Жексенбі, 29 желтоқсан, 03:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қожықов көкжиегі

24.08.2021

2439 0

Тарих тінін тарқатсақ, талай текті тұлғамыздың туған елінің ертеңі жолында ерлікке пара-пар еңбек сіңіргенін білеміз. Ол уақыт өте келе өз жемісін берері хақ және беріп те келеді. Бүгін Қызылорда атауын ойлап тапқан қайраткер – Қоңырқожа Қожықов жайлы сөз ететін боламыз.

Біз бүгін сөз еткелі отырған Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы бұрынғы Ақмешіт, Перовск, қазіргі Қызылорда қаласы түбіндегі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашқан жас болашақ қоғам қайраткері Ташкентке оқуға түседі. Осында оқуын бітіріп шығып, ағартушылық қызметіне кіріседі. Алғашқы еңбек жолын Перовскіде теміржол жұмысшылары мектебінде шәкірт тәрбиелеуден бастап, мектеп директорлығына дейін көтеріліп, абыройлы қызмет атқарады.

Ол өзі шығарған «Әліппе» кітабында араб-парсы әліпбиіндегі әріптермен әр қазақы дыбысты жеке әріппен белгілеу жолын ұсынады. Бір дыбысты бір әріппен таңбалау әдістерін мысалдармен жүйелеп көрсетеді. Өзі ұсынып отырған осы «қазақ әліппесінен соң құран әліпппесін оқыса», балалардың «басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі артатынын айтады.

1917 жылы Ташкент қаласында өткен Түркістан қазақ-қырғыздарының съезінде съезд төралқасына сайланып, құрылтай жиналысына Сырдария облысынан депутаттыққа ұсынылып, халық кеңесінің құрамына сайланады. Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының өкілі ретінде Сырдария қазақтарының съезіне қатысып, онда қабылданған шешімдерге елеулі ықпал жасайды. Кеңестік билік тұсында бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланып, республикалық жерге орналастыру басқармасы басшыларының бірі ретінде Жетісудағы жер-су реформасына басшылық та жасайды. Өлкедегі «Қосшы» одағын ұйымдастырушыларының бірі болды. 1918 жылы қарашада Ташкент қаласында тұңғыш қырғыз педагогикалық курсы ашылып, Перовскіден Қоңырқожа Қожықов оқытушылыққа шақырылады. Осылайша алғашқы оқу орнындағы оқытушылар құрамында қызмет атқарады.

Қожықов көкжиегі

Тарихи атау ретінде қалыптасқан Ақмешіт қаласының атын «Қызылорда» деп өзгертуге Қоңырқожа Қожықовтың түрткі болғанын көпшілік біле бермейді. Ел астанасының аты ұлттық мазмұн беруге ұмтылды. Қызылорда атауы бір-біріне қарама-қарсы таптық және ұлттық құндылықтардың арасынан ең ұтымды деп таңдалған ымыралық шешім болды. Сол сәтте коммунистік қоғамның айнымас рәмізіне айналған қызыл түсті кеңестік идеология насихат құралы ретінде кеңінен пайдаланды. Жаңа қоғамның жетістігі, жер-су, елді мекен мен көшелер атауына ауысып, дәстүрлі қоғамның құндылықтарына қарсы қойыла бастаған кез еді. Осындай алмағайып тұста Қызылорда атауына да қатысты мәселе жиі көтерілді. Қала атын өзгертуді ұсынушылар большевиктік биліктің символына айналған «қызыл» ұғымына үрке қарады. Олар «Қызыл империяның бодандығынан құтылдық. Енді оның қала атауындағы таңбасынан да арылайық» – деген дәлелді алға тартады. Әйтсе де осы атаудың тарихи мәнінде Қоңырқожа тағылымды тұжырым жасайды.

Белгiлi тарихшы ғалым, профессор Мәмбет Қойгелдi «Қоңырқожа Қожықовтың қызметi» туралы баяндамасында бұл тұжырымды нақтылай түскен.

«1925 жылы Түркістан АКСР-і тарап, еліміздің оңтүстік аймақтары Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің құрамына енді. Сол жылы көктемде Қоңырқожа Қожықов жаңа астана Ақмешіт қаласында еліміздің бүкіл еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің бес күнге созылған V съезіне қатысып, Ақмешітті Қызылорда деп өзгертуге тікелей ықпал жасайды. Бұны тарихшы-ғалым Х.М.Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» атты еңбегінде Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабынан алады. Онда «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келіп Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан неге? деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады. Бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады», – дейді.

Қоңырқожа Қожықов бұдан бөлек елдік жолда талай игі іс атқарған қайраткер. Соның бірі Алматыдағы тұңғыш ұлттық мәдениет институты, өлкетану мұражайы мен өнер училищесінің ашылуына тікелей ықпал жасаған еңбегін айтуға болады. Сол уақытта ол Қорқыт ата кесенесін, Қожа Ахмет Яссауи мазарын, Сауран, Отырар қалаларының орнын мемлекет қарауына алу туралы да бастаманы да бірінші болып көтерген. 1935

жылы «Жетісудің ежелгі ескерткіштері» атты кітабын шығарады. КСРО Ғылым Академиясының қазақ филиалында еңбек етіп жүріп С.Асфендияров пен П.Кунтенің редакциясымен 1936 жылы жарық көрген «Прошлое Казакстана в источниках и материалах» жинағын құрастырушылардың бірі болды. 1938 жылы тұтқындалғанға дейін ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде ғылыми қызметкер, ориенталист қызметін атқарып, сирек қорды толықтыру бағытында жұмыс жасайды.

1938 жылы Қоңырқожа тұтқындалып, 58 жасында өмірден өтеді. Өмірлік зайыбы Ләтипа Қожықова жанына түскен жарадан жазыла алмаса да қиындыққа мойымай, балаларының білім алуына жағдай жасап, тұлға дәрежесіне жеткізіп қана қоймай, өз шығармашылығын да дамытып кетті. Өзінің төрт ұлын халқы үшін еңбек етуге, мәдениеті мен өнерін ұғынып, оны қастерлеп шыңдауға үйретеді.

1957 жылы 23 желтоқсанда халық жауы деген жаладан толық ақталып шығады. Жалпы алғанда Қоңырқожа Қожықовтың тұлғалық тұрпаты, кісілік келбеті азаматтық ұстанымы ұлтын сүйген әрбір перзентке үлгі-өнеге болып қала бермек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: