Халықаралық балаларды қорғау күнінде Президент саябағы аумағында орналасқан Ботаникалық бақ пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының қолдауымен салынған жаңа нысан өңірдің экологиялық болмысын жаңғыртуға бағытталған бірегей жоба.
Жаңа бақ аймақтың экологиялық мәдениетін көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды нысан болмақ. Бұл орталық қаланың келбетін көркейтіп қана қоймай, табиғатпен тілдесіп, жан тыныштығын табуға мүмкіндік беретін ерекше кеңістік қалыптастырады.
Салтанатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы салтанатты шарада балаларды мерекемен құттықтап, Ботаникалық бақ жұмысы жеткіншектердің тиімді демалысын ұйымдастыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.
– Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бала – біздің басты байлығымыз. Білімді, дені сау, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті», – деген болатын. Президент саябағының аумағынан ашылған Ботаникалық бақ – осы ауқымды бастаманың аймағымыздағы нақты әрі жемісті көрінісі. Бақ ішіне Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желек егілді. Осы арқылы жас жеткіншектерге өсімдіктердің экожүйедегі маңызы түсіндіріледі. Бұл жай ғана балалар серуендейтін саябақ емес, табиғат пен ғылымды ұштастыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын көпфункционалды кешен болмақ. Балаларымыз осы жерде табиғатпен тілдесіп, эко-жауапкершіліктің, еңбекқорлықтың шынайы үлгісін көреді. Осы бақтан біздің аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің экологиясын зерттейтін болашақ ғалымдар, биологтар мен агрономдар шығады деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты шарада білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ботаникалық бақ – экологиялық танымды, туризмді дамытуға және жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған заманауи көпфункционалды кешен. Жалпы ауданы 1500 шаршы метр болатын екі жылыжайға Африка, Оңтүстік Америка, Австралия, Жапония, Қытай және Мадагаскар сияқты әлемнің әр аймағынан 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік егілген. Веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, сәндік өсімдіктер, кариота жайқалып тұр. Бұл өсімдіктер гүлдегенде хош иісі аңқып, қызғылт сары, көгілдір, күлгін сияқты алуан түске боялады. Өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін микроклиматты автоматты басқару, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған.
Ботаникалық бақ өсімдіктердің бірегей түрлері өсетін орын ғана емес, экологиялық мәдениеттің, білім берудің және ішкі туризмнің дамуына қызмет ететін, аймақ тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын мекенге айналады. Мұнда студенттер, мектеп оқушыларының, табиғат жанашырларының танымын кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Ботаникалық бақ – тек демалыс орны ғана емес, болашақ ұрпаққа табиғатты аялаудың маңызын ұғындыратын тағылымды орын болмақ.
«Ақмешіт-ақпарат»
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!