Бүгін, 2026 жылдың 26 мамырында Абай облыстық полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі «шұғыл жарыққа, газға және суға төлем жасаңыз» туралы жаппай SMS жолданып жатқанын айтып, маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертілді.
«Соңғы уақытта интернет алаяқтары азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануда. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы коммуналдық қызметтер атынан жалған хабарламалар жіберуде. Алаяқтар өзін газ, жарық, су немесе басқа да коммуналдық мекеменің бақылаушы қызметкері ретінде таныстырады».Абай облысы ПД баспасөз қызметі
Олар азаматтарға:
- коммуналдық төлемнің төленбей қалғанын;
- қарыз бар екенін;
- шот уақытында жабылмаса жарық, газ немесе судың өшірілетінін хабарлайды.
«Одан кейін қорқытып, тез арада ақша аударуды талап етеді. Ең қауіптісі – төлемді ресми мекеменің есепшотына емес, жеке тұлғаның банктік картасына немесе телефон нөміріне жіберуді сұрайды».Абай облысы ПД баспасөз қызметі
Баса айта кетелік, коммуналдық мекемелер ешқашан жеке шотқа ақша аударуды талап етпейді.
«Алаяқтардың негізгі мақсаты – сізді асықтырып, қорқытып, ойлануға мүмкіндік бермей ақша аудартқызу».Абай облысы ПД баспасөз қызметі
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін:
- күмәнді хабарламаларға сенбеңіз;
- бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз;
- төлем туралы ақпаратты тек ресми қосымшалар мен коммуналдық мекемелер арқылы тексеріңіз;
- жеке деректеріңізді, банк картасының нөмірін, SMS-кодтарды ешкімге айтпаңыз;
- күмәнді аккаунттарды бұғаттап, полицияға хабарлаңыз.
Егер сіз осындай алаяқтыққа тап болсаңыз немесе күмәнді хабарлама алсаңыз, бірден «102» арнасына хабар беріңіз. Интернет алаяқтарына алданып қалмаңыз!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
