Жұма, 26 сәуiр, 18:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қызым, ер адамның алдын кесіп өтпе

28.12.2021

9722 0

Бірде аурухана есігінің кіре берісінде тұрғанмын. Адамдардың бәрі асығыс. Ал менің сәл кідіріп, тоқтауыма тура келді. Өйткені сол көп адамның ішінде жасы жетпістің үстіне шыққан қария келе жатты. Ол да менің күтіп тұрғанымды байқаса керек. Аяғын жылдамырақ басты. Аурухана есігін ашып:

– Өте беріңіз, – дедім.

– Қызым, ана жақтан келе жатқаннан байқадым, мені күтіп тұрғаныңды. Өркенің өссін, айналайын, – деп ақ батасын берді. Бата алған, жылы сөз естіген кімге ұнамасын? Жүзіне күлімдеп қарадым да, «әумин, әумин, көке!» деп бетімді сипадым. Бір кезде әлгі кісі кілт тоқтап:

– Саған ердің алдын кесіп өтпеуді кім үйретті? – деп сұрады.

– Анам.

– Анаң ұзақ жасасын, айналайын. Қазір адамның ниеті өзгерген бе деп қаламын. Жол бермек түгілі, жағдай сұрасудың өзі қиындап кетті. Сенің тоқтап, жол бергеніңді көріп, іштей қуанып қалдым. Үлкеннің алдын кесіп өтпей, кішілік танытқан әдепті көріністі көрмегелі біраз болды.

Анамды еске түсірдің. Баяғыда жарықтық, ол кісі де ерінің, одан біздің алдымызды кесіп өтпей күтіп тұратын. Өзіңдей ұрпағымыз көп болсын, қарағым, – деп әңгіме арасында анасын да еске алды. Ал маған сол сәтте қазынаның «Айналайын, қарағым, қызым» деген сөздері өте бағалы болды. Қандай әдемі естіледі десеңізші…

Расында да, мен ес білгелі анамнан мына сөзді естіп бойжеттім.

– Қызым, ер адамның жолын кеспе. Мейлі оның жасы үлкен, кіші болса да, бәрібір оның жолы үлкен, – дейтін. Тіпті әкемнің көлігінің алдын кесіп өтпей, айналып жүреді. Қарап отырсам, көп нәрсе тәрбиеге байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген бар емес пе…

Осыдан бір жыл бұрын Алматы қаласында жүргенде осыған ұқсас оқиғаның куәсі болдым. Қай жерде жүрсем де, осы ұстанымды ұстанамын. Алматының адамдары, ондағы қайнаған тірлік мүлдем бөлек. Әлі есімде, Байтұрсынов көшесімен келе жатырмын. Бір кезде жасы үлкендеу келген ер адам келе жатқанын көзім шалды. Асығыс болсам да, жолын кесе алмадым. Күтіп, жол бердім. Есесіне алғысқа бөлендім. Рахметін айтып, «қай жақтың қызы боласың?» деп сұрады.

– Қызылорданың қызымын, – деп едім, «бәсе, Алматының қызына ұқсамай тұрсың» деп күліп алды.

Мені ғана емес, туған қалам Қызылорданы да мақтады. Сөйтсем, екі келінді Жаңақорған ауданынан алыпты.

– Басқа облыспен салыстырғанда Сыр елінің тәрбиесі басқаша. Халқы қарапайым, кішіпейіл, қонақжай болып келеді. Ал қыздарына келсек, өте тәрбиелі. Оны өз келіндерімнен көріп отырмын, – деген еді алматылық ақсақал. Сол кезде де бір марқайып қалғаным рас.

Тәрбие туралы тақырып қозғаған соң Төле би жайлы мына бір ғибратты әңгіме еске түседі.

Төле би қандай келін іздеген?

Атақты Төле бидің өзі ұлына ақылына, тәрбиесіне қарап жар таңдаған екен.

– Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына, бидің билігіне қызықпаймын. «Асыл пышақ қын түбінде жатпайды» деген. Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты – әйел. Ел сыйлайтын ерді ақылмен адам етіп тәрбиелейтін әйел, кең жайылған дастарханымен ердің атын шығаратын да әйел. Малына, байлығына қызығып, ешкімге құда болмаймын. Келінді асықпай ел арасынан өзім іздеймін. Бұйрық болып, кездессе көрермін. Ырыс, бақыт, қызыр да әйелде. Әйел қызырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелі үйге кім келмейді? Жақсы әйелдің арқасында ердің даңқы алысқа кетеді. «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деген. Би түскендей үй болу – әйелден, – деп келін іздеуге жолға шығыпты.

Сонда аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы бар еді.

– Ау, апайлар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғары жақтан бірқатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік. Үлкендердің алдынан кесіп өту дұрыс болмайды. Олар ел, жер қорғайтын ерлер. Кім біліпті, араларында асқан ақылды, данышпан қариялары, ашулы, арынды батырлары бар шығар. «Ер сыйлаған есікте қалмас» деген. Әлі-ақ бәрімізде бір-бір үйдің иесі боламыз. Шарапат-жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік. Апалар, аттарыңыздың басын тартыңыздар, тосып тұралық. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз,– депті әлгі қыз. Жол кеспей өздерін күтіп тұрғанын Төле би алыстан байқайды.

Жақындап келгенде аттан түсіп сыпайы сәлемдескен Данагүлден не үшін кідіргенін сұрайды. Сондағы жауабына разы болған Төле би осы бір ғана қасиетінен-ақ келін қылып алуға бел буыпты. Ер азаматқа деген ілтипат пен сыйластық жайлы бұдан кейін не айтуға болады?…

Тілші түйіні:

Бүгінде анамның берген осы асыл тәрбиесіне іштей риза боламын. Өйткені мен қазір сол тәрбиесі арқылы үлкеннен бата, кішіден алғыс алып келемін. Бір ғана сөзі арқылы маған ер адамды қалай ардақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін үйретті. Рахмет, анашым!

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: