Бейсенбі, 25 сәуiр, 00:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МАҒАН БЕРГЕН МҮМКІНДІГІ

05.10.2021

532 0

 

Біздің  тұрғыластардың  жігіт шақтары ата-бабамыз армандаған егемендікті алуымызбен тұспа-тұс келді. Осыдан отыз жыл бұрын әп-әдемі жігіт болып, жиырмаға толар-толмас бозбала едік. Облыс орталығындағы іргелі оқу орнының студенті және Алла берген азғантай өнердің арқасында танылып қалған едік. Ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан қасиетті жыр өнерін мұрат тұтып, тыңдарман қауымның ықыласына бөленіп те үлгергенбіз. Адамның өнерді таңдадым дегені аса құлақ қоятын әңгіме емес. Себебі өнер адамды таңдайды. Сондықтан болар шын таланттардың басқа шаруаға олақтау соғып, онша ебі болмай жататыны белгілі. Өнер–кез-келгеннің  маңдайына бұйырмайтын нығмет. Егер мәпелей алсаң бағың, баптай алмасаң сорыңа айналатын құдірет. Адалдықты жақсы көретін, арлы болуға тәрбиелейтін – темірқазық.

Міне, осы қасиетті өнердің жалына жабысып, тәуелсіздіктің арқасында алыс-жақын шетелдердің біршамасын араладық. Соның есте қалғаны және есіме түссе көзімнің алдына келе қалатын бір оқиғаны айтып бергім келеді. Кеңес одағы орнаймын дегенше Қарақұмды ен жайлаған қазақтың малсызы кемде-кем болған. Қызыл үкімет орнай салысымен ортақтастыруды желеу қылып, бірінші кезекте малды ала бастаған. «Малым – арымның садағасы, арым жанымның – садағасы» дейтін аталарымыз кеңестің кескінінен қорқып, шетке ауа бастаған. Үкіметтің сойылын соғып, елдің ішінен шыққан  опасыздардың да шығатын кезі осы тұс. Біздің ағайындарымыз ол кезде Қарақұмдағы «Көмбе құдық» деген жерде отырған. 1928 жылы сол атажұртта отырған ағайындар Ауған жеріне көштің бағытын бұрып, кіндік кескен жерден, қазақ деген елден безіп кете барған. Діттеген жеріне жетемін дегенше қорлықтың бәрін көріп, тәжік жерінде уланған құдықтың суынан өлген бауырларын өзіміздің салтымызбен жер қойнына тапсырып, діттеген жеріне жеткенге ұқсайды. Менің әкеммен немере болып келетін Сатыбалды баласы Әкімжан ағам да осы көштің ішінде болған. Еліміз егемендік алып, ақ түйенің қарны жарылған 1991 жылы елдігімізді ең алғашқы мойындаған бауырлас Түркия мемлекеті болатын. Әкімжан ағамыз отбасымен 1978 жылы Ауғанда басталған соғыс кезінде бас сауғалап, Пәкістан одан Иран өтіп, ол жерлерде көп тұрақтай алмай 1983 жылы Түркия жеріне барған екен. Қазақстанның сыртқа есігі ашылғанда бірінші болып Әкімжан ақсақалдың үлкен ұлы Халел ағам елге келді. Араға бір жыл салып 1993 жылдың қазан айында Стамбул қаласының Зәйтен-бурно ауданындағы бауырларыма мен бардым. 25 күн қонақ болып, өлеңімді айтып, елдің сәлемін жеткізіп, көрмеген ағайынды көріп қайттым. Ертең елге жүремін деген күні түннің бір уағына дейін әңгіме айтып, сол кезде 86 жастағы Әкімжан ағамның ойында қалған жырларды жазып алып, кештеу жаттым. Таңға таяу уақытта өз-өзімнен төбемнен біреу төніп тұрғандай болып, ұйқымнан оянып кеттім. Көзімді ашсам шынымен де ағам бетіме үңіле қарап отыр екен. Көзінен аққан жасы сақалын жуып: «Айналайын, бесін ауа елге жүресің, бұдан кейін көрісеміз ба, көрісе алмаймыз ба? Ол – құдайлық жұмыс. Ағамның исі сіңген бала екенсің, ағайын-туғанға сәлем айт! Жағың түспей жамандық көрме! Қаншама жерден бауырлығыңды білдіріп іздеп келіп тұрсың. Құдай көңіліңе берсін! Сенің жасыңдағы балалар жыламай тамақ ішпейді, тіл-көзден аман бол! Артық – кем жеріміз болса кешіріп қоярсың»,– деп маңдайымнан иіскеп еді. Бұл ағамыз екеуміздің соңғы кездесуіміз болды. Елге келгеннен кейін үш жыл өткенде баһиға аттанғанын естідік. Ұлық Алла мейіріміне бөлеп, раһымына алсын! Міне, осыдан 28 жыл бұрын басымнан кешкен осы бір тәтті сәтті ұмыта алмаймын. Марқұм, әлі де көзі жасаурап, төбемнен қарап тұрғандай болады да тұрады.

Тағдырдың тәлкегімен шетке ауған ағайынның елге келуіне, біздің оларға баруымызға даңғыл жол салған Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жыршы, халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының қызметкері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: