Жұма, 26 сәуiр, 12:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

30 жылдағы 30 жетістік

16.12.2021

7295 0

Әлемдегі өзге мемлекеттермен терезесі тең өмір сүруге мүмкіндік алу – кез келген ұлттың ұлы мұраты. Биыл егеменді ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Осы ретте біз Тәуелсіздік атты қастерлі ұғымның Қазақ еліне бергенін тізбектеп өтуді жөн санадық. 1986 жылғы Кеңес Одағының іргесін шайқалтқан Желтоқсан оқиғасынан тұп-тура бес жылдан кейін Қазақ елі өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығының ірі 30 серпілісін былайша сабақтадық.

1991 жыл.

Осы жылдың 2 қазанында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шекті. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін жариялады.

1992 жыл.

Мемлекеттің басты атрибуттары – рәміздерімізді бекітіп, дүниежүзіндегі ұлттық мемлекеттерді мойындайтын алып ұйымның төріне көк байрағымызды тігіп, БҰҰ-ның мүшесі атандық. 1992 жылы 17 қаңтарда «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» ҚР заңы қабылданды. 1992 жылы 7 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. 1992 жылы шілденің 13-і күні Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органының тарихы осы күннен бастау алды.

1993 жыл.

Тәуелсіз Қазақстан тұңғыш Конституциясын жариялады. Ең алғашқы басты құжаттың қабылдануы – Тәуелсіздік жылдарындағы елеулі оқиғалардың бірі. 1993 жылдың 15 қарашасында Ұлттық валюта – теңгеміз шықты.

1994 жыл.

1 шілдеде екінші қазақ – Талғат Мұсабаев ғарыш көгіне көтерілді. Алғашқы валюта айырбастау пункттері пайда болды. Діни қызмет жанданып, мешіт, медреселер көбейе бастады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң қабылданды.

1995 жыл.

1 наурызда қоғамдық ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы жылы 30 тамызда бүкілхалықтық реферандум негізінде республика Конституциясы қабылданды.

1996 жыл.

Қазақ елі тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысты. Атлантада өткен XXVI жазғы олимпиадалық ойындарда қазақстандық спортшылар үш алтын, төрт күміс, төрт қола медальға ие болып, 197 мемлекеттің арасынан 24-орын алды.

1997 жыл.

20 қазанда Президенттің Жарлығымен бұрынғы Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жарияланды.

1998 жыл.

Барлық заңның қайнар көзі болып табылатын Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспары ресми түрде қолданысқа енгізілді.

1999 жыл.

25 ақпан мен 4 наурыз аралығында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш халық санағы өтіп, елде 14953100 адамның тұратыны және халықтың 10 жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 7,7 процентке азайғаны байқалды.

2000 жыл.

Билік механизмдерін жетілдіру мақсатында осы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының тәуелсіз сот жүйесін күшейту жөнінде» Жарлық қабылдады.

2001 жыл.

27 наурызда Каспий құбыр консорциумын толтыру басталып, «қара алтын» экспортының көлемі ұлғайды. 22 қыркүйекте Қазақстанға Рим Папасы Иоанн Павел ІІ және осы салтанатты көруге әлемнің 30 елінен 300 мыңдай христиан келді.

2002 жыл.

Осы жылы еліміздің рухани орталығы Түркістан қаласында қазақтардың екінші Бүкіләлемдік құрылтайы өткізілді.

2003 жыл.

Қазақстан Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына мүше болды және Ресейде Қазақстан жылы аталып өтті. ҚР «Жер» кодексі қабылданды.

2004 жыл.

Президенттің «Ақорда» жаңа резиденциясы ашылды.

2005 жыл.

Қазақстан халқы президент сайлауын өткізді. Саяси көзқарастары әртүрлі үміткерлер бақ сынаған сайлауда Тұңғыш Президент 91,15 процент дауыспен халықтың сеніміне ие болды.

2006 жыл.

Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салып жүрген Қазақ елі осы жылы әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының екінші съезін шақырды.

2007 жыл.

Бұл жыл Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғалармен есте қалады. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мемлекет президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне өтті. Осы жылы ЕҚЫҰ-ның Сыртқы істер министрлері кеңесі 2010 жылы аталған ұйымға Қазақстанның төрағалық ететінін жария етті.

2008 жыл.

2 сәуірде Алматыда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен Бейжің олимпиадасы алауының эстафе-тасы ашылды. 8-24 тамыз аралығында Бейжіңде өткен XXIX Жазғы Олимпиадалық ойындарда Қазақстан құрамасы екі алтын, төрт күміс, жеті қола медаль алып, 204 мемлекеттің ішінен 29-орынды иеленді.

2009 жыл.

24-25 ақпанда халық санағы жүргізіліп, оның бір жылдан кейін жарияланған қорытындысы бойынша ел халқының саны 16 миллионнан асты. 21-23 наурыз күндері Наурыз мерекесі тұңғыш рет ресми түрде үш күн қатарынан тойланды. 12 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао «Түрікменстан – Қазақстан – Өзбекстан – Қытай» газ құбырының қазақстандық бөлігін іске қосты.

2010 жыл.

Тарих беттерінде бұл жыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығымен есте қалды. Халықаралық қауымдастық тарапынан Ванкуверден Владивостокқа дейінгі территорияда орналасқан 56 елдің басын қосатын ұйымның жұмысына жоғары баға берілді. Ұйымның 11 жыл бойы өткізілмеген саммиті Елордада ұйымдастырылды. Білім мен ғылымға ерекше назар аударылып, жаңа заң мақұлданды. Елімізде халықаралық дәрежедегі тұңғыш білім ордасы – Назарбаев университеті ашылды.

2011 жыл.

30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Қазақстанда тұңғыш рет Қысқы Азия ойындары өтті. Спорт бәсекесінде еліміздің спортшылары 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальді иеленіп, құрлықтағы 26 елдің арасынан бірінші орын алды. Ақ Азиада қазақ қоғамына айрықша рухани серпіліс сыйлады.

2012 жыл.

Осы жылы Қазақстан алып құрылыс алаңына айналып, он мыңдаған жұмыс орындары құрылды. 22 қарашада Қазақстан 2017 жылы елде әлемдік көрме өткізу құқығына ие болды. Халықаралық көрме бюросы мүшелерінің қатысуымен Астана 103

дауыс жинады. Халықты жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, өңірлерді дамыту, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтеру, басқарушылардың біліктілігі, сот және құқық қорғау жүйесі, адам капиталы, зейнет жүйесі, индустриалды жобалар, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойды.

2013 жыл.

24 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан-2050» стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының XX мерейтойлық сессиясы болып өтті.

2014 жыл.

Осы жылдың тамыз айында Үкіметте қайта құру жұмыстары өтті: 17 министрлік пен 9 агенттіктің орнына елде 12 министрлік және шамамен 30 комитет құрылды.

2015 жыл.

27 шілдеде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Екінші қыркүйекте Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер – Айдын Айымбетов ғарышқа самғап, халықаралық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы бүкіл республика және ТМД елдері арасында аталып өтті.

2016 жыл.

16 желтоқсанда Қазақстанның өз алдына егеменді ел болғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған дек-ларация жазылды. Сондай-ақ осы кезде ел астанасына Мемлекет басшысының есімін беру туралы ұсыныстар айтылды.

2017 жыл.

Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында елордада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Осы жылдың 26 қазанында Мемлекет басшысының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы жарлығы қабылданды.

2018 жыл.

1 қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Төрағалықтың негізгі мақсаты Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша құжат қабылдау болды. Кеңестің тұрақты емес мүшелері бұл қызметке кезекпен кіріседі.

2019 жыл.

Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 проценттен астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.

2020 жыл.

Бұл жыл еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Дәрігерлер коронавирус инфекциясына қарсы күрес жолында жаңа тәжірибе жинады және сабақ алды. Елімізде COVID-19-ға қарсы күрес үшін 15 жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды.

2021 жыл.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет екенін айтты. Руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Солардың бірі – ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау. «Мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз бұл мерекелерді өте мағыналы өткізуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл жыл тарихи және межелі жыл болмақ.

Түйін:

Қорыта келгенде, 30 жыл деген тарих үшін аса көп уақыт емес. Осы жылдар ішінде еліміз басынан үш дағдарысты өткерген екен. Аталған қиын-қыстау кезеңдер еліміздің шыдамдылығы мен төзімділігін қайрап, бірқатар басым батыл қадамдармен алға жетелеуде.

Дайындаған: Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: