Бейсенбі, 18 сәуiр, 11:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Тастың төресін білесіз бе? Ол – «Адам ата» мен «Хауа ана»

21.09.2021

6455 0

Қасиетті Қазығұрттың шығыс жағындағы биік жотаны жергілікті жұрт Ғайып ерен Қырық шілтеннің киелі мекені санайды. Ондағы тас мүсіндердің арасында ерекше сыр бүккен Ата-тас пен Ана-тас тұр. Мұны көпшілік Адам ата тасы мен Хауа ана тасы деп те атайды. Тұрақты айдарымыз бойынша біз осы жолы екі жартасқа жолымыз түсіп, сондағы көзбен көрген керемет көріністі, құлақпен естіген әсерлі әңгімелерді жариялағанды жөн көрдік.

ШЫРАҚШЫ ШЫҢҒА ШЫҒАРДЫ

Жалпы Түркістан облысы қасиетті жерлер мен таңғажайып аңыз-әңгімелерге бай. Мұндағы киелі орынның бірі – Адам ата мен Хауа ана жартасы. Ол Леңгір қаласының жанында орналасқан. Мұнда келушілер қарасы көп. Олар жартасқа келген кезде ең алдымен дәрет алып, тазаланады. Шырақшы осыны міндеттейді, сондай-ақ бас киімсіз тауға шығуға қатаң тыйым салынған. Шыңға шықпас бұрын шырақшы фото мен видеоға түсіруге болмайтынын ескертті. «Журналист ретінде оқиға орнынан репортаж жасаймын» деген ойым су сепкендей басылды. Бірақ ол айтқан дүниелерді миға сақтап алуға тырыстым.

Айтпақшы, бұл тас алқабы «Ғайып ерен Қырық шілтен» немесе «көзге көрінбейтін қырық періште» деп аталады. Аңыз бойынша олар адамдарға Адам мен Хауаның қиын сынақтарынан өтуге көмектесетін, сондай-ақ бұл жерді ерекше күш пен қуатқа толтыратын қасиетті рухтар бар деседі.

Тау басына шыққан сәтте айналаға көз жіберсеңіз, ортасынан қақ бөлінген жартасты бірден байқайсыз. Бұл – Адам ата мен Хауа ананың жартасы. Мұнда келушілер осы қос жартастың ортасынан өтуді мақсат тұтады. Ал бұл екі кәрі тастың арасынан кез келген адам өте алмайды. Тек жүрегі таза, денсаулығы мықты жандар ғана кедергісіз өтіп кете алады деп жатады көпшілік. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жартас жүрегінде қорқынышы бар адамдарды өткізбеуі мүмкін. Қуыстан өткен кезде ең алғаш оң иықтан бастау керек. Бұл аралықтан тек 13 жастан асқан жандарға ғана өтуге рұқсат етіледі. Ені 14 сантиметр, ұзындығы 30 метрлік бұл қуыста тоқтап қалуға болмайды. Үнсіздікте, тек жүрегінің дүрсілін ғана сезініп бір демде жүріп өтесіз.

МЕН ДЕ ӨТЕМІН ДЕП ШЕШТІМ

Алыстан білінбегенімен, дәл түбінде тұрғанда екі айырылған қос жартасқа таңдана қарайсыз. Табанында жіңішке жалғыз аяқ жол сорабы жатыр. Жергілікті жұрт киелі санап, қос жартасқа қарап, Аллаға сыйынып, жалғыз аяқ жолмен арғы бетке өтеді. Алдымыздан қарсы алған шырақшы «осы тастың арасынан өтсең, ойлаған мақсатыңа жетесің», – деп түсіндіріп қойды. Сол айтқан сөзі бізді одан сайын құлшындыра түсті. Қырыңнан тұрсаң әрең сиятын мына саңылаудан өту мүмкін еместей, сосын қол созымнан кейін жіңішке жол кілт бұрылып кетеді де, оның ұштығын да таппай қаласыз. Жүрекке қорқыныш ұялататыны да осы көрініс. Содан жартасқа тағы да көз салдық. Бұл екі тас тым биіктеп кеткен бе дедім іштей… Шырақшы бірден бірнеше адамды топтастырып өткізетінін айтты, келістік. Сөйтіп он шақты адам қаз-қатар тізіліп, тасқа қарай беттедік.

Қарсы алдымдағы саңылау бұрынғыдан да қауіптілеу көрінді. «Тәуекел!», – деп алға қадам бастым. Қышырлап табанымдағы қиыршық тас сусығандай болған. Оң иығымды Адам ата тасының құж-құж қабырғасы сыдырып өтті ме деп қалдым. Ал Хауа ана тасы кең құшағын аша түскендей.

Өң бойымды билеген қорқыныш бой тітіркентті, әлде алды-артымнан қаусыра қысқан жартас па, білмедім, аяғым жерге бір тиіп, бір тимей келе жатырмын. Тас қуысынан ентіккен демім қабырға бетке барып өзіме қайтады. Шыны керек, мұндай сәтте аздап қысылып, терлеп те кетеді екенсіз. Жартастың табан тірейтін кей жері батпақ болып тұрды. Мүмкін, біздің

алдымызда жауын жауды ма, әлде күн түспегендіктен жер ылғалды ма екен… Бірақ мақсатымыз тоқтамай жүру болғандықтан, тек алға қадам баса бердік.

Бір кезде алдымыздағы адам қатары тоқтап қалды. Содан қайта кері шығуымызға тура келді. Өйткені бір кісі қысылып, әрмен қарай жүре алмайтынын жеткізді. Ондай сәтте «Алла, мені кешіре көр» деп кері шығу қажет екенін шырақшы ескерткен болатын. Адамға неше түрлі ой келеді емес пе… Мүмкін, әлгі адам толық шығар деген ой да келді. Бірақ дене бітімі толық та, арық та емес екен. Өзі әбден терлепті. Бәріміз соған қарап қалыппыз. Сол кезде «мен де қақ ортасына барып, соңына дейін өте алмай қалсам, не болар екен?» деген ойлар да келді аяқ астынан. Ойымызды шырақшының «жалғастырыңдар, күн батпай тұрып, өтулерің керек» деген қоңыр даусы бөліп жіберді. Оның айтуынша, бұл жерден небір толық адамдар да еш қиналмай өткен. Ал кейде арық адамның өзі өте алмайтын жайттар да жиі кездескен.

Содан тас арасындағы сапарымыз қайта жалғасты. «Аман өтсек екен деген тілекке енді басқа адам кері қайтпаса екен» деген тілек қосылды. «Реті келсе шығуды мақсат етейік» деп бір-бірімізге айтып та қоямыз. Тас арасында бір-бірімізді танымасақ та бұрыннан таныстай болып кетеді екенсіз. Бір байқағаным, жартас арасынан өтіп бара жатқанда «Е, Алла, өзің қолдай көр» деп Аллаға жалбарынушылар болды. Іште сондай дауыстар жиі естілді. Іштей Алланы еске алдыртқан бұл да бір құдыретті күш шығар деп келемін…

Тағы бір таңғаларлығы, екі тасқа сырттай қарасаңыз, ортасы түзу жол секілді көрінеді. Алайда олай емес. Ортасымен өткен кезде бір тасы алдыңғы жаққа, енді бір тасы артқы жаққа шығып, адам соның арасымен өтуі тиіс. Тасы тегіс, жолы жеңіл деп айтуға келмес. Бірақ тоқтамай өту керек. Сәл кідірсек, бізден кейінгілер де тоқтап қалады. Одан алдыңғы жақтағы адамдардың өтуі қиындап қалған кезде арқамды тасқа еркін сүйеп, демалып алғанды жөн көрдім. Сөйтіп қайта алға қарай жылжи бастадық.

Сәлден соң беймәлім сәуле жарқ ете қалғандай болды. Енді бір қозғалғанда, жап-жарық дүние кең дала құшағын ашты.

Ұзақ болып көрінген аз ғана уақыт, қиналған сан сағаттай сезілген қас-қағым мәуріт артта қалды. Өзімді ерекше жеп-жеңіл сезіндім. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Екі тастың арасынан өткенде, өмірде өзіңізде жаңа мүмкіндіктің мол екенін, тіпті қолыңыздан бәрі келетіндей, кез келген қиындықты еңсеретіндей күштің пайда болғанын сезетіндей әсер аласыз.

Сол екпінмен сыртқа шығып, тас сыдырғанда әрең шыққан киімімді дереу қаға бастадым. Бірақ ешқандай шаң жұқпапты. Киім кәдімгідей тап-таза, еш жері жыртылмапты. Сызаттың да ізі жоқ. Тіпті аяқ киімім де батпақсыз болып шықты. Айтпақшы тас арасы өте қараңғы болған соң көзімдегі көзілдірікті көйлегімнің қалтасына сала салғанмын. «Сынса сынсын, тас ортасынан аман шықсам болды» деген ниет қана тұрды. Әйткенмен сол көзілдірігіме де еш зақым тимепті. Қайран қаласыз.

ӘР ТАСТЫҢ ӨЗ СЫРЫ БАР

«Дастарқан» тастың басына тізе бүктік. Шырақшының айтуынша, осы тастың басында жылда 22 наурыз және 5 шілдеде әруақтарға құран бағышталады екен. Төмендегі үш бұлақтың бастауында әлдекімдер жүр. Суы қасиетті саналатын үш бұлақ – Көз бұлақ, Өңеш бұлақ, Құлақ бұлақ. Әрқайсысының аты айтып тұрғандай, бірі жанарыңызды шәйдай ашады, екіншісі тыныс жолдарына таптырмас ем болса, үшіншісі – есту қабілетін арттырады деседі. Біз де барып, мөлдір суынан дәм таттық.

Бұл жаққа келген кісі сол бұлақтардың жиегімен жоғары көтерілетін жалғыз аяқ жолдың қос қапталында жатқан «Қақпа» тастан бастап тәу етеді. Ғажабы сол, Ғайып ерен Қырық шілтеннің қасиетті мекені саналатын жота беткейінде бәрі бар, бірақ бәрі – тас мүсін.

Шырақшының әңгімесіне сенсеңіз, Нұх пайғамбардың өзі соққан тас ошақ – «Пайғамбардың ошағы», сосын «Дастарқан» сынды жап-жалпақ тас. Бұл жер төрт құбылаң тең болсын дегенді білдіреді екен. Одан былайғы жерде «Пайғамбардың жайнамазы» жаюлы жатыр. Беткейде қаннен қаперсіз жайылып жүрген жануарлардың тас мүсінін көріп тағы таңырқайсыз. Ойсыл қараңыз, Зеңгі бабаңыз, Шопан атаңыз осында, қос «Пілді» де кездестіресіз. «Бақа» деген және бар. Бұлардың ортасында биіктен қарап Адам ата мен Хауа ана тасы тұр. «Екі жастық» тасы да көзге түсті. Шырақшының айтуынша, бұл – Адам ата мен Хауа ананың жастығы. Жанында «Бесік» тас. Яғни «Ана құрсағы» деп аталады. Ол тастың қасында ұл мен қызды бейнелеген «Егіздер белгісі» деп аталатын тас та бар. Әрқайсысы өзінше бір аңыз десеңіз болады. Әсерлі өрілген әңгіменің ауанына, тас мүсіндерге қарап, иланбай көріңіз. Ертегідей бір әлем.

Күнгей бетте қасиетті Қазығұрт қараған қалпы замананың ыстық-суығына, от-жалынына, дауыл-боранына қайсарлықпен төтеп бере білген ұлы бабаларымыздың белгісіндей, беті шұрқ тесік әжімделген – Адам ата дерсіз. Мұны Адам атаның шапаны деп те атайды. Одан таң рауанын тағатсыздана тосып, мейірім мен шапағатқа өн бойын шуақтандырып, ізгілік пен ізеттің инабаттылық пен ибалықтың діңгегі бола білген ұлы әжелеріміздің белгісіндей, бесігін бауырына басқан Хауа ана тасы тұр.

САЯХАТ СОҢЫНДА…

Шырақшы айтқан әңгімелер біразға дейін естен кетпеді.

«Бағзы бір заманда төрткүл дүниені топан су басқанда, жарықтық, Қазығұрттың басына Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған екен. Содан жер бетінде тіршілік қайта жалғасын табады. Көне мен жаңа дүниенің куәсі болып ғұмыр кешкен Адам ата мен Хауа ана, төрт түлік пен жан-жануарлар өздері бастауында тұрған жаратылыстың мәңгілік күзетшісіндей болуды арман тұтып, осы жерде өз еріктерімен тасқа айналған деседі», – сөз соңында ол.

Расында, алыстан биік жота басына қайырылып көз салғанда, шырақшы әңгімесін мақұлдағандай, Адам ата мен Хауа ана тасы бұрынғысынан да айрықшыланып тұрғандай әсер алып, елге қарай қайта жолға шықтық.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: