Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 21:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Байтұрсынов биігі

30.03.2021

19546 0

Қалалық газетке назар салған оқырман «Ақмешіт Қызылорда болғанда» айдары арқылы ұлт тарихына, зиялы қауымның Сыр елінде атқарған еңбегіне қатысты дүниелерді жариялап отырғанымызды жақсы біледі. Бұған дейін Қызылорда атауына қатысты мақала, Сыр жерінен жарық көрген республикалық басылымдар, осы қалада өткен 1925 жылғы съезд және Ақмешітті астанаға сай шаһар ету үшін атқарылған жұмыстар жайлы материалдар басылды. Бүгін ұлт ұстазы атанған, қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ тіл білімі ғылымының атасы Ахмет Байтұрсыновтың Қызылордамен байланысы жайлы қалам тербейтін боламыз.

Негізі Ахметтей ұлт ұстазының Қызылордамен байланысы аз. Ахметтанушы ғалымдардың өзі бұл тақырыпқа келгенде кеңінен көсіле қоймайды. Өйткені оның өмір жолына да, еңбек жолына да қатысты айтылатын деректерде Ақмешітпен байланысы жайлы мәлімет кездесе бермейді. Тіпті жоқ десе де болғандай. Бірақ бұл Байтұрсыновтың Қызылордаға қатысы жоқ деген сөз емес. 

Алдымен Ахмет Байтұрсыновты Сыр өңірімен не байланыстыратынын анықтап алайық.

Бірінші, Ахметтің Сыр бойының дарынды ұлы, қазақтың нар тұлғасы, бар өмірін бүкіл түркі жұртын біріктірсем деген аяулы арманға арнаған Мұстафа Шоқаймен рухтас, мақсаттас, мүдделес  болғанын назарға алу керек. Екіншіден, Ақмешітті Қызылорда еткен, ұлттың қазақ деген ресми атауын қайтарған Сұлтанбек Қожановтың да рухани ұстазы осы Байтұрсынов. Үшіншіден, 1925-1929 жылдары республикалық мерзімді басылымдар Сыр өңірінен шығып тұрғанын қаперге алған жөн. Ахаң осында жарық көрген газет-журналдарға ұлт руханиятына, ертеңіне қатысты мақалалар жариялады. Тіпті «Еңбекші қазаққа» бас редактор болған Смағұл Сәдуақасұлының өзі  газет шығаруда «Қазақты» үлгі тұтты десек те болады.

Бүгінде 100 жылдық тарихы бар «Жас алаш» «Лениншіл жас» кезінде жабылып та қалады. Бір дерек­терде «Лениншіл жас» мүлдем жабылып қалмас үшін Ахмет Байтұрсыновтың кеңесімен «Еңбекші қазақтан» арнайы бет берілгені айтылады. Ол тұста бұл газеттер Қызылордада басылған. Ахаңның Сыр өңірімен бай­ланысын қолда бар деректерді салыстырып, сәл кейінірек тарқатамыз. Алдымен қазақ әлемінде өзіндік биігі бар Байтұрсыновтың өмір жолына тоқталайық.

Саналы ғұмырын туған жұртының болашағына арнаған Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданына қарасты Сарытүбек ауылында өмірге келген. Ол 1891 жылы Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебін  бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы болып, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарды.

Ахметтің әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болған. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша үкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Зерттеушілер бұл оқиғаның шығу төркінін уезд бастығының Байтұрсын әулетіне қыстауға көшуге рұқсат бермеуімен байланыстырады. Сол тұста Байтұрсындай намысты ер көшпенді қазаққа отбасын, ошақ қасын, мал басын аман сақтау үшін жайлаудан қыстауға қарай көшу керектігін патша үкіметінің адамдарына түсіндіріп те көреді. Алайда бұл әрекеті еш нәтиже бермейді. Көшті тоқтатуға тағы болмайды. Мұның ақыры жанжалға ұласып, Байтұрсынның қамалуымен аяқталады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көріп, қатты налыды. Осы бір оқиғаның өзі Ахметтей тау тұлғаның шыңдалуына, айналаға ойлы көзбен қарауына жол ашқан сияқты.

Ахметтей тұлғаны бүгінгі жұрт  ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі, ұлт ұстазы ретінде таниды.

 Қайраткердің саяси қызмет жолы 1905 жылы басталады. Осы жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған «Қарқаралы петициясы» авторларының бірі де Ахмет болатын. «Қарқаралы петициясы» аталатын арыз-тілекте сол кездегі қазақ жұртшылығының мүддесі қамтылған еді. Петициядан кейін жан­дармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылдың 1 шілдесінде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Бұл аздай Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылғы 19 ақпанда Ахметті қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес ол 1910 жылғы 9 наурызда Орынборға келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Бірақ қаршадайынан әлеуметтік теңсіздікті көріп  өскен Ахмет Байтұрсынұлы Орынбордағы кезеңді тиімді пайдаланды.  Ол осы қалада өзінің ең жақын сенімді достары Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Ұлт тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері қазақ халқының мүддесін қорғауда білектің күшімен емес, ақыл-ойдың қарымымен есе қайтарудың жолын таңдады. Бұл жол ұлттың мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газетін өмірге әкелді. 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін 266 саны шығып үлгеріпті. Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған «Қазақ» газеті рухани жаңғыруға бастаған сана серпілісінен туған басылым болатын. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ахметтің Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында еді. Ол «Қазақ» газетіне жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға қамалды.

Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» деп аталатын еңбегінде Ахмет Байтұрсыновтың ағартушылық бағыттағы идеясын сөз етсе, «Алаш арқауы» деп аталатын кітабында ұлт ұстазының қайраткерлік жолын руханиятпен сабақтастырады. Ол: «Ахмет – ең алдымен ағартушы. Ол поэзияда да, көсемсөзде де, ғылым-ілімде де ағартушы» – дейді.  Ғалымның сөзін Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылғы 16 мамырда «Қазақ газетіне» шыққан «Қазақ оқу жайынан» атты мақаласымен байланыстыруға болады. Ахаң: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісінен бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі» – дейді. Ахметтей ақынның бәрінен бұрын ағартушы болғанын мына бір өлеңінен аңғаруға болады.

«Балалар!

Оқуға бар!

Жатпа қарап!

Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!

Шақырды тауық мана әлдеқашан,

Қарап тұр терезеден күн жылтырап.

Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,

Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:

Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,

Барады аралар да ұшып балға.

Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,

Оянып жан-мақұлық түнде қонған,

Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы,

Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған.

Өзенде балықшылар ау қарап жүр,

Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.

Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!

Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған».

Қазақ балаларын оқуға шақыратын бұл өлеңді Байтұрсыновтың ағарту ісіне арнаған туындысы десек те болады. Бұл Ыбырай Алтынсариннің «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!» дегенімен сабақтасып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы 1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланыс­ты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылғы 2 маусымда Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге Ахмет те Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынов ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылғы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. Ұлт ұстазы атанып, соңына өшпес із қалдырған Ахмет 1937 жылы желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.

Ақынның алғашқы кітабы «Қырық мысал»  деген атаумен 1909 жылы жарық көрген. Халқын «Маса» боп оятқан Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы көпке үлгі болып қала бермек.  Ахметтей алып «Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса» деп тебіренеді.  Ғалым Шәмшиябану Сәтбаева: «Масаны» талдай отырып, оның мән-мағынасына үңіледі.  Өлеңнің бастауын негізге алып, «ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса» – сергектікті, қозғалыс күйді, серпіліс пен ізденісті сәулелейтін астарлы бейне екені көрінеді. Ол «үстінде ұйықтағанның айнала ұшып», қоғамның енжар, жалқау,  ұйқыдағы күйден оянуына қызмет етеді. Осы ағартушылық ойды ақын басқа да шығармаларында әрі қарай дамыта түседі» дейді. Ақын өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес. Ақын өз өлеңдерінде көбіне Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырып дамытқан өрісті ойды, гуманистік әуендерді, демократтық бағыттарды жаңа жағдайда өзінше жалғастырушы ретінде көрінеді. Оның өлеңдерінің тақырыбынан, өрнектелуінен, ой жүйелеу мәнерлерінен Абай, Ыбырай үлгілеріне жақындық, үйлесімдік, үндестік байқалады. Біз мұны Алтынсарин мен Байтұрсыновтың қазақ балаларын оқуға шақырған өлеңімен байланыстыра сабақтастырған болатынбыз. А.Байтұрсынов та өзіне дейінгі ағартушылар сияқты айналаға сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» сияқты өлеңдердің мазмұны осыны танытады.

Ахмет Байтұрсынұлы «Анама хат» деген өлеңінде өзінің нақақ жаланың құрбаны болғанын айтады.

«Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!

Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.

Сені онда, мені мұнда аман сақтап,

Көруге жазғай еді Хақ тағалам!» – деп анасының амандығын тілейді.  Ал «Қазақ қалпы» атты өлеңінде:

«Алаштың адамының бәрі мәлім:

Кім қалды таразыға тартылмаған?

Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,

Жақсылық өз басынан артылмаған», – деп тебіренеді.

Ахмет Байтұрсынұылының бұл өлеңдерінен сол кездегі қоғам бейнесін көруге болады. Ол қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтаған ғалым. Бір ғана «Әдебиет танытқыш» арқылы сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап түсіндіреді. Бұл – бағасын жоймайтын, күн өткен сайын құндылығы жоғарылай беретін ғылыми еңбек. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Оның әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым екенін айта кеткен жөн. Ол 1923 жылы көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры және 1926 жылы қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлық танытқан Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Осыдан-ақ Ахметтің үлкен реформатор екенін аңғаруға болады. Тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев «Тұлғалар тұғыры» атты кітабында Байтұрсыновты ғасырдың ұлы реформаторы ретінде бағалайды. Алаш мұрасын зерттеуші ғалым Айгүл Ісімақова «Алаш әдебиеттануы» атты еңбегінде: «Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ елінің тарихына зор бетбұрыс жасаған өзгерістердің ұйытқысы болды» дейді. Оның алаш азаматтарының қатарында болуы, ұлт ұстазы атануы, есімі Әлихан Бөкейханмен қатар тұруы осының дәлелі. Ахмет Байтұрсынұлының жаңашыл бетбұрыстары қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастыруға жол салды. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп қазақ журналистикасының іргесі бекіп, қабырғасы қалануына атсалысты. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет дүние екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Бұл аз десеңіз, Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Ол Абайдың қоғам өмірінің құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеуметтік жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.Тіпті Байтұрсыновты ғалымдар қазақ тіл білімінің атасы ретінде де мойындайды. Оның бұл салаға сіңірген еңбегінің өзі ондаған томға жүк боларлық дүние. 1929 жылғы 8 наурызда өз қолымен жазған өмірбаянында Ахмет Байтұрсынов: «Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен; екіншіден, қазақ алфавитін, орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен; үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен; ақыры, ең соңында, төртіншіден, проза тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жады тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған «Қазақ» газеті арқылы іске асты», – дейді. 

Қазақ тіл білімінің жетіліп, дамуына және оның ана тіліміздегі іргетасын қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі – ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Оның қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танытудағы қызметі мен мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазғаны ұлт үшін жасалған аса қайырлы іс еді. Атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш кітабы мамандар тарапынан жоғары бағасын алған.

Тау тұлғаның ұлт үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегін бір мақаламен тауысу мүмкін емес. Біз мақаламыз арқылы Ахаңның қазаққа сіңірген теңіздей еңбегінің тамшысындай үлесін көрсете алсақ та жаман болмас еді. Осы арадан сөзді үзіп, Ахметтей ұлт зиялысының Қызылордамен байланысы жайлы әңгіме қозғайық.

Біз Байтұрсынов пен Шоқай рухтас, мақсаттас болған дедік. Енді сөзімізге дәлел келтірейік.

Тарихи деректерге сүйенсек, Мұстафа Шоқай ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. Мәмбет Қойгелді, Әбдуақап Қара секілді ғалымдардың еңбектерінде Ахмет Байтұрсынов пен Мұстафа Шоқай осында танысқаны баяндалады. Ербол Тілешов пен Дихан Қамзабекұлы секілді ғалымдар құрастырған «Алаш қозғалысы» атты еңбекте 1916 жылы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов сынды тұлғалардың «Қазақ» газетіне «Алаштың азаматтарына» атты үндеуі жарияланғаны жазылған. Сондай-ақ осы кітапта «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 12 сәуір күнгі санында Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Дулатов секілді арыстардың «Алаш ұлына» атты үндеу мақаласы жарық көргені туралы дерек келтірілген. Екі үндеу де алаш азаматтарына арналған. Бірінде Әлихан мен Міржақыпқа Ахмет қосылса, екіншісінде Байтұрсыновтың орнында Шоқай жүр. Ал «Қазақ» газетін шығарушылардың бірі Ахаң екенін ескерсек, Мұстафаның да олармен мақсаттас екенін аңғаруға болады. Екіншіден, «Қазақ» газетінің ұлттың шын мәніндегі үнжариясы болғанын ұмытпаған абзал. Елдің оқыған азаматтары осы басылым арқылы халықты саяси ұйқыдан оятуға ұмтылған. Бұл жолда Мұстафа Шоқай «Қазақ» газетін шығарушылармен бір мүдде ұстанды десек, қателесе қоймаспыз. Әбдуақап Қара «Мұстафа Шоқай» атты еңбегінде: «Ақпан төңкерісі Шоқай және «Қазақ» газеті төңірегіндегі зиялылар да бір ұлттық мемлекет құру үмітін туғызды» – дейді. Ғалымның бұл сөзі біздің тұжырымды айғақтап тұр десе де болғандай.

Шоқай 1917 жылы Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. «Бірлік туы» «Қазақ» газетінде қалыптасқан ұлт мүддесі үшін күрескерлік жолды, алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жалғаушы басылым еді. «Бірлік туы» жайлы Дихан Қамзабекұлы: «Ол – аумалы-төкпелі 1917-18 жылдары ұлттық, түрікшілдік бағыттан таймаған қазақтың бірегей газеті-тін. Ол – жалпы түркі әлеміндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқайұлы бастаған қазақ зиялыларының елді бірлікке шақырған үні-тін. Ол – «Қазақ» газетін большевиктер күштеп жапқан кезде (кейін қайта ашылады) оның жалауын жығылтпай іліп әкетіп, өз байрағының жанына қадаған басылым-тын», – дейді. Зертеуші Нұрхат Сапуанов оның ең басты себебін «Бірлік туы» газетіндегі қаламгерлердің барлығының да қаламын қарыштаған, тәй-тәйлеген алғашқы еңбектерін жариялап, әдебиеттің кәусар бұлағынан сусындатып, нағыз әдебиетке жолдама берген «Қазақ» газетімен байланыстыра отырып дәлелдейді. Ол: «Біріншіден, «Қазақ» газетінің жалпы бағытын жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, соған еліктеген, «Қазақтың» деңгейіне ұмтылған. Екіншіден, газетке М.Шоқайұлы, Х.Болғанбайұлы, С.Қожанұлы, М.Дулатұлы, А.Мәметұлы, Б.Майлыұлы сияқты қаламдары «Қазақта» шыңдалған, әрқайсысы бір-бір тұлға арыстар атсалысқан»,– деп «Бірлік туы» хақындағы ойын білдірген. Бұл дерек те Байтұрсыновтың Шоқаймен рухтас, мақсаттас екенін көрсетеді. Мұны аз десеңіз, Мұстафа Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстағанын, Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысқанын алға тартуға болады.

Біз Ахмет Байтұрсыновтың Сұлтанбек Қожановтың да рухани ұстазы екенін айтқан едік. Бұған Қожановтың «Қазақтан» бастау алған алашшыл бағыттағы идеяны ұстанған «Ақ жол» газетін шығарғанын дәлел ретінде келтіруге болады. Біздің тарихта әттеген-ай деп, сан соқтыратын кезеңдер мен құпиясы ашылмаған сан қилы ақтаңдаққа толы оқиғалар жеткілікті. Рахманқұл  Бердібайдың: «Біз тарихы жазылмаған халықпыз» деуі содан болар. Кеңестік қызыл шекпенділер «Бірлік туына» да «Қазақтың» кебін кигізіп, жауып тастайды. Ендігі халықтың жоқтаушысы Сұлтанбек Қожанұлы ашқан «Ақ жол» газеті болды. «Қазақ» пен «Бірлік туы» көтерген жүк салмағы «Ақ жолға» түсті. Алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жалғастыру үшін «Ақ жол» газеті «Қазақ» пен «Бірлік туы» жүрген сүрлеумен жүрді. Себебі бұл басылымның да айналасына «Қазақта» қаламы шыңдалған қаламгерлер жиналған еді. Дүкенбай Досжанның «Абақты» атты еңбегі арыстарымыздың темір тордағы жан күйзелісінен, сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы мәдени өрлеу кезеңінен мәлімет беретін таптырмас дерек көзі екені аян. Осы кітапта арыстарымызды тергеу ісі туралы мәліметтер келтірілген. Аталған мәліметтер біз қозғап отырған жайтқа қатысты болғандықтан үзінді келтіруді жөн санадық.

«Дулатов Ташкентке келісімен Қожановпен тіл табыса кетті. Қожанов Дулатовтай іскер кісі тапқанына қатты қуанып, жаңа газет ашуға тапсырыс берді. Бірнеше күннен кейін «Ақ жол» газеті ашылды. Газеттің жауапты редакторы Қожанов болса да негізгі шаруаның бәрін Дулатов өз мойнымен көтерді» (Дінмұхамед Әділовті тергеу ісінен үзінді). Бұл жерден біз «Ақ жол» газетінің шығуына сеп болған Сұлтанбек Қожанов пен «Қазақ» газетінің редакторларының бірі Міржақып Дулатов екеніне көз жеткіземіз. Ал ары қарайғы жұмысының шындап дамуына кімдер үлес қосты?  Шынымен алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді ұстанды ма? Тағы да «Абақтыдағы» деректерге үңілейік.  «Өз басым Ташкентке жұмыс істеуге 24-жылдың аяғында келдім. Бұған дейін Ташкентте ешқашан болмаған едім. Бұл қалаға қазақ оқу-ағарту институтының шақыртуы бойынша оқытушы болмақшымын. Бұрынғы таныстарымның ішінен жалғыз семейлік Ысқақов Даниялды ұшыраттым. Аз уақытта Байтасовпен, Кемеңгеровпен, Ғалымжановпен, Досмұхамедов Халилмен танысып үлгердім. Оқу-ағарту институтында сабақ бере жүріп «Ақ жол» газетінде істедім. Орынборда шығатын «Жас қазақ» газеті мен «Пионер» журналынан басқа өзгедей басылымдарға материал берген емеспін. Мен келгенше «Ақ жол» газетінде Жұмабаев істеген екен…» (Жүсіпбек Аймауытовтың тергеу ісінен үзінді). Сонымен «Ақ жолда» Қожанов пен Дулатовтан басқа Аймауытов пен Жұмабаевтың да болғаны айқындалды. Алайда бұл басылымның бетіндегі жарияланған материалдарға қарап, жоғарыда аты аталған тұлғалармен қатар онда Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров, Бейімбет Майлин, Хайретдин Болғанбаев сынды қайраткерлердің қаламының ізі қалғандығы байқалады. Алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жалғастырушы басылым ретінде тану үшін, бұдан артық қандай дәлел керек.

С.Қожанов «Ақ жол» газетіне 1923 жылы жариялаған мақаласында: «Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірті», – деген ойын білдірген. Бұл деректердің барлығы Қожановтың Байтұрсыновтай азаматтан рухани тәлім алғанын айғақтайды. Демек, Сұлтанбек Қожанов ұлт мүддесі үшін күрес жүргізетін руханият ұстаханасында саяси тұрғыдан жетіліп, алаш азаматтарымен бірге болған.

Мақаланың кіріспесінде «Еңбекші қазаққа» бас редактор болған Смағұл Сәдуақасұлының өзі  газет шығаруда «Қазақты» үлгі тұтты десек те болады деген пікірді алға тарттық. Енді бүгінгі «Егемен Қазақстанның» сонау «Еңбекші қазақ» кезінде Смағұл Сәдуақасов басқарған шақтағы мақалаларға үңілейік. 

Ғалым Сағат Тайманның «Ақмешіт апталығы» газетіне жарияланған «Сыр өңірінен шыққан қазақ басылымдары» атты мақаласында «Еңбекші қазақтың» тарихына шолу жасалып, шыққан материалдары жөнінде айтылған.  «Еңбекші қазақтың» 1926 жылғы №219 нөмірінде XIX ғасырдың 30-40-жылдары бүкіл Қазақстан территориясын қамтыған Кеңесары көтерілісі жайында Жақан Сыздықұлының «Кенесары» деп аталатын мақаласы жарияланды. Газет беттеріне сол сияқты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс және 1917 жылғы қос төңкеріс кезеңі туралы мақалалар да жиі жарияланып тұрды. «Еңбекші қазақ» 1926 жылы 8 шілдедегі №145 санын толықтай 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығына арнады. Осы нөмірге Ә.Байділдиннің «1916-шы жыл», Сәбиттің «1916-шы жылдың ұраны», М.Дулатовтың «Он алтының ойраны», «№8» деген бүркеншік автордың «Байқағандар не білді?», Кәрменұлының «1916-шы жылғы қазақ көтерілісінің Бөкейдегі тарихы», Байтоғайұлының «Тарихи күнге тарихи дерек керек» мақалалары, А.Мәметовтің «16-шы жыл құрбанына» өлеңі жарияланған. 1926 жылдан бастап республикада діни мейрам деген желеумен Наурызды тойлауға тыйым салынғаны белгілі. Бұл мейрамды дін мейрамы ретінде санаудың қателігін дәлелдеген С.Қожановтың «Еңбекші қазақ» газетіне «Наурыз туралы» атты мақаласы басылды.

Қарап отырсақ, бұл мақалалардың барлығы да ұлт ұпайын түгендеуге бағытталған сияқты. Ал бұл жол бір кездері Ахметтер негізін қалаған «Қазақ» газетінен бастау алғанын дәлелдеудің қажеті жоқ деп ойлаймыз.

Биыл 100 жылдық мерейге қадам басқан «Жас алаш» газеті «Лениншіл жас» кезінде жабылып қала жаздағанын да тілге тиек еттік. Журналист Арай Сахариеваның «Жұрт білетін «Жас алаш» 100 жылдыққа қадам басты» атты мақаласында Байтұрсыновтың бұл газеттің жабылып қалмауы үшін мүдделі болғаны айтылады. Нәтижесінде «Еңбекші қазақтың» бір беті «Лениншіл жас» атауымен шығады. Бұл да болса Ахметтей тұлғаның сол уақытта Қызылордадан шыққан мерзімді басылымдарға көрсеткен қолдауы деп білген жөн.

Әзірге толық зерттелмеген дүние, бірақ сонда да айта кетейік. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов ел шекарасына қатысты мәселені Қызылордада талқылаған деген де дерек бар. «Ақмешіт Қызылорда болғанда» айдары бойынша газетімізге мақала жазу үшін бірнеше ғалымға өтініш айтқанбыз. Соның бірі – Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Жүсіп. Ол кісі «Жалпы бұлтартпас мұрағат құжаттары мен деректеріне сәйкес, Әлихан КСРО ҒА-ның Антропологиялық экспедициясы құрамында сол кездегі Адай оязы қазіргі Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарын зерттеген 1926 жылы Қызылордаға атбасын бұрып, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, ҚазақАКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н. Нұрмақұлымен, халық комиссарлары С.Садуақасұлы, С.Қаратілеуұлымен жүздесіп, біраз маңызды мемлекеттік мәселені (қазақтың жер тұтынуының нормасы, елге Ресейден келімсектерді – қарашекпенділерді жібермеу, жоқ жерден құрылған Өзбек КСР, Түркімен КСР, Қырғыз АКСР-мен арадағы шекара мәселесі, Ташкент қаласы) талқылап, Мәскеуге жүру үшін өзін тосып отырған экспедиция мүшелерімен Ақтөбеде кездескен жерінде тұтқындалып, Мәскеуге кісенделіп жеткізіліп, Бутырка түрмесінде 15 күн отырып шықты…» – деген деректі алға тартты. Ғалымның сөзіне сенсек, Байтұрсынов та, Бөкейханов та жер мәселесін талқылау үшін Қызылордада болып тұр ғой. Ахмет Байтұрсыновтың «Әліп Би» (Жаңа құрал) атты еңбегі 1926 жылы Қызылордада басылыпты. Бұл кітап осы күнге дейінгі жарық көрген басқа да әліппелердің бастауы екенін ұмытпау қажет. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Баяғы Байтұрсынов» атты архив деректеріне сүйеніп жазылған еңбегінде Ахаңның 1929 жылдың 2 маусымында Қызылорда қаласында өтетін әдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылып, сол жерде қамауға алынып, Алматының түрмесіне жөнелтілгені жайлы да мәлімет кездеседі.

Бұл деректер Байтұрсыновтың Қызылордамен байланысы бар екенін айғақтап тұр.

Қазақтай ұлттың Ахметтей тау тұлғалы азаматы жалған жаланың құрбаны болады. Кеңестік кезеңде оның кітаптарын оқымақ түгілі, жұрт есімін айтуға қорқатын. Тарих бәрібір шындықты жайып салды. Ахметтің есімін бәзбіреулер қаншама бүркемелесе де таудай тұлғасы уақыт өткен биіктей берді. 1991 жылы Есенбай Дүйсенбаевтың редакторлығымен Ахмет Байтұрсыновтың «Ақ жол» деген кітабы жарық көрді. Осы еңбекке қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Рымғали Нұрғали «Алып Бәйтерек» атты мақала жазды. Ғалым онда: «Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері ретінде жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – барша осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етуге арналған» – дейді. Бұл кітап шықпастан бір жыл бұрын, яғни 1990 жылғы 26 ақпанда Қазақ КСР Үкіметінің №78 қаулысымен республикадағы бірнеше көше мен мектепке ұлт ұстазының есімі берілді. Өйткені Байтұрсыновтың алынбас қамалға айналған өзіндік биігі бар еді. Ал Байтұрсыновтың биігіне жету үшін ұлт ұстазының деңгейіне жету керек. Ал ондай пайым мен парасат миллионның бірінде болмаса, мыңның бірінде кездеспейді.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: