Жаны жайсаң, көңілі дархан Сыр өңірі қашанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан тыс қалған емес. Аймағымыздың қазақ халқы тарихында алатын орнын саралаған Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп баға берді. Бұл жерде Жент, Сығанақ және Қызылорда секілді қазақтың үш астанасы болған. Бұл – Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұхарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқай, Сыр сүлейі Кердері мен ғұлама Тұрмағанбет, ақын Әбділдә мен Нартай, тамаша жазушылар – Әбдіжәміл мен Қалтайдың, тағысын тағы көптеген ардақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі.
1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. 10 желтоқсандағы Президентті алғашқы ұлықтауға (инагурация) арналған салтанатты жиында еліміз Қазақстан Республикасы деп аталатын шешім қабылданды. Ал 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң күшіне енді.
Президентті алғашқы ұлықтау рәсіміне облыс делегациясы құрамында мен де бардым. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың ант беру рәсімінің куәгері болдым. Оны мақтанышпен еске аламын. Ата заңға оң қолын қойып, ант беріп тұрған сәті еді. Арт жақтан сахнаға ілінген республика туы құлап бара жатты. Сол сәтте ол кісі көз ілеспес шапшаңдықпен туды құлатпай ұстап қалды. Уақыт көрсеткендей, көптеген қиындықты артқа тастадық. Барлық жағынан алға қадам бастық. Әлем картасында Қазақстан өз орны бар мемлекетке айналды. Көк байрағымыз әлемнің көптеген елінде мен мұндалап желбіреп тұрды.
1989 жылы 1 ақпанда Қызылорда қаласында Арал мәселесіне арналған республикалық кеңес өтті. Елбасымыз ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінде еді. Сол жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Арал туралы шешіле сөйлегені есімде. Міне, сол бір қиын шақтан бастап Елбасымыз Аралды бір сәт есінен шығарған емес. Бүкіл әлем халқының назарын Аралға қарай бұрды. Орталық Азия елдері басшыларын Арал мәселесіне байланысты Қызылорда қаласында кездесуге шақырды.
Бұл мәслихаттың маңыздылығына тоқталып, біздің күшіміздің бірлікте, Арал тағдыры тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүние жүзінің қасіреті екенін, оны қазірден бастап қолға алмасақ, келешекте кеш болатынын нақты дәйектермен түйіндеді. Көп ұзамай Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қор құрылды.
Арал үшін Елбасының талай бастамасына куә болдық. Аралдықтарға таза ауыз су беру салтанатына Елбасы да қатысты. Аралға келген таза суды алғаш өз ішіп көріп, «Мынадай таза да дәмді су Қазақстанда жоқ» деген еді. Сол таза судың рахатын қазір Арал мен Қазалының барлық елді мекендеріндегі тұрғындар көріп отыр. Ал 1997 жылдың 24 ақпанындағы «Арал аймағы қазақстандық бөлігінің қазбалар кен орнын игеру туралы» Президент Жарлығының шығуы Арал өңіріне соны серпін әкелгеніне ешкім дау айта алмас.
2015 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Қызылорда облысында жұмыс сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Индустрияландыру аясында облыста ірі кәсіпорындар іске қосылатын болды, соның ішінде бүкіл Қазақстанды өз өнімімен қамтамасыз ете алатын әйнек зауыты да бар. «Жалпы, елдің барлық өңірінің ахуалы жақсарды, олардың бәрі Елордаға қарап бой түзеуде» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сондай-ақ осы сапарында рекордтық көлемде күріш жинаған жергілікті диқандарды құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев Сыр бойындағы экологиялық апаттан зардап шеккен халықты қат-қабат қиындықтан құтқаруды екінші кезекке ысырып қойған жоқ. Ғасырдың ғажайып ісі саналған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы (САРАТС) осылайша дүниеге келді. Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастығына негіз қаланды. Теңізді бөліп тұратын 14 шақырым Көкарал бөгеті тұрғызылып, Ақлақ су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, Қараөзек, Әйтек тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз акваториясы бес есе ұлғайды. Аймақтың ауа райы өзгеріп, климаттың табиғи болмысы қалыптасты. Ауданда балық шаруашылығы өркендеп, балықшылар ата кәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Қазіргі таңда Аралда бұрын кеңес заманында салынбаған жаңа технологиялы балық зауыттары жұмыс істейді.
Сыр өңірі үшін маңызы зор САРАТС жобасының алғашқы нәтижесімен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев оның екінші кезеңін жалғастыруға тапсырма берді. Қасиетті Арал топырағында тұрып, «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі халық жадында мәңгі қалды. Теңіздің оралуы туралы әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазып, табиғи апат салдарын жоюдың осынау үлгісіне таңдай қақты. Қазіргі кезде САРАТС-2 жобасын жүзеге асыру қолға алынды.
Экономикалық құрылымы жағынан жылдар бойына аграрлық аймақ болған Сыр өңірі тәуелсіздік алған кезеңнен бері мұнайлы аймаққа айналды. Елбасының тікелей тапсырмасымен жылдық мерзімі аяқталған Құмкөл жерін әлі де біздің облыстың еншісіне қалдыра тұруға шешім қабылданды. Қазақтың дархан даласының, қойнауы қазынаға толы жерінің байлығы баршаға ортақ.
Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі Сыр өңірінің әлеуетінің артуына қызмет етуде. Транзиттік дәліздің 800 шақырымынан астамы Қызылорда облысынан өтеді. Бұл ұлы жол облыстың барлық ауданын басып өтіп, өн бойында көптеген инфрақұрылымдық нысандар іске қосылды. Нәтижесінде қаншама адам үшін жұмыс орындары ашылды. «Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстарымызды Қызылорда облысының мысалынан көруге болады» деген Елбасының қадап айтқан сөзі Сыр халқының еселі еңбегінің бағасы деп түсінеміз. Иә, Елбасымен 5 рет жүздескенімді, оның екеуінде де оның алдында сөйлегенімді мақтанышпен еске аламын. Студенттеріме, ұл-қыздарыма, немерелеріме осы естелікті тебірене айтып отырамын.
2019 жылы 19 наурызда Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне көтерілді. Бұл – саяси өркендеудің сабақтастығын, әлеуметтік-экономикалық бағытымыздың жүйелілігін көрсетті. Елбасы жаңа Президенттікке үміткер ретінде Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен жанынан табылған саяси серігі, сенімді шәкірті, қайраткер, дипломат, әлемдік қоғамдастыққа танымал тұлға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елбасы сенімі – ел сенімі. Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлау додасында жеңіске жетті. Елбасы мен жаңа Президент бірлігі, жаңа Қазақстан қоғамын одан әрі ұйыстыра түсті.
Ал биыл Елбасы Nur Otan партиясының тізгінін Президентке беру туралы шешім қабылдады. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Төрағасының өкілеттігін беру туралы шешім қабылдап: «Партияны ел Президенті басқаруға тиіс», – деді. Елбасы әлем мойындаған қазіргі заманның көрнекті саясаткері, беделді тұлға болып қала береді. Заманауи Қазақстанның негізін қалаған тұлғаның әрқашан халық мүддесін ойлап, еліміздің болашағы үшін алаңдайтынын бәрі түсінеді деп ойлаймын. Елбасының бұл ұстанымы өзгермек емес.
Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!