Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тасбөгеттегі мәдениет мекені

16.11.2022

2416 0

Қала іргесінде орналасқан Тасбөгет кенті сонау 1948 жылы алып құрылыстың басталуы негізінде бой көтерген еді. Сырдария өзенінің су тоспасын салу үшін шақырылған мамандар сол аумаққа қоныс теуіп жаңа ауданның негізі қаланған.

Содан бері 70 жылдан астам уақыт өтіп, тарихы терең тамыр жайған кенттің өзіндік мәртебесі, мәдениеті қалыптасқан. Кент бастапқыда жан-жақтан тартылған құрылысшылардың орналастыру үшін ежелгі Қатынкөл мен Тасарық ауылының орнына салынған. Құрылыстың қарқын алуы, мамандардың күн санап артуы солай жаңа ауданның бой көтеруіне түрткі болды. Су бөгеті тоғыз жыл көлемінде салынды. Оған дейін мұнда құрылысшы отбасының балалары үшін мектеп, сондай-ақ мамандар даярлайтын оқу орны ашылды. Ал су бөгеті 1956 жылы ел игілігіне беріліп, Тасбөгет поселкесі Сырдария ауданының орталығы болды.  

Тасбөгет поселкесі құрылмай тұрып бұл аумақ Сырдария ауданы болғаны белгілі. Сондықтан мұндағы руханияттың өзегі әріден бастау алған деуге негіз бар. Ауданда 1926 жылдан клуб үйлері қызмет көрсеткен. Уақыт өткен сайын мәдени сала өркен жайып, кітапхана, клуб үйі, қызыл мүйіс деп аталатын мәдени орындар пайда бола бастайды. Көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді. Бұл ретте мектеп оқушылары белсенді болып, көркемөнерпаздар ұжымы қалыптасады. Оларды халық ерекше ықыласпен қабылдап, танымалдылық артқан.

Ауданның аталған саладағы дамуы соғыс жылдарынан кейін жанданды. Мәселен 1945-1955 жылдар аралығында онда 9 ауыл клубы, 14 кітапхана, 1 қызыл отау, 30-дан астам үйірме болған. Осылайша жыл өткен сайын жұртшылық рухани толысып, мәдени сұраныс артты. Әсіресе, көркемөнерпаздар жұмысы жетіле түсті. 1955-1965 жылдары ауданда 40 көркемөнерпаздар ұжымы, 1 «халық театры» болды. Театрда О.Әбдімомынов, Ы.Рахманқұлов, Б.Қуанышев, З.Арынова сынды өнерпаздар шынайы өнерімен көпшілікке танылды. Халық арасында таланттардың топ жаруына сол тұста аудандық мәдениет бөлімін басқарған Т.Жұмандықов, Б.Шілманов сынды азамат үлес қосты. Ең алғаш  ауданға толық жабдықталған жылжымалы клубты әкелген де солар болатын. Сол тұста клуб сахнасында «Еңлік-Кебек», «Салпекеңнің саудасы», «Беу, қыздар-ай», спектакльдері қойылды.

Кейін Сырдария ауданы мен Тереңөзек кенті біріктіріліп, аудан орталығы Тереңөзек кентіне ауысты. Бұл 1967 жылдың шамасы болатын. Мәдениет пен руханияттың өзегі ретінде мәдениет үйі, орталық кітапхана, кинотеатр салынды. 1967-1990 жылдар аралығында ондағы елдімекендерде 16 клуб, 27 кітапхана, 11 жылжымалы автоклуб, 1 халық театры, 40 көркемөнерпаздар үйірмесі тұрақты жұмыс істеді. Аудандық кітапханадағы кітап қоры 300984 данаға жетті. Оқырман саны да күн санап толықты. Жаңадан мәдениет үйі, 420 орындық клуб бой көтерді. Мұның бәрі халықтың сұранысына сай мәдени-рухани дамуы үшін жасалды.

1997 жылдан бастап Тасбөгет қалаға қарасты аудан ретінде өз еншісін алды. Бұған дейін кенттегі бой көтерген 220 орындық мәдениет үйі руханияттың негізгі  діңгегіне айналған. 1996 жылы аталған мәдениет үйіне КСРО және ҚазКСР халық әртісі С.Майқанованың атын беру туралы шешім шықты.

Тәуелсіздік жылдары Тасбөгет кенті мәдени тұрғыда өз алдына бөлек дами бастады. Мәдениет ошағымен бірге «Мереке» вокалды-аспапты, «Бастаңғы» әжелер ансамблі дүниеге келді.  Сонымен қатар «Мереке-думан» әзіл-сықақ театры жұмыс істеді. Аталған ойын-сауық отауы облысқа танымал ұжым болды.

Сахна шеберінің атына берілген бұл мекеме бүгінде кенттің негізгі руханият ошағына айналған. Бабалар мұрасын насихаттап, өскелең ұрпаққа дәріптеуде бұл мәдениет ошағының орны айрықша. Елге 30 жылдан аса уақыт қызмет көрсетіп отырған мекеменің тіршілігі бір сәтке тоқтаған емес. Мұнда кент жастары мен оқушыларына арналған түрлі үйірмелер, кітапхана, сондай-ақ «Бастаңғы» әжелер ансамблі бар.

Қазір мұндағы 8 үйірмеге 111 адам қатысады. Олардың барлығы дерлік өз талантын баптап, бәйгеде оза шапқан дарындар. Атап айтсақ, республикалық «Әдемі-ау»,  «Әрқашан күн сөнбесін» байқауында «Дарын» үйірмесінің оқушылары А.Мұсаева, Ж.Қалмағанбет, Е.Сармырзаев, Д.Ахылбек, А.Тілепбай, С.Құрал, Д.Кәрім жүлделі орын иемденген. Одан бөлек Түркия елінде өткен халықаралық балалар ойындары мен билері фестивалінде көркемсөз оқудан «Шабыт» үйірмесінің қатысушысы Ержігіт Сармырзаев 1 орынды иеленіп, Батуми қаласында өтетін «Золотая волна» халықаралық конкурсына жолдама алған. Бұдан өзге де облыстық республикалық түрлі бағыттағы байқауларда үйірме қатысушылары шашасына шаң жұқтырмай тек жүлделі орындардан бой көрсетіп жүр. Мұның барлығы мәдениет үйінде еңбек ететін қызметкерлердің ерен еңбегінің жемісі.

Кенттің тыныс-тіршілігімен бірге мәдениет үйінің де жұмысы біте қайнасқан. Қай кезде болмасын тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда түрлі шараларға мұрындық болған руханият ошағы жаз айында да оқушылардың уақытын тиімді өткізуіне үлес қосуда. Кешкілік уақыт кенттің орталық алаңында «Талант тұнған Тасбөгет» атты концерттік бағдарламасын ұсынады. Онда үйірме өнерпаздары көпшілікке өнер көрсетеді.

Бүгінде Толқын Болатқызы басшылық жасайтын мәдениет мекемесінде 23 қызметкер рмәдениет, өнер саласын дамытуға еңбек етуде.

«Мереке» вокалды-аспапты ансамблі

Іргесі кенттегі мәдениет үйімен қатар қаланған бұл ансамбль уақытында көп көңілінен шығып, кең танымалдылыққа ие болған еді. Дәуірінде дүбірлеген ансамбльдің көркемдік жетекшісі өңірге белгілі сазгер С.Ұлықпан болды. Десе де «Мереке» вокалды-аспапты ансамблі десе елең етер көрермен әлі де бар. Осыдан үш жыл бұрын ансамбль өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Жастық шағының куәсіндей болған ансамбль орындаушыларының айтқан әндері ел жадында жақсы сақталған. Иә, бұл ансамбльдің Тасбөгеттің мәдени тарихында ойып алар орны бар.

«Бастаңғы» әжелер ансамблі

Өнегелі өнерді бойға сіңіріп, отбасы мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген бұл әжелер ансамблінің тарихы 1989 жылдан бастау алады. Жаңа мәдениет үйі ашылғанда оған дем беріп, жаңаша бағытта қадам басқан ансамбльдің негізгі мақсаты – отбасы құндылығын дәріптеу. Ата-баба дәстүрін келер ұрпаққа жеткізіп, бойына сіңіру. Бұл тұрғыда «Бастаңғы» әжелер тобының атқарған жұмысын жоғары бағалауға болады. Қала бойынша белсенді, қайсыбір шара болмасын оқ бойы оза шығып, өнегелі ісімен ел құрметіне бөленген. Отыз жылдық орны бар ансамбльдің құрамы қанша өзгерсе де, сегіз қырлы бір сырлы жандармен қайта толықты.

Ондағы әжелердің бірі қолөнерші, бірі ақын, бірі кәсіпкер. Иә, ансамбль құрамында 11 батыр ананың ең жасы алпыстан асса, үлкені сексеннің сеңгірінде. Көрермен көзайымына айналған олардың репертуары халық әндерінен құралған. Тіпті халық әнінің ескі нұсқалары да бар. Әнді нақышына келтіре орындап, өнерлерін көпшілікке паш етіп жүрген өнер ұжымы түрлі байқаулардың жүлдегері. Өңірде ауыл-аймақты аралап, гастрольдік сапарға шығатын, мәдениет үйімен бірге бүгінгі күнге дейін біте қайнасып келе жатқан бірден-бір ұжым ретінде «Бастаңғы» әжелер ансамблін айтуға болады.

Тасбөгеттік таланттар

Сыр елі талай ақын, жырау, әнші, күйші, жазушыларды түлеткен өңір. Солардың біршамасы бұрынғы Сырдария ауданы, қазіргі Тасбөгет кентінің тумалары. Оның ішінде белгілі әдебиетші-ғалым М.Қаратаев, ақын Қ.Баймағамбетов, жырау Р.Мәзқожаев, айтыскер Х.Айжанқызы, М.Қыраубаев, Б.Нұрымбетов, халық әртісі С.Майқанова, Ш.Әбдібаев, О.Әбдімомынов, Ғ.Әбдінабиева, термеші Ә.Еңкебаев, Ұ.Байбосынова кинорежиссер С.Қожықов, драматург ақын И.Оразбаев, М.Әміреев, Ә.Рақымбекұлы, И.Иса, Қ.Есімсейітова, жазушы С.Балғабаев, С.Алдабергенов, Ш.Рахметбеков сынды таланттар ауданның рухани діңгегін нығайтуда зор үлес қосты. 1985 жылы А.Өтеповтың жетекшілігімен «Сырлы саз» ансамблі бүкілодақтық фестивальде лауреат атанды. Үш жылдан соң ансамбльге «Халықтық ансамбль» атағы берілді. Ал жоғары кәсіби шеберлігі үшін А.Өтепов «Ең үздік дирижер» номинациясымен жоғары бағаланды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: