Бүгін партия алаңында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Заңды сыйлау – өзіңді сыйлау» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Жиынның басты мақсаты қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Кездесуді өңірге арнайы келген «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуелсіз сарапшы, заңгер, «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Дидар Смағұлов өткізді.
Жиынға партияның атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, облыстық және қалалық мәслихаттардағы фракция мүшелері, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Дидар Смағұлов қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы жан-жақты түсіндірді. Ол заң үстемдігі, заңның баршаға бірдейлігі, ашықтық пен есептілік, адам құқықтарын құрметтеу және әділеттілік қағидаттарының қоғам дамуындағы маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, ол еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, оны бірнеше толқынға бөліп қарастырды. Күрделі мәселелерді қарапайым мысалдар арқылы түсіндіріп, заң талаптарын сақтау әр азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді.
Жалпы кездесуде құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы кеңінен талқыланды.
Жиынды қорытындылаған партияның атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова мұндай ашық пікір алаңдары қоғамда заң мен тәртіп құндылықтарын нығайтып қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға, қоғамда әділеттілік қағидаттарын орнықтыруға, азаматтық белсенділікті арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
