Құрылтай

Сенбі, 18 шiлде, 01:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53 (2265)
18.07.2026
PDF мұрағаты

Той науқаны: 5 күн тойлайсың, 5 жыл төлейсің

18.07.2026

34 0

Қазақта той көп. Шілдехана, бесік той, тұсаукесер сүндет той, үйлену той, мерейтой…

Жаз шыққалы той көбейді, тойханалар неше ай бұрын тапсырыс алып қойған. Тамыз айы той науқанының қызатын шағы десек те болады. Себебі осы айда тойдың саны арта түседі. Күз мезгілі молшылықтың кезеңі деп, күзді күтіп жүрген ағайын қаншама?! Қазір тіпті 40-50-60 жасты мейрамханаға 200-300 адам шақырып,  дүркіретіп өткізетін болған.

«Отыз күн ойын, қырық күн той жасау» қазақ үшін үйреншікті жағдай десек те,  той жасау бәсекеге ай­нал­ғандай. Бүгінгі таңда той жасау – қуанышты бөлісу ғана емес, өзара жарыс секілді көрінеді. Көптеген ата-ана «ел-жұрттан ұятты», «өзгеден қаламыз ба» деген сөздің соңында кетіп, есепсіз шығынға батуда.

Қанша қаражат жұмсалады?

Той демекші, жақында ұлымызды сүндеттедік. Сонымен, «той қашан?» деп сұрайтын адам көп. Тіпті 5 жастағы ұлымыз да «той жасап беріңдер» деп отыр. Ол тойды қайдан біледі дейсің ғой. «Той жасау үшін мейрамхана іздеп көрсем бе екен?» деген ой келді. Ана жүрегі Қызылорданың 50 градус ыстығына да қарамады. Жексенбіні пайдаланып «мейрамхана аралаймын» деп шығып кеттім. Күн ыстық, 5-6 мей­­рамханаға бас сұқтым. Бәрі бос емес. «Тамызға енді кафе іздеп жүрсізбе?» деп күлгендер де болды. Қазіргі таңда той иелері 2-3 ай бұрын той күнін бел­гілеп, мейрамхана дайындап қояды екен.

Мейрамханаларды аралай жүріп біраз таныс-туысты да кездестірдім. Нұрсұлу есімді танысым ұзату той жасауға «Кәусар» мейрамханасын таңдапты.

– Қызымды Шымкент қаласына ұзатамын. Құдаларды түскі 12:00 де шағын залда күтемін. Содан кейін кешкі 18:00-де той жасаймыз. Адам басына 11000 теңге, асханасы жақсы деген пікір­лер естіген соң осыны таңдадым. Алайда асабаға 200 мың, аппатурасы бар, безендіруі бар. Қалтаңа кәдімгідей салмақ түседі. Сосын құдалардың киті, таусылмайтын тоғыз бар. Шүкір, қазақ дәстүрден кем емес қой. Тойда шашылайық деген ұстаныммен дайындықты бастап кеттік, – дейді ол.

Айта кетейік, қаладағы мейрамханалардың ең арзаны адам басына 8500-ден басталады. Орташа баға 13000-15000 аралығында. Ал қымбат дегені 17000-25000-ға дейін барады. Айтпақшы, несиеге де тапсырыс қабылдайтын мейрамхана бар екен. Жарнамадан байқап қалғаным, «Алатау» мейрамханасында енді құдалық, үлкен той өткізу үшін 12 айға бөліп төлеуге болады екен. Байқағаным, көптеген мей­рамхана тек өздерінің келісіп қойған фото-студия, безендіру компанияларын ғана шақыруды талап етеді. Жоғарыдағы есепке сүйенсек, өте үлкен әрі қымбат емес банкет залдарына жүгінсеңіз, 100 адам­ға есептелген тойды 1,5-2 млн теңгеге өткізуге бола­ды. Ал деңгейі одан жоғары мейрамханаларға осы бағадан 2-3 есе шығындаласыз. Бұл мейрамхана шы­ғыны ғана. Одан бөлек, құдалардың бір-біріне апарар киті, алтын бұйымдар, жағалы киімдер бар.

Бір тойым болса менің…

Карантин кезінде көптеген жас-жұбайлардың арманы осы болды. Тойға шектеу болғандықтан, той жасалмады. 

– Қазақ қандай қуанышы болса да, той жа­сай­ды. Бір қауым елді шақырып, той жасау – айнымас дәстүр. Той жасаудың негізгі мақ­саты – көптің батасын алу. Карантин кезін­де той жа­салмағанына кәдімгідей өкініш болды. Бірақ кейін бастысы, отбасы құру екенін түсіндік. Ең маңыздысы, бірге болу екен. Қазірде отау құрғалы жүрген жастардан үлкен тойдың қажет етпейтінін естіп қаламыз. Бұл пікірге қосыламын. Бір-бірін таңдап, жастар бақытты болуға жоспар құрса, «той жасамадың» деп кінәлаудың қажеті жоқ, – дейді қала тұрғыны Шапағат Сейітқасым.

Той ағайын-туыстың қалтасына да әжеп­теуір салмақ. Бір айда кемінде 3-4 тойға шақы­рту келіп қалады. Күнкөріске жеткізе алмай отырғандар, амал жоқ, тағы да «ұятты» деп қарыз алса да барады.

 – Той деген жақсы ғой. Бірақ ретімен болғаны дұрыс. Қазір бәсеке көбейген. Мейрамхана әсемдігі, асабаның тәуірін іздеп бәсекелесіп жүргенде біраз қаржы кетіп қалады. Қазіргідей ыстықта тамақ бұзылып, ысырап болғанша, салқын әрі жайлы мейрамханада қонақ күткен әлдеқайда тиімді, –  дейді қала тұрғыны Марина Сапарбекова.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: