Құрылтай

Сенбі, 18 шiлде, 01:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53 (2265)
18.07.2026
PDF мұрағаты

Жорабек Нұрымбетов, Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты: Су қадірін білетін кез келді

18.07.2026

37 0

Соңғы жылдары әлемде суды көбірек тұтыну өсе түскен. Мұны сарапшылар халық санының өскенінен бөлек, адамдардың жақсы өмір сүруге ұмтылысы, диеталық тағамдарға бет бұра бастауы да суды көбірек тұтынуға әсер еткенін айтып отыр. Бір қарағанда, тым қарабайыр себеп сияқты көрінгенмен, бұл кейбір елдегі су тапшылығы мәселесіне айналуда. Сарапшылар атап көрсеткендей, халқы тұтыну рационын өзгерткен, яғни ет өнімі мен дәнді дақылдарды күнделікті жиі пайдалануға бет бұрған Бразилия, Қытай, Индия елдерінде су тапшылығы сезілуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысатын елдер үшін су жылдан-жылға қат дүние болып отыр. Мамандар алдын ала болжағандай, алдағы уақытта барлық егістік жерлердің шамамен 10 пайызы және жайылымдардың 14 пайызы құрғақшылыққа ұшырайды, ал суармалы егістік жерлердің 60 пайызы су тапшылығына тап болады. Осы орайда өңірдегі су жайы, су үнемдеуге деген көзқарас жайында  «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Әлемдік сарапшылар болашақта су алтын мен мұнайдан да қымбат, яғни келешектің валютасы дегенді жиі айтып жүр. Әлем дабыл қаққан су мәселесіне қоғам көзқарасы қалай?

– Адамзат үшін ауадан кейін ең қажеттісі – су. Кли­маттың жылынуына байланысты дүниежүзі бойынша су тапшылығы сезілуде. Мұны бүкіл дүниежүзілік қауымдастық мойындап, түрлі шаралар қабылдауда. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық. Оның ішінде Сыр өңірінде де су тапшылығының әсері сезілуде. Шыны керек, осы уақытқа дейін судың қадірін білмедік, әлі де бағаламай келеміз. Суды таусылмайтын байлық деп санап, әлі күнге дейін ауызсуды көлік жууға, бақша суаруға және басқа мақсаттарға есепсіз пайдаланамыз. Бұл біздің суға деген көзқарасымыз қандай екенін білдіреді. Жалпы су болашағына немқұрайлы қарауға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Судың да сұрауы бар» екенін әрдайым өз Жолдауында, Сыр өңірінде өткен Құрылтай отырысында атап айтып, су мәселесіне назар аударып келеді. Өйткені келешекте су мұнай мен алтыннан да қымбат болуы мүмкін. Халық мұнайсыз күн көре алатыны анық, ал сусыз өмір жоқ екені белгілі. Сондықтан суды «келешектің валютасы» деп атайды. Африка елдерінде бір литр судың бағасы бірнеше доллар тұрады. Соның өзінде суды ақшасына қарай емес, жан басына  қарай өлшеп береді. Судың әр тамшысы бағалы десек те болады. Су тапшылығын дәл қазір болмаса да келешек ұрпақ сезінуі мүмкін. Қазірдің өзінде жерасты суы азайғанын байқауға болады. Жерүсті суы мен жерасты суы екеуі бір-бірімен байланысты. Жер бетіндегі су азайса, жер астындағы су да кемиді. Мысалы, қаладағы «Арай» шағын ауданында бұрын үнемі ыза су көтеріліп жататын еді. Кейінгі кезде сол ыза су  кетіп қалды. Сондай-ақ қала аумағында, мысалы, бұрын жерді жеті-сегіз метр тереңдікте қазса, су шығатын, қазір 16-15 метр тереңдікке кетіп қалды. Демек, жерасты суы да азайып барады.

– Ғылыми деректерге, нақты цифрларға сүйенбей-ақ жыл сайын су көлемі азайып келе жатқаны сезіліп келеді. Әсіресе, бұл диқандардың бас ауруы. Су маманы ретінде алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласы қандай бағытқа бет бұруы керек деп ойлайсыз?

– Ғылыми дерекке сүйенбей-ақ көзбен көргенімді айтайын. Жылда Шардара су қоймасында экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін, яғни анығын айтқанда, батпақтанып кетпеу үшін 1 млрд текше метрге дейін су қалдыратын едік. Былтыр су тапшылығына байланысты Шардара су қоймасындағы су деңгейін 216 млн текше метрге дейін төмендетіп жібердік. Осы салада қанша жыл еңбек етіп жүріп мұндай жағдайды бірінші рет көруім. Су тапшылығының әсерінен Қызылорда, Түркістан облы­сындағы егіншілер сусыз қалмау үшін осындай қадам­ға бардық. Биыл мұндай жағдай қайталанған жоқ, дегенмен былтырғы жылмен салыстырғанда жоғарыдағы су қой­маларындағы су көлемі 2,5 миллиардқа дейін кем болды. Ең бастысы, биыл егінге су жеткізу қиын болып жатқан жоқ. Дегенмен жылдан-жылға судың азайып бара жатқанын сезініп отырмыз. Сондықтан суды ұқыпты пайдалануға бүкіл халық атсалысу керек. Шынында, су енді көбеймейді, бұл енді азайғаны азайған, оның үстіне ауа-райы да жылдан-жылға ыстық болып барады. Жалғыз бізде ғана емес, жаһандық жылыну салдарынан Солтүстік мұзды мұхиттағы мұз еріп, көптеген елді мекенді су алып жатыр.

Кейінгі кезде Сырдария өзеніне жоғарыдан түсетін судың көлемі жылдан-жылға азайып келе жатқанын сезініп келеміз. Осыған байланысты суды үнемдеп пайдалану технологияларын іске асыруымыз қажет. Біріншіден, егістік жерлерді тегістеу, ішкі су жүйелерін  тазалау, су жүйелерінде орналасқан гидротехникалық құрылымдардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету, суды аз пайдаланатын дақылдарды егуге көшу. Кейінгі кезде суды үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды пайдалануға көшудеміз. Әсіресе біздің облыс үшін ең тиімді әдіс – күріштік жерді лазерлік тегістеу. Бұл өз кезегінде суды 20 пайызға дейін үнемдейді, өнім 30 пайызға дейін жоғары болады. Мемлекеттен жоғарыда аталған технологияларды пайдаланғанда су жеткізіп беру қызметіне 80 пайызға дейін жеңілдіктер беріледі. Биыл облысқа суды үнемді пайдалану технологиясын енгізген су пайдаланушыларға 10 млрд-қа жуық субсидия бөлінді. Бүгінгі күні мамандарды ойландыратын мәселе әр су пайдаланушы суды ұқыпты пайдалану үшін су пайдаланатын шаруашылықтар су саласының маманын ұстау қажет. Екіншіден, су өлшегіш құрал әр шаруашылықтарда болу қажет және оны пайдалана білу керек, су пайдаланушы су мәдениетіне бейімделетін уақыт жетті деп есептейміз. Бүгінде мемелекет тарапынан суды үнемді пайдалану мақсатында миллиардтаған қаржы бөлінуде, сол қаржыны тиімді пайдалану қажет.

– Су үнемдеуге келгенде су мамандары, экологтар ғана дабыл қаққаны болмаса, жалпы халықтың суға деген көзқарасын әлі де өзгерту керек екені байқалады…

– Сыр өңірі судың қадірін де, қасиетін де біледі, дегенмен әлі де суға деген көзқарасты өзгерту керек. Кейбір тұрғындар суды таусылмайтындай көреді. Ауызсуды есік алдына су себуге, бақша суаруға пайдаланады. Өзім есік алдындағы бақшаны суару үшін 13 метр тереңдіктен алып отырмын. Үйіме келгендерге «бақшаны осылай суаруға болады» деп кеңес беремін. Біз жерасты суын дұрыс пайдаланбай жатырмыз. Қазақстан бойынша жерасты суын пайдалану үлесі 6 пайыз ғана, өте аз. Ол су ішуге жарамайды, бірақ техникалық су ретінде пайдалануға, бақша суаруға, көлік жууға жарайды. Сондай-ақ пайдаланылған суды қайта өңдеу жұмысы да өте баяу жүруде. Өңірде «Вагон депосы» деген мекеме бірнеше жылдан бері қайта өңделген суды пайдалануды қолға алды. Бұл мекеме вагон жуған суды қайта өңдеп, пайдаланып отыр. Мекеменің су үнемдеу жұмысын арнайы барып көрдік. Өте тиімді жасаған, суды шығындамайды, бұл өзгелерге де үлгі болса дейміз.

– Ұзақ жылдар бойы су шаруашылығы саласында еңбек етіп келесіз. Судың жайын жақсы білетін маман ретінде сізді қандай мәселе ойландырады?

 – Ауыл шаруашылығы саласына келетін болсақ, Сыр өңірінде 178 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген жер бар. Бұл – біздің алтын қорымыз. Осы байлығымызды сақтау үшін күріш егуді 100 пайыз қысқартуға болмайды. Біз күріш егуді тоқтатсақ инженерлік жүйеге келтірілген жерден және экологиялық тепе-теңдікті бұзып аламыз. Өздеріңізге белгілі, күріш суда өседі, су болған жерде шөп өседі, ылғал болады. Бұл өңірдің экологиялық тепе-теңдігін ұстап тұруға әсер етеді. Бүгінде біз күріш егуді жыл сайын азайтып келеміз. Өткен жылы 80,9 мың гектар жерге күріш егілсе, биыл 70 мың гектар, яғни 10 мың гектарға азайттық. Енді 70 мың гектардан төмен түсіруге болмайды, себебі экожүйені бұзып алсақ, оны қайта қалпына келтіру қиын.  Біздің мақсатымыз – экожүйені бұзып алмау, ал экожүйе бұзылса, экологияға нұқсан келеді, адам денсаулығына да әсер етеді. Бүгінде суды аз қажет ететін дақылдарды егуге көшу жайы көп талқылануда. Әрине, бұл бір күнде орындалатын жұмыс емес. Сырбойылық шаруашылықтар да бұл іске біртіндеп көшуде. Бұған дейін техника да, су жүйесі де, тыңайтқыш та күріш егуге лайықталғандықтан, оны бірден алмастыру қиын. Аймақта біраз шаруашылықтар қара соя, жүгері, мақсару егуде.  Мәселен, биыл Жалағаш ауданында НАRVEST ACRO мекемесі  8,9 мың гектарға Шиелі ауданы, 2 мың гектарға жүгері дақылын екті. Сырдария, Жаңақорған аудандары да биыл суды аз қажет ететін дақылдарды егу қолға алды.

Тағы бір мәселе – көлдер жүйесін қорғау.  Сыр өңірінде бүгінде шамамен 112-дей көл бар. Ендігі мәселе сол көлдерді құрғатып алмай, сақтау керек.

– Көлдің бәрі жекенің қолында емес пе?

– Мейлі. Мәселе кімнің қолында екенінде емес, барды сақтап қалуда. Иелігіне алғандар жауапкершілікпен қараса деймін. Уақытылы су баратын жолдарды тазалап, қамқорлық жасау керек. Әйтпесе, қаншама көл құрғап қалып жатыр. Әрбір көлді кіші Арал деп қарау керек. Көлдер жүйесі бұзылса, экология бұзылады. Сол себепті бәріне де ұқыппен қарау маңызды.

Ендігі бір мәселе – Шу, Талас өзені бар. Сол өзеннен Телікөл көлдер жүйесіне (Қызылорда облысы) дейін су келетін еді. Кейінгі кезде Жамбыл облысына тиесілі болып қалды. Кейін халық қайта-қайта ұсыныс айтып, өзен суын Созақ ауданына дейін келетін етіп, су жолдарын тазалады. Енді сол Созақ ауданынан Қызылордаға қарай 70-80 км су жолын тазаласа, Сыр өңіріндегі  көлдер жүйесін толтыруға болар еді. Артылып жатса, қайтадан Сырдарияға құюға болады. Сол сияқты Жезқазған облысында орналасқан Жезді, Кеңгір су қоймасының Сарысу өзеніне жылма-жыл секундына 100 млн текше метр су тасталып тұрса, бұл Қызылорда облысының аймағындағы көлдер жүйесіне түсіп, экологиялық жағдай жақсарады. Бұл ұсынысты Су және ирригация министріне де жеткізген едім. Енді бұл алдағы уақыт еншісінде. Біз мүмкіндігінше таудың суын, барлық су көзін пайдаланып, жинақтап, көлдер мен тоғандарды толтырып отыруымыз керек, себебі Сырдария суы жылдан-жылға азайып келеді.

Ендігі бір мәселе – халықтың суды үнемді пайдалану мәдениеті қалыптасса екен деймін. Шымкент қаласына бара жатқан жолда балық қуырып сататын кәсіпкер бар. Бірде сол жерге бұрылғанбыз. Жолаушылар үшін қолжуғыш бар екен, ашсаң сыздықтап ғана ағады. Себебін сұрасақ, «суды үнемдеу үшін әдейі жасап қойдық» дейді. Бір қарағанда, қарапайым нәрсе сияқты көрінгенімен, бұл үлкен іске кішкентай қадам. Алдағы уақытта су үнемдеудің заңдық тұрғыдан талабы күшейе береді. Мысалы, көлік жуатын орын ашатын кәсіпкерлерге техникалық су пайдалану және суды қайта өңдеу технологиясын пайдалану талап етіледі. Негізі жас буынды су үнемдеуге тәрбиелеу үшін мектепте арнайы бағдарлама болу керек деп есептеймін.

– 2023 жылы су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаны белгілі. Жаңа министрлік салаға қандай серпін әкелді?

– Шынында, біз 30 жыл су министрлігінсіз өмір сүрдік. Бірде экология министрлігіне, бірде ауыл шаруашылығына қосады. Өгей баланың күйін кештік. Осы уақыт ішінде гидротехникалық құрылыстарды, ірі су жүйелерін сақтап қалдық десек те, су саласының халі өте мүшкіл еді. Елімізде 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бұл құрылым республика бойынша су шаруашылығының дамуына зор үлес қосты деуге болады. Біріншіден, Су ресурстары және ирригация министрлігі құзырындағы су жүйелеріне күрделі және жай жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Біздің облысқа 70-ке жуық жер қазатын, тегістейтін ауыр техникалар бөлінді. Соның арқасында былтырдың өзінде 15 каналға тазалау жұмыстары жүргізіліп, бұл өз кезегінде су пайдаланушыларға суды ысырапсыз пайдалануға мүмкіндік берді.  Су тапшылығына байланысты облыс бойынша 120 су тартқыш насосы бөлінді. Жалпы министрлік құрылға­лы су шаруашылығының жай-күйі жақсара бастады. Сондай-ақ каналдарды бетондау жұмысы қолға алынды. Қазір Қызылжарма каналын бетондау жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ кадр мәселесі шешімін табуда. Бұрын су рет­теуші таба алмайтын едік. Қазір жалақысы көтеріліп, жағдай жақсарған соң кадрлар да тұрақталды.

– Салада біраз серпін бар екені белгілі. Су маман­дарының ізін жалғастыратын жас мамандар бар ма?

– Шынын айту керек, бүгінгі күнге дейін ҰБТ-дан ең төмен балл жинағандар, оның ішінде қыздар су шаруашылығы мамандығын оқыды. Қазір су саласындағы жас мамандардың 50-70 пайызы қыздар. Бұл салаға ер адамдар қажет. Себебі қыздар су жағалап жүре алмайды. Әлі де маман тапшылығы сезілуде. Министрліктің өзінде кадр тапшылығы бар. Дегенмен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында арнайы гидро­мелиоративтік оқу орны ашылды. Қызылорда, Астана, Алматы қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында арнайы гидромелиоративтік факультеттер ашылды.  Министрлік тарапынан жылма-жыл сол жоғарғы оқу орындарына арнайы квота берілуде, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімдігі жылма-жыл 24 квота бөлуде. Бүгінгі күні жастарда су шаруашылығы мамандығын оқуға ынта бар, келешекте маман тапшылығы болмайды деп ойлаймын.

– Жаңа технологияның сәт сайын дамыған зама­нында су шаруашылығы саласына қандай жаңалық­тар енгізілді?

– Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияны қолданысқа енгізу қажет екенін айтты. Бұл жұмысты барлық аймақ қолға алды. Су шаруашылығын цифр­ландыру жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Біріншіден су берушімен, су пайдаланушылар арасында келісімшарттар электронды нұсқада жасалуда. Су өлшегіш құрылғылар қолданысқа енгізілуде. Әр су жүйесінің басындағы гидротеникалық құрылыстарды автоматтандыру жүйесі бірте-бірте іске асыру жоспарлануда. Жалағаш ауда­нында бір шаруашылық Швейцарияның «Рубикон» ком­паниясының су үнемдеу құрылғысын орнатып, жұмыс істеуде. Бұл құрылғы қажет суды ғана жіберіп, рет­теушы қызметін атқарады. Мұның бағасы өте қымбат. Қазақстандық «Сайман» компаниясы дәл осындай су реттегіш құрылғы шығаруда. Биыл Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми зерттеу институты Қарауылтөбедегі егін алқабында автоматты су реттегіш «Сайман» құралдарын орналастырып, пилоттық бағдар­лама ретінде іске қосуда. Бұл технологияны алдағы уа­қытта барлық шаруашылық пайдаланатын болса, су беру­ші мен су алушының арасында түсінбестік болмайды.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиялары қолға алынуда. Бұл әдіс күріш егістігіне болмайды. Біз қазір жерді лазерлік тегістеу арқылы суды үнемдеудеміз. Өкінішке қарай, мемлекет жаң­бырлатып суару әдісін қолданған шаруашылықтарға су жет­кізіп беру құнына 70-80 пайызға дейін субсидия береді. Ал лазерлік тегістеу технологиясына субсидия қаралмаған. Әйтпесе, бұл да суды үнемдеу жолындағы үлкен еңбек.

– Өткен жылы Су кодексі қабылданғаны белгілі. Маңызды құжат салаға қандай өзгеріс әкелді?

– Су кодексі суға деген жауапкершілікті күшейтті. Су саласының инспекторларының санын екі есе көбейту, су пайдаланушылар суды ұқыпсыз, рұқсатсыз пайдаланған жағдайда қолданатын іс-шара қатаң десек болады. Одан бөлек, су көздерін ластауға, өз бетінше иеленіп алуға қатаң тыйым салынатын бап енгізілді. Су кодексіне енбей қал­ған мәселелерді министрлік тарапынан арнайы нормотив­тік қағида бекітілді. Сол қағидада барлық су пайдаланушы­лар мен су берушілердің міндеті мен жауапкершілігі анық көрсетілген. Ендігі кезекте Су кодексін басшылыққа ала отырып, бекітілген қағидалармен жұмыс істейміз. Бұл өз кезегінде су пайдаланушыларға су мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: