Бейсенбі, 22 сәуiр, 08:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (1733)
20.04.2021
PDF мұрағаты

Таразды танисыз ба?

02.03.2021

11733 0

Қазақтың қайсы бір жерін қарасаңыз да тұнған табиғатына көз тоймайды. Әрбір өңірдің өзіне сай сұлулығы бар. Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділді жағалай қоныстанған жайсаң жұрт, Арқа мен Алатаудың арасын алып жатқан алтын бесік. Қазақстанның кез келген жері қазына. Бұл – бабадан мирас болған ұлы құндылықтар. Осындай өзіндік сұлу сипаты бар өңірдің бірі – Жамбыл облысы.

Жамбыл облысы  – еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Іргесі Түркістан, Қарағанды облыстарымен және Қырғызстанның Талас, Шу облыстарымен көршілес. Аумағы Бетпақдаладан Тянь-Шаньға, Шудан Қаратауға дейін созылып жатыр. Жер көлемі – 144,2 мың шақырым. 

Тарихы – терең, келешегі – кемел

Облыс орталығы әрі ең үлкен қаласы – Тараз. Облыста барлығы 10 аудан, 4 қала, 153 кенттік және 379 ауыл бар. Климаты – едәуір құрғақ және континентальді болып келеді. Өңір аумағы оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс таулармен шектеседі. Мұнда өңір табиғатына орай бейімделген  өсімдіктің 3 мыңнан астам түрі бар. Жануарлардың 40-тан астам түрі мекендейді. 27,8 мың гектар алаңды құрайтын балық шаруашылығының қоры 74 су айдынынан тұрады.

Облыс аумағында 3 мемлекеттік табиғи кешен бар. Біріншісі «Берікқара шатқалы» – 17,5 мың га алаңды алып жатыр. Онда қызыл кітапқа енген 50-ден астам ағаш пен өсімдік түрі және жануарлардан – арқар, үнді жайрасын кездестіруге болады. Екінші «Қарақоңыз шат­қалы» Алатаудың батыс сілемінде орналасқан. Үйеңкі ағашы, боз қарағай, тұт ағашы, түйе жаңғағы өсіріледі. Үшіншісі жалпы алаңы 1000 мың гектар аумақты құрайтын «Андасай кешені». Мойынқұм ауылынан батысқа қарай Шу өзені бойында орналасқан. Мұнда селеу шөбі, бетеге, қара сексеуіл, талдың ну бұтасы бар. Жануарлардан арқар, құлан, елік, қабан, қоян, қырғауыл, құр тіршілік етеді. 

Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі. Осынау тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан жеткен тарихи-мәдени мұралар аз емес. Бұл қасиетті мұралар адамзат үшін қызмет етіп келеді. Мәдени-рухани орталық саналатын шаһар талай тарихты қойнауына бүгіп жатқан киелі мекен.

Таза сезім символы

Тараз өңірінде Айша бибі кесенесі бар. Ол – ХІ-ХІІ ғасырлардағы сәулет өнерінің үздік нұсқасы. Тараз қаласынан 17 шақырым жерде Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан. Бұл өңірге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны Айша бибі кесенесіне ат басын бұрмай өтпейді. Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Әрқилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы өрнектерге бай. Бұл – орталық Азия мен Қазақстандағы өн бойы ою-өрнектермен көм­керілген жал­ғыз ескерткіш. Кесене құрылысына антисейс­микалық мақсатта арша ағашы пайда­ланылған. Жерленген адам туралы тек аңыздар ғана сақталған. Аңыздардың бірінде Тараз билеушісі Қараханға сапары кезінде жылан шағып, қайтыс болған Зеңгі баба мен Ануар бегімнің ару қызы Айша бибі туралы айтылады. Аңыз бойынша Қарахан өзінің сүйіктісіне арнап керемет кесене салдырған. Қазіргі күні жастар Айша бибі кесенесіне мәңгілік махаббаттың, таза сезімнің, пәктіктің символына айналған киелі орын ретінде мінәжат етуге келеді.

Бабаджа Хатунға құрмет

Айша бибі кесенесінің маңына орналасқан кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан. Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны – Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі. Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні сақталмаған. Аңыз бойынша кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.

Қарахан – әулиеата

Тараз қаласының орталығында орналасқан кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. 1906 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен алғашқы кесененің орнына қайта салынған. 1961 жылы жүргізілген қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. 1836-1936 жылдар аралығында қала Қараханның құрметіне Әулиеата деп аталды.

Қазір бұл жер – бесік орналасқан орталық залы, үш бұрышында үш құжыра бөлмелері бар күмбезді құрылыс. Қарахан кесенесінің қабырғалары патшалық кезеңнің кірпіштерімен өрілген. Күмбезі мен арқалық ойықтары ХІ ғасырдағы кірпіш-плиткалармен салынған.

Тектұрмастың тұрағы

ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында Тектұрмас кесенесі салынған және бұл діни орындардың бірі болған. Төбе басында христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған. 2002 жылы кесененің алғашқы орнында жаңадан кесене тұрғызылды. Кесене жергілікті халыққа Тектұрмас атымен белгілі Сұлтан-Махмудхан жерленген орын ретінде белгілі. Ал Тектұрмас сөзі «тынымсыз орын» дегенді білдіреді.

Тараз өңірі қастерлі мұраларға толы аймақ. XVIII ғасырда қала Әулие-ата деп аталған. 1936-1937 жылдар аралығында Мирзоян деп аталған. 1937-1997 жылдары Жамбыл, 1997 жылы 8 қаңтарда тарихи Тараз атауы қайтарылды.

Тарихтан тағылым

Орта ғасырларда Тараз деген атауымен әйгілі болды. Қалаға ең бірінші келгендер Ферғана алқабының соғдылары болған. 1997 жылдан бастап тарихи атауы қалаға қайтарылды. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдың мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Орта ғасырларда Тараз Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалаларының бірі саналған. Әсіресе Қарахан дәулеті кезінде гүлденген. 19 ғасырда Әулиеата Қоқан қамалы еді. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында Ресей империясының құрамына кірген. Кеңес Одағы кезінде Жамбыл облысының орталығы болып, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Жамбыл облысының әкімшілік орталығы, тарихы бай шаһар болып өркендеді.

Өндірісті өңір

Таразда Қаратау тауларының бөктерінде Қаратау фосфор зауыты жұмыс істейді. Бұл зауыт фосфор шығарудан әлемде белгілі орынның бірі. Облыс орталығында «Жамбыл фосфор зауыты», «Химпром» зауыты бар. Сондай-ақ темір құрастырушы зауыты, автожөндеу зауыты, «Автобөлшектер» зауыты жұмыс істеп тұр.

Өткеннен өнеге

Тараз – ежелгі көне қаланың бірі, үлкен руханият орталығы. Шаһар кезінде ірі сауда-саттық орны болған. Тарихы бай, жері құнарлы, табиғаты көркем қала. Даму барысында өзіндік ерекшелігі бар мәдениет ошақтарының бірі. Тараз қаласы жайлы мәліметтер алғаш рет б.д.д жүзінші жылдағы қытай деректерінде айтылады. Қаланың ең алғашқы іргетасын Ғұн Тәңірқұты Шөже қалағаны жайлы қытай деректерінде айтылады. Алғашында бекініс ретінде Талас өзенінің бойында тұрғызылған. VI ғасырда Ұлы Түркі қағанаты Батыс иелігінің орталығы болып, Парсылық және Византиялық елшілерді қабылдаған. Осы кезден бастап «Жібек жолы» бойындағы ірі қалалардың бірі саналған. Кейіннен Батыс Түркі, Қарлұқ, Қарахан қағанаттарының саяси және мәдени астанасы болып, ғылым мен білімнің қолөнер мен сауда-саттықтың ордасына айналды. Қарахан империясы дәуірінде ортағасырлық мәдениеттің озық үлгісі болып, сәулет өнерінің дамуына ықпал етті. Онда көптеген ағартушы ғалымдар мен білімді шеберлер шоғыры жиналып, олардың арасынан әлемдік ғылымның өркендеуіне зор үлес қосқан Махмұт бин Әли әл-Тарази, Әбу Тахир Мұхаммет ат-Тарази, Әбд Садық Ахмет ибн Хасан, Һибатулла ат-Тарази сынды елуден аса көрнекті ғалымдар шықты.        

Тәуелсіздік тұсындағы Тараз

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекеттің қолдауымен өңірде өндіріс дамып, ауыл шаруашылығы алға басты. Тәуелсіздік жылдары аясында Таразда 871 әлеуметтік нысан бой көтерген. Оның ішінде 245 білім, 126 денсаулық сақтау, 500-ге тарта спорт нысандары ел игілігіне берілді. Соңғы 15 жылда облыс бюджетінің 12 есеге артуы да мемлекет қолдауының оң нәтижесінде болып отыр.

Мақаламыздың түйіні Тараздан түлеген тұлғалардың пікірімен қорытындылауды жөн көрдік. Әкім Тарази: «Туған жерім, Жамбыл өңірі менің тағдырымда айрықша орын алады. Әрбір жетістігіне қуанып отырамын. Жамбылға жиі барып тұрамын. Туған жер, өскен ел бәрінен қымбат», – дейді өз сөзінде. Тұңғышбай ағамыз: «Біздің елде еңбекқор, қарапайым халық тұрады. Мен Әулиеатаны, сол жердегі халықты жақсы көремін. Құшағыма сыйса, бәрін де құшақтағым келеді. Бүгінде Жамбыл өңірі өрлеу кезеңінде. Қазіргі кезде аймақта атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар соның айғағы. Күн сайын Тараз шаһарының сәулеті артып, аудандар мен ауылдардың бәсі биіктеп келеді», – дейді Қазақстанның халық әртісі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: