Дәстүрлі медицина саласында медициналық көмек көрсету стандартын бекіту туралы бұйрық шықты. Құжатқа ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы қол қойды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Құжатқа сәйкес, дәстүрлі медицина қызметтерін амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын ұйымдарда көрсетуге болады. Сондай-ақ, меншік түрі мен қандай ведомствоға бағынатынына қарамастан, шипажай мекемелері де жоғарыдағы тізімге кіреді.
Қызметтерді кімдер көрсете алады
Дәстүрлі медицина саласында медициналық көмекті жоғары медициналық білімі немесе келесі бағыттар бойынша арнайы даярлығы бар мамандар көрсетуге құқылы:
• рефлексотерапия;
• мануалдық терапия;
• су-джок терапиясы;
• гомеопатия;
• гирудотерапия;
• фитотерапия.
Медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы талаптарына сәйкес міндетті және мерзімдік медициналық тексерулерден өтуі тиіс.
Жұмысты ұйымдастыру
Медициналық қызметке лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектілері дәстүрлі медицинаның бағытына қарай мамандандырылған кабинеттер ұйымдастыруы қажет.
Оларға рефлексотерапия, мануалдық терапия, гирудотерапия, гомеопатия, фитотерапия және табиғи құралдар кабинеттері жатады.
Негізгі міндеттер
Құжатта дәстүрлі медицина қызметтерін көрсететін ұйымдардың негізгі міндеттері айқындалған. Олардың қатарында төмендегі пунктілер бар:
• медициналық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету;
• дәстүрлі медицина әдістерін бекітілген хаттамаларға сәйкес қолдану;
• аурулардың алдын алу және пациенттерді оңалту;
• пациенттерді емдеу әдістері мен қарсы көрсетілімдер туралы хабардар ету;
• санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау;
• мамандардың біліктілігін арттыру.
Қызмет түрлерінің тізбесі
Амбулаториялық және стационарлық жағдайларда келесі көмек түрлерін көрсетуге рұқсат етіледі:
• рефлексотерапия;
• мануалдық терапия;
• гирудотерапия;
• гомеопатия;
• фитотерапия және табиғи құралдарды қолдану әдістері.
Шипажай ұйымдары да осындай қызметтер көрсете алады.
Бұйрық 2026 жылдың 5 маусымынан бастап күшіне енеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
