Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада Жамбылдың қос домбырасы сақталған

03.11.2021

3368 0

Биыл Жамбыл Жабаевтың өмірге келгеніне 175 жыл толып отыр. Қазақ поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі саналатын ақынның артында қалдырған рухани дүниесі ұлт мұрасы ретінде ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Жыр алыбы талай айтыстың көрігін қыздырып, сүбелі сөз саптаудан алдына жан салдырмаған. Ұлы Отан соғысында да «Ленинградтық өренім!» деп жауынгерлерді рухтандырған да Жамбыл ақын болатын.

Айтулы ақынның екі бірдей домбырасы Сыр өңірінде сақтаулы. Бірі облыстық музейде болса, екіншісі Жалағаш ауданының тарихи-өлкетану музейінде тұр. Бұл домбыралар Сырға қалай жетті? Осы жағын сөз етейік.

Қызылордада Жамбылдың қос домбырасы сақталған

Ақмешіт музейінің төрінде тұрған домбыраны 1939 жылы Жамбыл Жабаев жерлесіміз Нартай Бекежановқа сыйға тартқан. Музыкалық аспап қызыл ағаштан жасалған. Шанағында темір металмен жазылған Бекежанов деген жазуы бар. Музей қызметкерлерінің айтуынша, Нартайға сыйға берілген домбыраны 1974 жылы Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Әлайдар Ембергенов деген кісі мұражайға тапсырған.

Жамбылдан мұра болған екінші домбыра Жалағаш ауданындағы музейде тұр. Сол ауданда қызмет атқарған шақта бұл домбыраны көзбен көріп, қолмен ұстаған едік.

Жалағаштағы домбыраны Әлімқұл Жамбылов, ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында ұйымдастырылған республикалық айтыста сыйға тартқан. Домбыра аудандық музейге 2006 тапсырылған. Домбыраны музей қорына Мардан Байділдаевтың қызы Жанат Байділдаева өткізген. Аталған домбыраны кезінде ақын-жырау Жамбыл Жабаевтың өзі ұстаған. Кейін немересі Әлімқұлға берген. Бұл домбыраның шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған. Атасы тартқан домбыра шанағынан басқа бөліктерінің барлығын Әлімқұл қайта қалпына келтіріп, жаңғыртқан.

Қызылордада Жамбылдың қос домбырасы сақталған

«Музыкалық аспап жетісулық үлгіде жасалған. Шанағы ұзын, бесбұрышты, мойынтұғыр жағы сүйірлеу, түйметұғыр жағы төртбұрышты, екі бүйірі түйметұғыр тұсынан бастап жоғарылай сәл кеңейе келе дыбыс ойығы тұсына бір елідей жетпестен мойынтұғырына қарай тарыла түскен. Мойны жіңішке әрі ұзындау. Арқасы үшкірлі дөңестеу болып келген. Шанағының беті қарағаймен ал қапсырма беті жұқа тақтайшамен жабылған. Дыбыс ойығы адам шынашағының ұшы сиярлықтай. Бастырығы мен түпкі тиегі жоқ. Мойынының сырты жұмырланып, беті еңгіштеліп тегістелген. Мойын мен шанақтың ортасында, яғни домбыраның сағасында жіңішке темір жапсырылып түйінделген. Құлақ тесіктері қос шектің ара қашықтығына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау тесілген. Құлақтары мен түйметығырығы ағаштан жасалған. Домбыраның өлшемі: тұрқы – 97 см, шанақтың ұзындығы – 40 см, шанақ бетінің жалпақтығының ең кең тұсы – 16,7 см, шанақтың түйметұғыр жалпақтығы – 12,7 см, шанақ беттелген қарағайдың қалыңдығы – 0,2 см, домбыра мойыны шанақ ұшынан домбыра басының (алақаны) ұшына дейінгі ұзындығы – 57 см, шанақ ұшының мойынмен ұштасатын тұсының жалпақтығы – 3,7 см, 1-ші перне мойнының алтын асық түйісер тұсының жалпақтығы 1,9 – см, мойнының орташа қалыңдығы – 2 см, шайтан тиегінің жалпақтығы – 2 см, биіктігі – 0,5 см, екі құлақтың арасы – 3,9 см, домбыра басының (алақаны) ұзындығы – 9,1 см, домбыра басының қалыңдығы – 0,9 см, домбыра басының жалпақтығы – 3,9 см, дыбыс ойығының диаметрі – 1,6 см, 19 пернелі», – деп сипаттайды Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Марат Ақмырзаұлы «Жамбылдың домбырасы» атты мақаласында.

Қазақ үшін домбыра – қастерлі саналатын музыкалық аспап. Ақын Қадыр Мырза-Әлидің «Нағыз қазақ – домбыра» деуінде де үлкен мән жатыр. Бұл музыкалық аспапты бабалар мұрасы ретінде бағалайтын ұлтымыз баға жетпес қазына деп санайды. 

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: