Осыдан екі жыл бұрын республика бойынша ыстық сумен қамтылмаған облыс орталықтарының бірі – Қызылорда қаласы еді. Мемлекет басшысының қолдауымен бұл мәселе де оң шешімін тауып, көпқабатты үйлерге ыстық су пайдалануға беріле бастаған еді. Облыс орталығын ыстық сумен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінде «Ыстық су қашан беріледі?», «Су қысымы неге төмен?», «Жүйеге қосылғаннан кейін судың сапасы қандай болады?» деген сұрақтар әлеуметтік желілерде көптеп қойылуда.
Осыған байланысты «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесі атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ресми түсініктеме берді. Бүгінде рейд барысында «Ақмешіт» және «Шұғыла» шағын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың үйлеріне сапалы әрі тұрақты ыстық су жеткізу мақсатында сорғылардың сүзгілері уақытылы тазартылып, техникалық тексеру және ревизия жұмыстары жүзеге асырылуда.
Мамандардың айтуынша, күн сайын жүргізілетін бақылау нәтижесінде судың сапасы мен жүйедегі қысым көрсеткіштері тұрақты қадағаланады. Бұл жұмыстар тұрғындарды сапалы қызметпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Техникалық жұмыстар кезең-кезеңімен ыстық су жүйесіне қосылған өзге де көпқабатты тұрғын үйлерде жалғасады. Мекеме өкілдері тұрғындарды жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!