деп шештім. Солай ақырындап бастаған жайым бар. Оған жұртшылық арасында сұраныстың артуы қуантты. Қайсыбір кәсіп иесі болсын  өзі шығарған өнімінің көпшіліктің жүрегіне жол тапқаны жақсы ғой, – дейді кейіпкеріміз.

         Иә, нарықта қол сөмкесінің түр-түрі бар. Ал талғампаз қыз-келіншектер үшін этно-стильдегі сөмкенің орны ерекше болары анық. Түрі де, түсі де бір-біріне ұқсас сөмкелерден мұның ерекшелігі де осы болмақ.

         Жасынан ұлттық өнерді серік етіп сол жолда тынбай ізденіп жүрген Қарлығаш Ілиясованың ұлы Табиғат Тұрғынбаевта анасының жолын қуған. Анасы ине мен шүберекті иліктіре білсе, ұлы күмістен түйін түйген шебер. Қазақы қолөнерді сабақтастыра білген ана мен бала салт-дәстүрді, ұлттық болмысты осылайша дәріптеп келеді.

    

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: