… Жұмыс кабинетімде отыр едім, қалта телефоным қоңыраулатып қоя берді.
– Нұрсұлтан, балам, аманбысың? Бұл – Қатира Жәленова деген апаң. «Қазақ әдебиетінің» түгел бір бетіне сен туралы «Жалғыздың жанын түсінер ақын ғана» деген үлкен мақала шығыпты. Сонда «Қазақ прозасына жаңа есім қосылды» деп жазыпты. Осы жаңалықты оқып, қатты қуанып отырмын. Сен жазған «Күтпеген қоңыраудың» кейіпкері Ақұштап апаңа да жаңа телефон шалып, құттықтадым. Шығармашылық табыс тілеймін, айналайын! Осы бетіңнен тайма! – деп батасын берді ақын апа.
Ойламаған, мүлдем күтпеген қоңырау болған соң ба, алғашында абдырап қалғаным рас. Олай болуы заңдылық та еді. Сыртынан ғана жақсы білетін танымал ақынның өзі хабарласып, сен туралы жылы пікір білдіріп жатса, саспағанда қайтесің?!
Ақын Қатира апамен жүзбе-жүз танысудың сәті облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдық мерейтойына арналған кеште түсті. Кеш басталар тұста «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан аға Елубаев мені Қатира Сыздыққызының іздеп жатқанын жеткізді. Ақын апа көрген сәтте құшақ жая қарсы алып, бетімнен сүйіп, батасын беріп, арқамнан қақты. Әдебиет жөнінде аз-кем әңгімелесіп те үлгердік.
Осылай күндер сырғып өтіп жатқан. Алланың қалауымен Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері атанып, елордадан Қызылордаға келіп әріптестерімнің қызу құттықтауына бөленіп жатқан кезім еді. Қоңыраулатып жатқан қалта телефоныма қарасам, Қатира апам екен. Бұл жолы да ақын апа жетістігіммен құттықтап, ақ тілегін жаудырып жатыр. Мен де қуанып қалдым.
Дәл сол күннің ертеңінде қолында үлкен бір шоқ гүлі бар Қатира апам кабинетке кіріп келе жатыр. Жанында танымал ақын, журналист Ғазиза Әбілда апайым бар. Міне, тосын сый! Гүлді қолыма ұстата салып: «Журналистика саласындағы ең үлкен сыйлықтың облыстар арасынан алғаш болып Сыр еліне келгенін естігенде үйде отыра алмадым. Ал соны алып келген сен біздің мақтанышымызсың, балам!» деп шашуын шашып жатыр.
Осы сәтте менің төбем көкке бір елі жетпей қалды. Алғашқылардың бірі болып телефонмен құттықтағаны аздай, ақын апа арнайылап кабинетіме келіп тұр! Шашуы қандай! Бәрінен бұрын аппақ көңілін айтсаңызшы! Бұған балаша мәз болып, жүрегім жарылардай қуанбағанда қайтейін? Сол күнгі қуанышым еселене түсіп, ақын апамен риясыз әңгімелесуге, емен-жарқын сырласуға, жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым.
Есімі Сыр өңірі ақын қыздарының көш басында тұрған қазақтың аяулы қызы Қатира Жәленова дегенде ең алдымен оның нәзік те сыршыл өлеңдері еске түседі.
– Жарық дүние,
Сырыңа қанып келем,
Бірге жасап
Өзіңмен,
Халықпенен.
Дәл өзіңдей
Жап-жарық
Жырларыммен
Адамдардың бәріне
Жарық берем! – деп жырлаған ақынның көркем сөзбен кестеленген өлеңдері сан алуан тақырыпты қамтиды. Қазақ поэзиясына «Кел, махаббат» атты жыр жинағымен еніп, өмірін өлеңмен өрген, қуанышы мен мұңын, жүректегі нәзік сезімін жыр жолдарына сыйғыза білген қаламгердің шығармалары белгілі бір дәуірді не жас талғамайды. Оның «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» атты жыр жинақтарын қолға алсаңыз, сұлу Сырды сырлы сөзбен суреттеген саф, мөлдір, кіршіксіз таза сезімді аңғарасыз. Кезінде ақынның бір топ өлеңдері Ресейдің «Разбег», «Мадонны Турана» антологияларына еніп, орыс тілді оқырманның да сүйікті ақынына айналды. Талай жыр мүшәйраларында топ жарған қаламгер 1979 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың кеңесіне қатысып, өзінің отты өлеңдерімен көршілес елдерді тәнті етіп, есімі Одаққа танылды. Сөз қадірін өз қадіріндей ұғынған сырбойылық Қатира Сыздыққызы аударма саласында да жемісті еңбек етіп, тәжік ақыны Гүлчехра Сүлейменованың «Қырық бұрым» өлеңдер жинағын қазақ тіліне сәтті тәржімалады.
Айтпақшы, ән сүйер қауымға жақсы таныс «Жылайды жапырақ» әнінің сөзін ақын Қатира Жәленова жазғанын көпшілік біле бермейді. Оқырмандарын поэзияның сырлы әлеміне жетелеп, өлеңдерімен жүректерге жылы шуақ құйған ақынның сөзіне жазылған осы әннің қазақ эстрадасына енді қадам басқан әнші Әйгерім Қалаубаеваның бағын ашқаны рас. Әсем әуенмен керемет үйлесім тапқан ақын өлеңі ұзақ жылдар бойы сахна төрінен түспей шырқалып келе жатқандығы музыкамен қоса поэзия құдіреттілігін аңғартса керек.
Жыр алыбы Әбділда Тәжібаевтың қолдауымен қазақ әдебиетіне қадам басқан ақын қыздың жастық әрі жалынды шағы Алматы қаласында, әдебиет алыптарының ортасында өтті. Қазақ Ұлттық университетінің қабырғасында Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов сынды ұлы ұстаздардан тәлім алды. «Қазақстан» телерадио корпарациясының радиосында ширек ғасырға жуық еңбек етіп, әдеби ортада өзінің соқпағын қалыптастырып, «Сырдан ұшқан қарлығаш» болып танылды.
Бүгінде сырбойылықтар «Шиелінің шынары» деп ерекше құрмет тұтатын ақын осы ауданның Ақмая ауылында дүниеге келді. «Қызылқайың» ауылында алғаш мектеп табалдырығын аттап, еңбекке ерте араласты.
Ақынның әкесі Сыздық Жәленұлы өнерден құралақан емес, керісінше, жас кезінен-ақ топ жарып айтысқа түскен, ән салып, сал-серілік кешкен жан болған. Үш қызының арасынан Қатирасын өзіне ерекше жақын тартып, қасынан қалдырмай ертіп жүреді екен.
– Әкем бес уақыт намазын оқып болған соң, қалған бос уақытын пеш түбінде отырып кітап оқумен өткізетін. Оқығанда да құдай берген әдемі, әуезді үнімен ерекше бір мақамға салып дауыстап оқиды. «Батырлар жыры», «Рүстем-Дастан» сияқты қисса-дастандарды мен осылай ең алғаш әкемнің аузынан естіп өстім. Оның үстіне, қырғауыл атуға шыққанда мені өзімен бірге атқа отырғызып ала кетіп, жол бойы небір аңыз-әңгімелерге құлағымның құрышын қандыратын, – деп еске алады бүгінде ақын апа.
Бесінші сыныпқа көшкеннен кейін бірыңғай кітапқа бас қойып, ауыл кітапханасының сөрелеріндегі сіресіп тұрған барлық кітапты ерінбей оқып тауысқан қыздың алғашқы өлеңі жетінші сыныпта Ақмаяға қайтып оралған соң, Қызылқайыңға деген сағыныштан туыпты. Сонда ақын қыз өзінің алаңсыз да мұңсыз балалық шағы аяқталуға жақындап келе жатқанын жүрегі сезгендей болыпты. «Ақындық киемен бірге қасіретті күндерім де қабаттаса келді ғой», дейді бұл туралы Қатира апа. Себебі сол уақытта әкесі айықпас дертке шалдығады. Жүрген жерін базар қып қыздырып жүретін асқар тау әкесі көз алдында ауыр науқастан мүжіліп, шөгіп бара жатқаны қаршадай қызға ауыр соғады. Әкесіне үрейленіп қараған сайын жаны ышқынып, жүрегінен мұңды жырлар төгіледі:
– Алдағы күнім не болар,
Әке, сізден айрылсақ?
Жігерім менің құм болар,
Қанатымыздан қайрылсақ.
Тағдырдан түсті ауырлық,
Біз неге сонша тарындық?
Бетіңіз бері қарар деп,
Үміт үзбей сарылдық, – деп көкірегі қарс айырылады.
Осы өлеңдерін әкесіне оқып бергенде, ол үнсіз тыңдап: «Қарағым-ай, қанаттыға қақтырмай өсіремін, кезінде өзім оқи алмаған оқудың түбіне жеткіземін деуші едім, қайтейін?» деп көзіне жас алып қамығады екен…
Оқушы кезінен-ақ осылайша ауыр қайғымен бетпе-бет келген Қатира әкесі ауырғаннан бастап сона-а-у Алматыдағы ақын Әбділда Тәжібаевқа хат жаза бастайды. Оның себебі де жоқ емес. Ақынның әкесі қазақтың абыз ақыны Ә.Тәжібаевпен бір рудан тараған аталас ағайын екен. Әрі екеуі де түйедей құрдас. Сыздық Жәленұлы жас кезінде сол Әбекеңе еріп барып бірге оқуға түсіпті. Бірақ мұсылмандықты қатты ұстанған әкесі Жәлен соңынан қуып барып, «шоқынды болып кетесің» деп ұлын кері алып қайтыпты…
– Әбділда Тәжібаевтан жауап келе ме, жоқ па, онда шаруам болмайды. Жаза берем, жаза берем… Өлеңдерімді қоса жіберемін. Жазғандарымды Әбекеңе ғана емес, қабатында аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға да боратып жатамын. Өзіміздің аудандық «Өскен өңір» газеті бірден басып шығарса, Алматыда шығатын газет-журналдар ілуде біреуін әрең басады. Соның өзі жеткілікті. Мәз боп қалам, – дейді Қатира апа әңгіме арасында.
Кейіннен тау тұлғалы Әбділдадан ақын қыздың хаттарына жауап келе бастады. Сол хаттан кейін екі ұрпақ өкілінің сырласуы ұзаққа созылды. Осылайша, Әбділда Тәжібаев әкесіз жетім қалған оған өкіл әке әрі рухани тірегі болды. Қатира университетке оқуға түсуге барғанында сол кісінің үйінде жатып, емтихан тапсырды. Емтиханның бәрін үздікке тапсырса да, бір пәннен жолы болмады. Шет тілінен мұрттай ұшты. Онда да өз кінәсінен емес, ол оқыған мектепте шет тілін үйрететін мұғалімнің жоқтығынан. Осы кезде талантты қызға Әбділда ақынның өзі қолдау көрсетіп, университетке түсуіне жәрдемдесті. Абыз ақын Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Әди Шәріповтің атынан Білім министрі Біләловке хат жазғызып, оны министрге өз қолымен алып барып тапсырды. Осы сәттердің бәрінде қасынан Қатира қызын бір елі тастамай, жетелеп жүрді. Кейіннен Әбділда ақынның қара шаңырағында әдебиет майданындағы талай марғасқалармен жолығып, дәмдес, дастарқандас, сырлас болған күндерді ақын апа бүгінде үлкен сағынышпен еске алып отырады.
Ақын қыздың студент кезіндегі өлеңдерінің алғаш баспа бетін көруінің де өзіндік тарихы бар. Бірде балауса өлеңдерін алып бұрын-соңды өзі барып көрмеген сол кездегі ең танымал басылым «Лениншіл жасқа» келеді. Редакцияның есігін имене ашып, ішке кірсе, бөлмеде бөлім меңгерушісі Оралхан Бөкеев пен оның орынбасары Сағат Әшімбаев отыр екен. Қатираның өлеңдеріне бірінші қол созған Сағат Әшімбаев көзәйнегінің астынан шұқшиып қарап шығып, әсіресе, «Қыз монологы» атты өлеңіне «Міне, өлең деп осыны айт!» деп ерекше сүйсініпті. Осы сәтте Оралхан Сағаттың қолындағы қағазға мойнын созып қарайды да: «Чепуха!» деп бір-ақ кеседі! Бөлім меңгерушісінің айтқаны – заң! Қатираның осы өлеңінен басқа өлеңдерінің бәрі дерлік аталған газетте жарық көреді. Бірақ басылымнан сызылып қалған сол «Қыз монологын» Сағат Әшімбаев кейіннен бөлім меңгерушісінің еңбек демалысына кеткен сәтін пайдаланып, газетке жариялайды. Сол-ақ екен оқу ордасындағы студенттер талантты жастың өлеңін жаттап алып, бүкіл университетке таралып шыға келеді.
Ал соңғы курста оқып жүргенінде өзінің қолдаушы піріне айналған Әбділда Тәжібаев сол кездегі таралымы өте жоғары және ел ішінде беделі зор басылым «Лениншіл жас» арқылы Қатира ақынға сәт сапар тілеп, үлкен әдебиетке жолын ашып береді.
1973 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген соң, Қазақ радиосына жұмысқа қабылданып, 1993 жылға дейін 20 жыл үзбей еңбек етеді. Осы жылдар аралығында Қатира Жәленова қазақ әдебиеті мен мәдениетін өрге сүйреген небір тұлғаларды, ұлтымыздың біртуар перзенттерін іздеп тауып, олардың дауысын Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазып, үнтаспаға түсіруге ерекше тер төкті. «Қазақтың Левитаны» атанған Әнуар Байжанбаев, Сауық Жақановамен аралас-құралас жүріп, өзін журналистика саласында да мойындата білді.
Екі аруананы тел емген ботадай, «Қазақ радиосы» мен Қазақстан Жазушылар одағының арасында еркелей жүрген ақын қыз 1988 жылы күтпеген жерден оқыс оқиғаға ұшырайды. Сол жылдың күзінде Алматы облысының Кеген ауданына іссапарға барып, оқырмандарымен кездесуден қайтып келе жатқанда, Есік қаласынан өте бере күтпеген жерден ол мінген көлік жол апатына түседі. Дәрігерлер ес-түссіз жатқан ақынды қасындағы серіктерімен бірге сол маңайдағы Түрген ауруханасына жеткізіпті. Бірнеше күн бойы есін жия алмай, зорға дегенде көзін ашқан ақынның осы ауруханада екі дүние ортасындағы өмір үшін күрескен сұмдық та ауыр күндері басталады.
– Сол күндерді, тіпті, еске алудың өзі қорқынышты! Адам өмірінің қаншалықты қып-қысқа, қас-қағым сәт екендігін мен бүкіл жан-дүниеммен сонда тұңғыш рет сезіндім, – дейді апам ұзақ ойға шомып.
Ауруханада қанша уақыт болғаны есінде жоқ, бір күні Әбділда Тәжібаевтың тапсырмасымен құрбысы Күләш Ахметова келіп, Алматы қаласындағы ауруханаға алып кетеді. Осы ауруханада ұзақ уақыт емделіп, кейіннен Жазушылар одағының Шығармашылық үйінде бірнеше ай тағы ем қабылдайды.
Ақын апа ешкімге оңайға соқпаған тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау жылдары туған жері – Сыр еліне оралды. Бұл бір құндылықтар адыра қалып, өмір сүру үлгісі мен тірлік кешу нышандары түбегейлі өзгеріске ұшыраған өте ауыр кезең еді. Ойламаған жерден келген нарық қыспағына шыдай алмай, ел-жұрт кәдімгідей есеңгіреп қалған, «тұрымтай тұсымен, балапан басымен» болған сол жылдар қаламгерге де жеңіл болған жоқ. Өмірінің 30 жылын өткізген ару Алматыны, ондағы аралас-құралас, қызметтес болған жора-жолдастарын, ең бастысы – әдеби ортаны қиып кету оңайға түспеді. Оның үстіне, ақынға жергілікті ортаға сіңісіп кету алғашында өте қиынға соқты. Жаны құлазып, көңілі ойсырап, жалғызсырап жүрген шақтарында туған жеріндегі текті кісілермен танысып-білісуіне сол кездегі республика көлеміндегі жалғыз әкім қыз Алмагүл Божанова мұрындық болды. Осы Алмагүл құрбысы оның қиналған сәттерінде жанына жалау болып, үнемі қасынан табыла білді.
Қатира апа қоғамды нарық теңізіне лақтырған жаңа дәуірде қазақ қыздарының арасынан алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлікке бет бұрды. Сөйтіп шығармашылығын ысырып қоюға тура келді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы ғой… Бірақ шабыт шіркін маза берсін бе? Біраз жылдан соң бір бұрышта жетімсіреп қалған қаламын қайта қолына алды. Оның тәуелсіздік жылдарындағы жаңа туындылары қазақ поэзиясына жаңаша серпін әкеліп, өр мінезді ақынның өлеңдерінен адами асқақ болмыс лебі аңқып сала берді. Көп өтпей халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды.
Айтпақшы, айтуға ұмытып барады екенбіз. Қатира Жәленованың өмірінде «Поэзия падишасы» Фариза Оңғарсынованың алатын орны ерекше. Екі ақын Алматыдағы әдеби ортада мұңдас, сырлас, бір-біріне қолдаушы болған. Кейіннен Фариза ақын Қызылордада жападан жалғыз көңілі құлазып, жаны жабырқап, үлкен әдеби ортаны сағынып жүрген Қатираны тауып алып, өзі қоңырау шалып, Астанаға шақырады. Өзінің «Фариза және сіңлілері» атты жыр кешінің құрметті қонағы етіп, сахна төріне үлкен қошеметпен шығарады. Бұл Қатира апаның:
– Жаным ауыр жалықты ойдан,
Жабырқайды жетім-жырым.
Көшкен жұртта қалып қойған,
Алтын сақа секілдімін… – деп жырлап жүрген кезі еді…
– Біз үшін өлең еді арман жалғыз,
Тізуші ек мәрмәр сөзді маржаннан біз.
Сен едің екі көзі тостағандай,
Жарқырап маңдайында шам жанған қыз.
Түсінем тез қуансаң, тез егілсең,
Түсінем тұңғиықтан сезе білсең.
Жамандық бар дегенге сенбейтұғын,
Пәктіктің, зияттықтың өзі едің сен, – деп Күләш Ахметова өзінің Қатира Жәленоваға арнауында жырлағандай, ақындық, адамдық, азаматтық келбеті ерекше қаламгер апа:
– Көмейімнен ағытып
Жыр бұлағын,
Көкірегіме
Сазды әуен тұндырамын.
Сағыныштың
Жаңбырын сіркіретіп,
Сырдың әнін сызылтшы!
Сырдың әнін! – деп бүгінде «Алты Алаштың анасы» атанған сұлу Сырдың әнін шабыттана жазып жүр.
Мерейлі 70 жасыңыз құтты, ғұмырыңыз ұзақ, халқыңыздың аялы алақанында еркелеп жүре бергейсіз, ардақты ақын апа!
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!