Сенбі, 20 сәуiр, 03:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Жыр әлемінің жампозы

07.08.2021

1441 0

Сыр өңіріндегі жыраулар шығармашылығы – өзіндік болмыс пен рухани бейнесі айқын мәдени тармақ. Олай дейтініміз, жыраулар әдебиеті дәуір алмасқан сайын түрлену, уақыт өткен сайын кемелдену арқылы қоғамның ой-бедеріне ықпал етті. Ұлтаралық діни таным, мәдени қарым-қатынас, әлеуметтік мәселе де жырау туындысында көрініс тауып, халықтың заманауи «ой ағымын» қалыптастыруға түрткі болған еді. Осы арқылы жыраулық өнердің өзі де жаңа деңгейге көтеріліп, әр буын өткеннің ізімен тың сүрлеу сала білген. Оны Сыр бойы жыраулық мектебіндегі мақам-әуездік ерекшелік пен мәтіндік ізденістен-ақ аңғару қиын емес. Әсіресе, орта ғасырға тән көмеймен орындау үлгісі Сыр еліндегі бекзат өнердің бәсін биіктете түсті. Осы орайда аймақтағы асыл мұраның мән-маңызын терең бағамдау үшін эпик-шайыр, жыраулық өнердің көрнекті өкілі Нұртуған Кенжеғұлұлының шығармашылығын саралаған жөн секілді.

Ұлт руханиятының ажырамас бөлшегіне айналған жыраулық дәстүр Нұртуған ақынның бала аңсары болған-тұғын. Шайыр жастайынан өнер-білімге ден қойып, дүниені тануға, бардың болмысын ұғуға күш салды. Бұл атаның қаны мен ананың сүтімен келген қасиет болса керек. Себебі Нұртуған жыраудың атасы Еспембет суырыпсалма ақын болса, әкесі Кенжеғұл шебер күйші, ал анасы Айсұлу шежіреші болған. Осындай текті тұқымның өкілі тегін болмай, сауатын ашқалы өлең жазуға дағдыланды.

Реті келгенде Нұртуған шайырдың туған жері мен тұрмыстық ахуалы жайлы бірер сөз айта кетейік. Ақын 19 ғасырдың соңында Сейхунның Арал теңізіне құяр тұсындағы Мырзас деген иінде дүниеге келеді. Оны ақынның науқастанып жатқан шағында терең күрсініспен шығарған «Өткізбен өмір бекерге!» атты толғауынан байқауға болады. Онда:

«Мен туыппын «Мырзаста»,

Сиыр жылдың күзінде…

Әкем құмар ертекке

Есіткем оны кезінде.

Жалғыз атын баптайтын,

Қу кедей еді тегінде…

Мен солардың бірімін,

Өлең жазған ертеде.

Ақырында белгілі,

Ақын болып жегілдім

Жыр сүйреткен тертеге», – деп тегінен терең тартып, сөз қозғайды.

Алғашында шайыр заманының мәдени кеңістігін толтырған шығыс әдебиетіне қанығып, Фирдоуси, Науаи, Низами, Ясауи секілді тұлғалардың туындыларына қызыға өскен. Ғұламалардың әсерімен шығыстың назым үлгісінде өлең жазып, түрлі форманың жетегінде жүрді. Теңдессіз туындылардың балама үлгісін жасауды мұрат етіп, жыр-дастанды өзінше мақамға салып сөйлеткен еді. Мұндай эксперимент өз-өзін ақтап қана қоймай, Нұртуған үлгісіндегі түркі, ноғайдың танымал батырлар жыры қазақ даласында кең тарай бастады. Оның «Едіге» жыры, «Мәулімнияз-Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Қобыланды» секілді эпикалық жырлары қазақ халқының өшпес мұрасына айналып үлгерді.

«Сөзім де Абайменен салмақтанды…»

Біз Нұртуған жыраудың шығармашылығын саралағанда оның Абай әлемімен үйлесімі, болмыс ұқсастығы турасында сөз айту жөн секілді. Себебі жырау шығыс үлгісінде қаншама нақыл-терме, толғау, тарихи дастан, тұрмыстық жыр жазғанымен, ақын шығармашылығымен танысқалы өзінің, мүмкін қазақтың да танымы Абай биігінен аласа екенін аңғарған секілді. Ұлы ақынның шығармалары қолға тиген сәттен жата-жастана оқып, кейін «Абай кітабы қолға түскенде», «Түседі Абай еске – дауылпазым!» деген өлеңдер шығарады. Көбіне Абайдың танымы терең, әлемі бөлек тұлға екенін айта келе, «қазақта оған келер тең таппағанын» жырға қосады. Ұлы ақынға арнаған «Абайды оқығанда» атты кезекті туындысында:

«Қадірін Абайды оқып танығанда,

Қазақта тең таппадым осы маңда.

Бағыма Абай туды – сөз зергері,

Өлеңім, ілігерсің енді санға.

Абайдан қазақ жұртта адам өтпес,

Ол – дана, жалғыз туған, естен кетпес.

Орыстың өнеріне қолын салып,

Қалдырды көп мұраны баға жетпес.

Соқпақтан жолды салса – Абай тыңы,

Білімдар, шайыр кісі білер мұны.

Қазақта сөз асылын арқалаған

Ұлы Абай – бір ғасырдың биік шыңы.

Қолдансаң сөз асылын Абайды біл,

Өзіңше даурыққанмен қаласың құр.

Жүрекке жылы сөзді ұялатқан –

Ол мәңгі тарихтың төрінде тұр», – деп көсіледі.

Осылайша Нұртуған жырау Абай шығармашылығының сан мың шығыс жұлдызынан бәсі биік екенін аңдап, жаңаша шығарма жазуды, өшпес із қалдыруды өзіне арман еткен. Ол мақсаттың қаншалықты орындалғанын шайыр «Түскендей бақыт құсы уысыма» деген өлеңінде өкінішпен білдіргендей.

«…Ұрпағым, кешір мені, оқи қойсаң,

Жетпедім ұлы Абайдың тумысына…» – дейді жырау.

Әрине, Нұртуған жырау Абайдың деңгейіне жетпедім деп налығанымен, уақыт көшіндегі өз үлесі еш тұлғадан кем емес еді. Бүгінгі буын шайырды ерек мақам қалыптастырған тұлға, «озық ойдың омарташысы» есебінде бағалайды. Тіпті Нұртуған Кенжеғұлұлының аз ғұмырда бүтіндей мектеп қалыптастырып үлгергенінің өзі, парасат пайымының көкжиегін аңғартады емес пе?!.

Мақам мәйегі

Расында, «Нұртуған мектебі» ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мақам үлгісі ғана емес, қазақ руханиятының тұтас мәдени бөлшегі деуге болады. Небары 40 жылдай ғұмыр кешкен тұлға шәкірттерінің мақамның мәйегін бұзбай орындауын, жыр-дастандардың мән-маңызын жете түсінгенін назарға алған.  Тіпті ел арасында шәкірт тәрбиелеудің, жырау баулудың өзіндік үлгісін қалыптастырып, өнеге көрсете білді. Шайыр шәкірттеріне бірден көлемді шығарма тапсырмай, алдымен салт-дәстүрге байланысты «Беташар», «Тойбастар», «Мақтау» жырларын жаттатқан. Содан кейін ғана қабілетіне, әуез ерекшелігіне сай дастандарды табыстап отырған екен. Кейін Нұртуған Кенжеғұлұлы шәкірттеріне үлгі есепті ән-мақамның мәнін ұғындыру ниетімен «Ән туралы» деген толғау жазады. Оны жырауларға өсиеттеп, айтылған ескертпені ұстануды аманаттаған. Сонда ән-мақамға қойылатын талап туралы:

«Тыңдаушым, нақышпенен ән салайын,

Басымды ән салдым деп шайқамаймын.

Кетсе ауыз қатты ашылып ұят болар,

Кейде мен өзімді-өзім байқамаймын.

Желпілдеп екі танау, көз аларса,

Онда мен: «әншімін» деп айта алмаймын.

Өзгертпей пішінімді олай-бұлай,

Демімді жеткен жерден қайтарайын…», – деу арқылы жырау ән айту техникасындағы қателікті бір сүзіп шығады. Сондай-ақ өлеңде сөз бен ойдың қабысуын, ән айту әдебін де тілге тиек етеді. Міне, осылайша бар талапты өлеңге айналдырып, насихаттай білудің нәтижесі – «Нұртуған мектебінің» бүгінге дейін халық ықыласына бөленуінің сыры.

Нұртуған шығармашылық сан салалы, қазақ әдебиетінің бірнеше жанрына қомақты үлес қосқан. Оның Исатай-Махамбет туралы «Ақ кете Шернияз», жоңғар қалмақтарының басқыншылығы жайында «Ақтабан шұбырынды» атты тарихи дастандары, «Адалдыққа не жетсін», «Арғымақ сұлу көрінбес», «Адаспайды ақылды», «Әуелі сөйле, жаппар хақтан», терме-толғаулары, көптеген хат-өлеңдері бар.

Жалпы Нұртуған жыраудың соңында қалған мұрасы жетерлік. 40  мыңдай жол мұра қалдырған шайыр көптеген әдеби жанрда теңдессіз туынды әкелді. Қазіргі таңда жыраудың «Мәулімнияз-Едіге», «Орақ-Мамай», «Ақ кете Шернияз», «Қарасай-Қази», «Тағаймұрат» дастандары жас жыраулардың жиі орындайтын шығармаға айналған.

Өсиет

Асыл ер өзін биік санамайды-ау,

Ел үшін еңбек күшін аямайды-ау.

Бір өзі білсе-дағы, білдім демес,

Сынатып көпке салып шамалайды-ау.

Серік бол шамаң келсе сондай ермен,

Тар жерде бас амандық жарамайды-ау.

Кескінін кем ақылдың қарап тұрсаң,

Көтеріп өзін тауға бағалайды-ау.

Асыл ер өзін биік санамайды-ау,

Ел үшін еңбек күшін аямайды-ау.

Бір өзі білсе-дағы, білдім демес,

Сынатып көпке салып шамалайды-ау.

Қолына опасыздың олжа түссе,

Досы мен жолдасына қарамайды-ау.

Дүниенің опасы жоқ, ойлан, ерлер,

Арбадай тегерімсіз домалайды-ау.

Нұртуған Кенжеғұлұлы

P.S. Сыр сүлейлерінің арасында шоқтығы биік тұлға Нұртуған Кенжеғұлұлының мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қазығына айналған жәдігер саналады. Сондықтан талғамы биік шайырдың шығармашылығы тек Сыр өңірінде емес, бар ұлттың бағдарына айналары анық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: