Сейсенбі, 26 мамыр, 23:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39 (2251)
26.05.2026
PDF мұрағаты

Оқу жылының қорытындысы мен жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды

26.05.2026

48 0

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының қорытындысы және білім алушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына маңызды тапсырмалар жүктеді.


Биылғы оқу жылын аймақтағы 320 мектепте 189 288 оқушы аяқтады, 10 мыңнан астам жас түлек мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басты. Олардың ішінде 987 оқушы «Алтын белгіге», 1141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. 10 мамыр – 10 шілде аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің шешуші кезеңіне 9 250 оқушы қатысады.

«Күні кеше облыстағы барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар өз деңгейінде өтті. Енді аттестат табыстау шарасы бар. Бірінші кезекте жас түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Білім басқармасына полиция департаментімен, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, аттестат табыстау шарасында және жазғы каникул кезінде кезекшілік, рейд ұйымдастыруды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырамын.
Жазғы тынығу лагерьлері 1 маусымнан өз жұмысын бастайды. Дайындық жұмыстары алдын ала зерделенгенде анықталған кемшіліктерді жауапты сала басшылары 30 мамырға дейін жөнге келтіруі тиіс.
Жақында Президент паркінің аумағында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Онда азаматтық-патриоттық, рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты өткізу керек.
Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен салынған «Сыр жұлдыздары» академиясы, «Құзыреттілік орталығы», «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы», облыстық тарихи-өлкетану музейінің әлеуетін барынша пайдалануымыз қажет. Жаңа нысандардың барлығы жыл бойы балаларымыздың игілігі үшін қызмет етуі тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сондай-ақ, жиында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын жалғастыру, стихиялық қоқыс орындарын жою, су тапшылығының алдын алу және су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалану, республикалық маңызы бар жолдар, әуежай, теміржол және автовокзалдардың жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуі мен тазалығына қатысты мәселелер талқыланып, тиісті сала басшыларына, қала және аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді.

Мәжілісте облыс әкімі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры қызметін атқарған Ербол Сәулебековті жаңа қызметке ауысуымен құттықтап, оған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: