Сенбі, 20 сәуiр, 08:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

«Мұқағали Мақатаевты суретке түсірудің сәті түспеді»

18.11.2020

4091 0

«Кішкентайымнан сурет салуға құмар болдым. Мені фотоға алып келген осы сурет салу. Фотомен он үш жасымнан айналыса бастадым. Алғашқы фотоэтюдім он бес жасымда облыстық «Ленин жолы» газетіне шықты. Сайлау Пернебаев деген фотограф болды. Соған қатты еліктедім. Сөйтіп мен де табиғатты түсіре бастадым. Еркін шығармашылықпен айналыстым. Бұл өнерге деген махаббат қой. Сонау Аралдағы Құланды деген жердің аржағынан мына басы Шымкентпен шекаралас жерге дейінгі аралықта қалт еткен сәтті бейнені көзден таса етпеуге тырыстым», – дейді белгілі фотограф Болат Омарәлиев.

Иә, фотоқұрылғыдан шыққан өнім жай фото емес, жанды бейне болу керек. Бірақ бұлай түсіру кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Бұл қырағылық пен көрегенділікті қажет етеді. Күллі дүние дидарын көз алдыңа қайта әкелетін – ол сырлы сурет. Ал әр суреттің ішке бүккен сыры орасан. Бұл таудай төзімділікті, терең талғамды талап етеді.

Болат Шамаұлы – аңыз адам. Бұлай атауымыз тегін емес. Өйткені қазақ фотожурналистикасына еңбегі сіңген екі адам болса, соның бірі – осы Бөкең. Ал жалғыз болса онда осы кісі. Шамаұлының шамасы келмеген кадр кемдекем. Өйткені ол уақытты уысында ұтымды ұстай біледі. Сәтті түсірілген сырлы суреттерінде есеп жоқ. Талай тарланбозды таспаға түсіріп, тарих қойнауына таңбалаған талант әрбір туындының шынайы шығуына аса мән береді. Бүгінде мұрағат қорында 2000-ға жуық сурет сақтаулы. Көптеген шығармалары жұртшылықтың жоғары бағасына ие болып келеді.

«Егемен Қазақстан», «Казакстанская правда», «Қазақ əдебиеті» газеттері ұйымдастырған фотобайқаулардың лауреаты. Сонымен қатар Ресейде, Польшада, Украинада фото көрмелері өткізілді. Ресейдің «Известия» газетінде және «Советское фото» журналында бірқатар туындылары көрерменге жол тартты. 1989 жылы Мəскеуде өткен фототілшілер съезіне Қазақстан атынан қатысып қайтты. Жиырмаға жуық кітапқа еңбектері енгізілді. «ЭКСПО – 2017» көрмесінде де бірқатар еңбектері қойылды.

Сыр өңірінің дәріпті дүниелерін бейнеге түсіруде фототілші талай тер төкті, ерінбей еңбек етті. Ел ішіндегі ерекше сәттерді сурет арқылы сөйлете білді. Тарихқа тіл бітіріп, жансызға жан берді. Әрине, мұның барлығы өнер құдіреті. Ал бұл талап пен таланттың ұштасқан сәті. Кейіпкер әрбір суретін түсірер алдында үлкен ынтызарлықпен қарап, талғаммен таразылайды.

– Сурет түсіруге деген қызығушылығым алғаш 14-15 жасымнан басталды. Кейіннен осы салаға бірыңғай бет бұрдым. Мұрағатымда қазақ зиялылары мен Сыр өңірінің шежірелі тарихы таспаланған дүниелер жеткілікті. Қазақ ақынжазушыларының ішінде тек Мұқағали Мақатаевты суретке түсірудің сәті түспеді. Көбісі «шәкірт тәрбиеледіңіз бе»? деп сұрап жатады. Бұл салада ізімнен ерген шәкірттерім жоқ. Бұл заңдылық та шығар. Өйткені ақын-жазушыларда шәкірт болмайды. Олар тек еліктеу арқылы жетіледі. Өнер – көктен берілетін қасиет. Әбу атты немеремнің суретке деген қызығушылығын байқаймын. Соған қарап шығармашылығымды жалғастырар деп үміт артамын. Осы саланы мақсат тұтқан жас жеткіншектерге айтарым, суретке түсіргенде алдымен алдыңдағы нысанаңның көзқарасын, қимыл қозғалысын бақылау керек.

Бұрын фотоаппаратпен жұмыс жасаудың қиындығы көп еді. Қазір екінің бірінде телефон бар. Кез келген уақытта суретке түсіре алады. Бұл заманның дамығаны ғой. Суреттің құнды болуы сапасына байланысты емес. Маңыздысы фотоаппаратты өзіңе бағындыра білуіңде. Сонда ғана сен күткен дәріпті дүние шығады. Шәмші әндерін тақырыптарына байланысты түсіргенім бар. «Кешікпей келем деп ең» әніне орай сағатқа қарап елеңдеп тұрған сәтінен сәтті кадр шықты. Ол да құнды дүниелерімнің бірі. Міне, осындай әр суретімнің өзіндік тарихы бар. Сонысымен ыстық. Мұрағатым – менің мұрам, – дейді Болат Омарәлиев бізбен әңгімесінде.

Иә, бір сурет – бір тарих. Әр сурет – келмеске кеткен күндердің ескірмейтін естелігі, мәңгілік мезеті. Мазмұнына қарай құнды, құндылығына байланысты өміршең. Фотожурналистика қайраткерінің қас-қағым сәтте түсірген туындылары қазынаға бергісіз десе болғандай. Күнделікті өмірде кездесер алмағайып алуан кезеңдер мен сансыз оқиғалар кезінде жергілікті баспасөз беттерінде жарық көрді. «Қағазға түскенді балталап өшіре алмайсың» деген тәмсіл сөздің астарында аласармас ақиқат жатыр. Газет бетіндегі галереяларда талай тұлғаның тарихқа аты қашалды. Оның суретінде адамды өзіне тартып тұратын құдірет бар – ол шынайылығында. Бұл фотожурналистика феномені Болат Шамаұлының шарықтау кезеңі болатын.

Жарты ғасырлық ғибратты ғұмырнаманы жазып тауысу мүмкін емес. Өйткені ол – түгесілмес тақырып. Фотографтың ішкі әлемінің өрісі кең. Туындылар құндылығы ұмытылмас ұлылығы мен сырбаз сұлулығында. Бұл – қазыналы қарттың қатпарлы тарих қойнауындағы қайталанбас қолтаңбасы.

Ай алмасып, жылдар жылжиды. Заман, уақыт бір орнында тұрмайды. Таулар да шөгіп, теңіздер де тартылатын кез болады. Өмірдегі өзгеріссіз бір дүние ол суреттер ғана. Осындай өміршең дүниені өмір өзегіне айналдырған Болат Омарәлиевтің есімі қашанда құрметпен аталады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: