Сейсенбі, 02 маусым, 00:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 (2253)
02.06.2026
PDF мұрағаты

Ақсуат тұрақты даму жолында

02.06.2026

20 0

Ауыл – әр азаматқа қымбат киелі мекен, алтын бесік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл – ел бесігі. Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын» екенін атап өтіп, ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше мән беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Осы орайда қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінде жүзеге асып жатқан жобалар, инфрақұрылымның дамуы, әлеуметтік және экономикалық өзгерістер, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар туралы ауыл әкімі Нұрболат Бақытовпен сұхбаттасқан едік.

Қалаға іргелес орналасқан Ақсуат ауылдық округінде жергілікті жұрт өзін-өзі жұмыспен қамтып, берекелі еңбек етуде. Ауыл халқының саны күннен күнге көбейіп, жаңадан көшіп келгендер бар. Соңғы жылдары аталған округтің келбеті жаңаша өзгеріп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жергілікті әкімдік пен тұрғындардың бірлесе атқарған жүйелі жұмысының нәтижесінде елеулі өзгерістер орын алды. Сұхбат барысында ауыл әкімі елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі, тұрғындардың өзекті мәселелері және алдағы даму бағыттары жөнінде кеңінен айтып өтті.

– Ақсауат ауылдық округінде соң­ғы жылдары қандай өзгерістер орын алды? Бүгінгі қоғамдық-саяси ахуалы қандай?

– Ақсуат ауылдық округіне 1 елді ме­кен Жақыпбек Маханбетов ауылы кіреді. Ауылдық округтің бүгінгі қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Ауылда атқарылған айшықты істер бар. Тұрғындардың тұр­мысын көтеру үшін қолға алынған ауқымды жобалардың арқасында округтің келбеті ажарланып, абаттандырылды. Ауылдық округ жылдан жылға кеңейіп, көркеюде деп айтуға болады. Таза ауылға айналды.

– Ауыл инфрақұрылымын жақсарту бойынша қандай жобалар іске асырылуда?  

– Электр желілерімен  қамтылмаған 22,5 шақырым болатын жаңадан қоныстанушы тұрғындар тұратын 32 көшені электр желілерімен  қамту мақсатында 2024-2026 жылдарға қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда электр желісін қосу жұмыстары жүргізілуде. 

Ақсуат ауылдық округіндегі М.Махмутов, Қ.Жұмаев, Ә.Бәйтенов, Д.Мамбетов, М.Стамбеков, Т.Құрманбаев көшелеріне жол жөндеу жұмыстары үшін жоба-смета­лық құжаттамасын әзірлеуге 8,4 млн теңге қалалық бюджеттен бөлініп, мердігер мекеме «GeoProKz»  ЖШС тарапынан жоба-сметалық құжаты әзірленіп, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу бойынша бюджеттік сұраным жолданды. Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарын  қажет  ететін  5 көшеге «ТМ ЖобаҚұрылыс» ЖШС демеуші­лігімен көше құрылысы жұмыстарының жоба сметалық құжаты әзірленіп, сараптамаға ұсынылуда. Б.Бекбаев көшесін  түнгі жарықпен қамту мақсатында  қаралған 5 млн теңге қаржыға жоба сметалық құжаттары әзірленіп, мер­­дігер «ЭнергоСтройМонтаж» ЖШС құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізді.

– Әлеуметтік қолдау бағытында қандай іс-шара­лар өтті? 

– Биыл аз қамтылған 45 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса (2025 жылы 72 отбасы), ауыл кәсіпкерлерінің  демеушілілігімен  тұрмыс жағдайы төмен және  көпбалалы 37 отбасына азық-түлікпен  көмек көрсетілді.  Өрт оқиғасы болған тұрғынның өтініші­не сәйкес, ауылдық әкімшіліктің ұйымдастыруымен, еріктілер тобы жарамсыз болып қалған үйінің шатырын бұзу жұмыстарын жүргізіп, өртенген үйі сүріліп, тегістеліп,  жер учаскесі тазартылып берілді. Уақытша тұратын үйінің электр жарығы мен ауызсу жөнделіп, азық-түлікпен көмектер көрсетілді. Жыл сайын ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен ерекше балаларға жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып, сыйлықтар беріледі. Одан бөлек, балаларды қорғау күні, аналар, қарттар мерекелерінде іс-шаралар ұйымдастырылып, сый-сыяпат көрсетіледі.

– Көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары қалай жүргізілуде? 

– Ауылды тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұ­мыс­тары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ауылымызды абаттандыру мен көгалдандыру мақсатында да, кәсіп­керлер мен ерікті азаматтарымыздың демеушілігі­мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы ауылдық округтің батыс жақ кіре берісінің  500 метрдей болатын Н.Төребаев көшесі бойына  2024 жылы  екі қатар 500 ағаш көшеттері егіліп, қоршау жұмыстары жүргізілсе, 2025 жылы ауылдың шығыс жақ кіре берісі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойына 300 ағаш көшеттері егіліп, қоршау жұмыстары жүргізілді.  Ағаш көшеттерін егу жұмыстарын жалғастыру мақса­тында,  биыл егілген 100 дана  ағаш көшеттерін, «Бақыт кілті» қоғамдық қорының демеушілігімен әзірлен­ген  ағаш шарбақтарымен  қоршау жұмыстары жүргізілді.                                                          

– Ауыл жастарын қолдау және жұмыспен қамту бағытында қандай бағдарламалар іске асуда?

– Жыл басынан 14 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде «Жастар практикасына» – 3 жас  жұмыспен  қамтылды. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 жас  өз істерін кеңінен дамытуға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде ауылдық округтен массаж орталығы, кондитерлік өнімдер, бордюр, брусчатка өнімдерін өндіру және егін шаруашылығы жобалары қолдау алып, жұмыс істеуде. Одан бөлек, 8 жас тігін, евроремонт, полуфабрикат және МІҚ мал шаруашылығы жобаларын ұсынып,   1 572  800 теңге қайтарымсыз  грант  алып өз кәсіптерін ашты. Кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда деп айтуға негіз бар.

– Білім саласындағы көрсеткіштер қандай?

– Ауылдық округте 2 мемлекеттік және 1 жеке мек­тепте барлығы 2470 оқушы  білім алуда. №143 мектепте 874 оқушы екі ауысымда оқиды, оның ішінде мектепалды даярлық тобында 58 бала тәрбиеленуде. 2025-2026 оқу жылында  мектеп бітіруші 69  оқушының бәрі ҰБТ-ға қатысады  деп жоспарланған.  Ал №268 мектепте 1277 оқушы екі ауысымда оқиды. 2025-2026 оқу жылында  мектеп бітіруші 62  оқушы түгел ҰБТ-ға қатысуда.

Бүгінгі ұрпақтың сапалы білім алуына және толыққанды тәрбиеленуіне барлық мүмкіндік жасалған. Барлық мектептерде асхана, спортзал жұмыс істейді. Жастардың тәрбиесіне көңіл бөлу – басты бағыттың бірі. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу, тәртіпті сақтау шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Болашақ ұрпақтың саналы азамат болып шығуына ауыл мұғалімдері көп көмек көрсетуде.  Осы ретте, ауылдағы білім саласында жақсы жаңалықтар жеткілікті. Одан бөлек, мәдениетті дамытуға, ұлттық, рухани дәстүрлерді жаңартуға мүмкіндік жасалуда.

– Халық тарапынан жиі көтерілетін мәселелер қандай және оларды шешу жолдары қалай қарас­тырылуда?

– Ауыл тұрғындары тарапынан жиі қойылатын мәселе – электр жарығына  және жол жөндеу жұмыстарына байланысты. Қазіргі таңда, жоғарыда атап өткендей 32 көше тұрғындары жаңа электр бағаналары мен электр желілерімен  қамтылып, 13 қосалқы станция орнатылып, пайдалануға берілуде.  Электр жарығымен қоса түнгі жарықпен қамту жұмыстары қоса жүргізілуде. Жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен шешімін табуда.

– Елдімекендегі қылмыстық ахуал қандай деңгейде? 

– Ауылда ең маңыздысы – қоғамның тыныштығы, тұрғындардың қауіпсіздігі. Сондықтан да қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, болған қылмыстарды ашуға бағытталған жұмыстарды дер кезінде жүзеге асырып келеміз. Биыл 3 қылмыс орын алып, оның 2-і ашылған.  Соның ішінде пәтер ұрлығы бойынша құзырлы мекеме тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.  2025 жылы 6 ұрлық орын алып, соның 4 ашылып, 2-і ашылмаған еді.

– Наурыз елді мекеніне көшіп келушілер көп. Соңғы жылдары бұл аудан кеңейе бастады? Жаңадан қоныстанғандарға қандай жағдай жасалуда?

– Ақсуат ауылдық округіне 1 (бір) елді мекен Жақыпбек Маханбетов ауылы қарайды. Ауылдық округтегі 2006-2007 жылдары табысталған  бағбандық (саяжай) жер учаскелерінің нысаналы мақсатын ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін болып өзгертіліп берілуде. Жоға­рыда атап өткендей, ауыл көшелеріне құрылыс жұмыс­тары кезең – кезеңімен жүргізілуде. Ауылдық округ тұрғындары табиғи газбен, ауызсумен 95 пайыз қамтылған. Алайда, жаңадан көшіп келіп енді қоныс­танып,  ауызсумен қамтылмай қалған көшелер тізімі қайтадан зерделеніп, жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу жоспарлануда.

– Алдағы уақытта ауылды дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Ауылымызды абаттандыру жұмыстарын жандан­дырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жалғас­ты­рып, ағаш көшеттерін, гүлдер  егіп, жұмыстар жаса­латын болады. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шағын өндірістік кешен құры­лысын салу  жоспарлануда. Одан бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарға жағдай жасау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі. Осы уақытқа дейін жүйелі жоспармен жұмыс істеп келеміз. Тұрғындардың сұранысына сай нақты нәтижеге бағытталған әрбір бастама – біздің басты міндетіміз.

– Өзіңізге «мен не тындырдым?» деген сұрақ қойып көрдіңіз бе?

– Иә, «мен не тындырдым?» деген сұраққа, әрбір азамат өзіне мақсат, жоспар  қояды. Сол мақсатына жетуге ұмтылады деп ойлаймын. Ауылға әкім болғаннан кейін елдімекенді дамытуға арналған өзіндік жоспарларым кезең-кезеңімен орындалуда. Жо­ғарыда атап өткендей ауылға кіреберіс  көше­лерін көркейту, абаттандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Қоғамдық көліктер жүретін жолдарға күр­делі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол белгі­лері орнатылды. Жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен ауыл орталығында  орналасқан «Тағзым» алаңының және орталық алаңның кіре берісіне арка салу жұмыстары жүргізілген болатын, 2025 жылы орталық алаңға сахна салу мақсатында мемлекеттік сатып алумен құрылыс заттары алынып, демеушілердің қолдауымен орнатылды. Ауылдық округте жыл сайын бірнеше көшелерге күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, түнгі жарықпен қамтылуда. Осындай істердің атқарылуына өзіндік үлесімді қосудамын.

– Ауыл әкімдерін оқытуда қандай міндеттер артылуда? «Әкімдер мек­тебі» арқылы ауыл әкімдеріне біраз мін­деттер жүктелді. Осы жоба жөнінде айтып өтсеңіз.  

– «Әкімдер мектебі» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл әкімдерінің кәсіби басқару құзыретін арттыру, көшбасшылық қабілетін дамыту және экономикалық сауаттылығын жетілдіру. Бүгінде ауыл әкім­дерінен тек ағымдағы мәселелерді шешу ғана емес, елдімекеннің даму жоспарын әзірлеп, инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, халықпен ашық байланыс орнату талап етіледі.

Бағдарлама аясында алған білім мен тәжірибенің нәтижесінде ауылымыздың өзекті мәселелерін жүйелі түрде зерделеп, оларды шешуге бағытталған жобалар әзірленді. Атап айтқанда, ауылдың инженерлік инфрақұрылымын дамыту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, электр желілерін тарту бағытында жоба-сметалық құжаттар дайындалды. Соңғы жыл­дары ауылымызға қоныс аударушылар саны артып, елдімекен аумағы кеңейе түсті. Осыған байланысты жаңадан бой көтерген көшелерді инфрақұ­рылыммен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Соңғы үш жылда тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жол жөндеу, асфальт төсеу, түнгі жарық орнату және электр желілерін жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта да ауылды кешенді дамытуға, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріледі. Өйткені ауылдың дамуы – ел дамуының маңызды көрсеткіші.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: