Сәрсенбі, 24 сәуiр, 08:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Өзгенің өнімі тәтті немесе күбіде қалған қымыз

29.05.2021

1596 0

Қымыздың қасиетін қазақтан артық білетін ешкім жоқ. Ұлттық сусынның қадір-қасиетін талай ақын жырлады, қазақтың қымыз дайындауы мен құтты қонағына ұсынуы талай шығармаларға арқау болғаны да белгілі.

«Ал, ішіңдер,

Бұл – қымыз.

Бұл қымыздың арғы атасын сұрасаң,

Құлаша қулық бие сүті еді,

Томсарған ер қазақтың асы еді.

Бұл қымызды кім ішсін?

Бұл қымызды

Айлы күні айналған,

Бұлтты күні толғанған,

Құрығын қу найзадай таянған,

Томсарған ер қазақтың өзі ішсін», –

деп жырлаған екен Мағжан ақын.

Қазақ десе қымыз атауы да қо­сарлана жүретін ұлттық сусын өндірісі бүгінде қай деңгейде? Талай тарихи жазбаларда, өлең-жырға ар­қау болып қазақпен бірге  әлемге танылған қымыз жайы жаһандану заманында ұлттың брендіне айнала алды ма? Ұлттық сусынның қадір-қасиетіне немқұрайлы қарайтын бүгінгі буынның ішетін сусыны бөлек. Дүкендерде күн сайын тәтті сусындар мен энерге­тикалық сусын әрбір отбасының қалта­сын қағып жатқаны жасырын емес. Тіпті бұл сусындарға сұраныстың артқаны сонша, «екінші нанға» айналды десек, артық айт­қандық емес. Шыны керек, ұлттық сусынның қасиетін кешегі пандемия кезеңі сезіндірді. Дертіне шипа ізде­геннің бәрі қымыз, шұбат іздеп сабылып кеткені рас. Статистикаға сүйенбей-ақ, өткен жылғы жағдайды сараптай келіп, қымыз, шұбатпен өзге түгіл өзімізді түгел қамтамасыз ете алмайтынымыз байқалды.

Қымыздың пайдасын түсініп, дәмін біліп алған көпшіліктің бүгінде ұлт­тық сусынға сұранысы артқандай. Енді дүкенге барса тәтті сусындармен бір­ге қымызды да ала кеткісі келіп тұра­ды. Ендігі мәселе – ұлттық сусындар­дың уақыт көшіне ілесе алмай, күбіде қалып қойғандығы. Күбідегі сусынның сапасына да, дәміне де еш күмән жоқ. Алайда уақыт талабына сай ағарғанды дүкенге күбісімен әкеле алмайтынымыз бесенеден белгілі. Біз күбідегі қымыздың дайын­далуын айтып мақтанып жүргенде өзгелердің уақыт үніне жауап беріп, алдымызға түсіп кеткенін де байқа­май да қалыппыз. «Facebook» әлеуметтік желісінен облыстық кәсіпкерлер пала­тасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықовтың мына жазбасы ойға-ой қосты. Ол өзінің жаз­ба­сында ел экономикасында экспорт деңгейі төмендеп, керісінше импорт деңгейінің өскенін айта келіп, ел нарығын жаулап алған Ресейден бізге келіп жатқан бөтелкедегі қымыздың суретін қоса жариялапты. «Қазақстан жылқының, жылқы малының өнім­дерін өндіретін бірден-бір Отаны бола отырып, көрші Ресейден келетін қымызға сұраныс артып отыр. Алып, ішіп көріңіз, бал татиды. Осыны өзімізден неге шығармасқа? Қымызды шыны құтыда өндірем деген инвесторлар бол­са, хабарласыңыздар, сүйемелдеуге әзірміз!» деп жазады. Көпшіліктің пікір алмасу алаңына айналған әлеуметтік желідегі жазылған пікірлерге зер салсақ, қалалықтардың көпшілігі дәл осы қымызды алады екен. Тіпті, дүкенге келген бойда сөреде көп тұрмайтынын, сұранысқа ие екенін де білдік. Жарты литрі – 700 теңге тұратын башқұрт қымызының құпиясы дәмімен қоса ыдысында екені сөзсіз. Әйтпесе, қымыз дайындаудың әдісін қазақтан артық білген кім бар? Бір айыбы –  күбіде қалып қойғаны.

Күбідегі қымыз бөтелкеге құйы­лып, әлем нарығын қашан жаулар екен?

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: