Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Төрінде терме төгілген Кенжеқожа

24.08.2021

1902 0

Кенжеқожа Құлмырзаев 1898 жылы Сырдария ауданы Алмакесек ауылында дүниеге келіп, 1945 жылы Ташкент облысы Жанқожа ауданы, Шорабай ауылында өмірден өтті. Тарих беттеріне үңілсек, бұл кісіні жерлегенде НКВД-ның адамдары келіпті. Оларға іздеп жүрген адамы Кенжеқожа ақынның бүгін дүниеден өткенін, соны жерлегендерін айтқан. Келген кісілер қабірді суретке түсіріп, сол жерде акт жасап, куәгерлерге қол қойдырыпты. Сөйтіп оны қолға тірідей түсіре алмаған күйі кері қайтқан деседі.

Ақын өнерімен өлең-жыр айтып, көп жерді аралаған. Ол «Мың бір түн» ертегісінің 72 түнінің әңгімесін өлеңмен жырлаған. Бармақпен (1914-1915) және Кененмен айтысы 1936 жылы өтіп, олар бүгінге дейін сақталған. Олардан басқа «Қазақ пен қыр-ғыздың айтысы», «Кенжеқожа мен Әбілдің айтысы» деп аталатын айтыстары жазбаша сақталмаған. Оның елге белгілі «Ақындар», «Шын жүректің белгісі» атты термелері бар.

Арманда кеткен арыстың бірі – Кенжеқожа ақын туралы әзірше бар тарихи деректер осыны айтады. Кенжеқожа Құлмырзаев Шаянға талай рет келген екен. Шаянда басталған Әбдуат би, Әбсамат дамылла мен Кенжеқожа ақын арасындағы достық одан әрі Шуда, Көкірек-Көпсекте жалғасыпты. Онда 1-2 жылдай бірге болып, бірқатар елді аралаған. Тарих беттерінде Әбуат бидің «Тағдыр бізді Кенжеқожамен кейін де кездестірді. Одан соң біз де Өзбекстанның оңтүстік Жызақ, Самарқанд, Бұхара жаққа ауып босқын болып бардық» деген жазбалары бар. Әбсамат 31 жаста Өзбекстанда аурудан қайтыс болған. Сол жақта Әбдуат би мен Кенжеқожа ақын кездесіп, бір-бірімен табысқан. Осы хат сол кезде жазылған екен.

КЕНЖЕҚОЖАНЫҢ АМАНДАСУ ТЕРМЕСІ

«Дүние-гүлдер – бақша бостандығы

Ғанибат басымызды қосқандағы.

Адам мен адам парқы бірдей емес,

Жер менен шек арасы аспандағы.

Не түрлі абайласаң жігіттер бар,

Сапасы салба-шалыс Қашқардағы.

Кемеңгер келісімді не ерлер бар.

Айбынды ай мүйізді қошқардағы.

Бек шалыс белі жуан жомарттар бар,

Қолтықтан сүйегендей сасқандағы.

Кісіге жора-жолдас артық екен,

Жүректің жуып кірін қашқандағы.

Көркейіп, көңіл шіркін көтерілді,

Көңілдес душарласып дос-жардағы.

Көрген соң қант-құйрық қабырғамды,

Шағымның шамы жанып шаттанғаны,

Құрметті құда-жекжат болмасақ та,

Халық едік қатар жатқан қапталдағы.

Көрісім меһер жүзді қайта алып еді,

Ауылдан ақыныңның аттанғаны.

Аспаһан екі жүзді ерлерімсің,

Алтын сап, қымбат баһа аспалдағы.

Сән түзген сарайыма сәбәп болып,

Жұртымсың раушаның, ей, машқалдағы.

Бауырыңда ақша биік еткен сайрап,

Сіздер, ей, Гүһіқап таудың асқарлары.

Кездесіп сұм дүниенің керсілері,

Қолаулап не жүйріктер ақсаңдады.

Қажымас қандай жорға десе де жұрт.

Кәрінің бопты біздей қақсалдары.

Кәрәктән неше түрі түсіп сауда

Самайда ағармаған шаш қалмады.

Ақынның қандай түрлі сөзі бар деп,

Халқының батып отыр топтанғаны.

Қайырдаш бері қарап тыңдар болсаң,

Барымда базар айлап ап қалмағы.

Көп айлар, көрмегелі көп жыл болды,

Аман ба, қалың елдің ат жалдары?

Екінші майда жібек жеңгелерім,

Мастура май шатты мақпалдарым.

Аршын төс, алма мойын, жазық маңдай,

Жас келін дәсті қымбат астардағы,

Исі әтір, мұрны иісте, көзі нәркес,

Аман ба, қыздар әліп заттардағы?

Жанданған заманымның жәуһәр жүзі,

Сұраймыз, аман жүр ме, жас балалары?»

Кенжеқожаның әйелінің сұлулығы сонша бір баласымен Ферғана, Ош жақта тұратын қырғыздар тартып алып қалған. Сол жерден Кенжеқожа өзі әрең қашып құтылса керек.

Оған Кенжеқожа ақынның Әбдуат биге жазған хаты айқын дәлел. Алайда ол хаттың Әбдуат бидің қолына тиген-тимегені анық белгісіз. Бірақ бұл екеуі де қуғын-сүргін заманда Самарқаңд Бұхара жақта болғаны анық. Осы хаттың бір көшірмесі Шу жақтағы Убайдақожаға түскен екен. Убайда сол көшірмеден көшірме алып, оны Әбдуат бидің туған немересі (қызы Зүлһаядан туған жиені) Тәжіханқожа Таһирұлына табыстаған.

Ал аманаттың иесі Әбдіразақ Әбуатұлына 1985 жылы қолма-қол тапсырды. Әбдіразақ Әбдуатұлы 1986 жылы Шаянда қайтыс болды. Ал оның әкесі Әбдуат би (Шаянның ең соңғы биі) 1953 жылы наурыз айында Өзбекстанмен шекаралас Бірлік ауылыңда (Келес ауданы, Қызыл Әскер жақта) дүниеден өтті.

Әбдіразақ Әбдуатұлының жатқа айтуы бойынша Кенжеқожа шығарған ғазалнамасынан үзінді келтірейік.

КЕНЖЕҚОЖА АҚЫННЫҢ ҒАЗАЛНАМАСЫ

«Он сегіз мың әлемнің,

Алла – бір ғана панасы.

Мұсылманның көңілінде,

Алланың Хамду санасы.

Алланы екі деп айтар –

Кәпірлердің жаласы,

Иланбайды ақыл данасы.

Бірінің тілін бірі алмай,

Екі топқа бөлінген,

Адамзаттың баласы.

Әлі күнге нанбайды,

Келесі болып таласы.

Өз нұрымен жаратқан

Расул Алла Мұхаммед

Құранменен бекілген.

Ислам – бірдің сарасы.

Дінге қуат бергін деп

Кенжеқожа ғарыптың

Шығарған ғазалнамасы.

Хамду сана Аллаға

Бір өзіңді жат қылдым.

Топырақтан жаратып,

Адамды гәуһар зат қылдың.

Жеті күн тұрғызып жәннатта,

Ғапылмен бидай жегізіп,

Есігін жәннат жаптырдың!

Шығарып дүние жүзіне

Жалғанға бері қайтардың.

Жұп айлап Хауамен,

Ажыратып үш жүз жыл

Екі көзін жас қылдың!

Мәккәи-шәріп жайында,

Арафаттың тауында

Қосып көңілін шат қылдың!

Тұқымың мың-мың сан қылып,

Әбілді Қабыл өлтіріп,

Әулеті әзіз Адамға

Нәлеті шайтан нәп қылдың,

Топан суын қаптатып,

Нұхты суға ағыздың,

Ибраһим Қалилге

Намұрдты дұшпан қып,

Зембілмен отқа атқыздың!

Әзірет Ідірісті

Тірідей кеткен пейішке

Үрден тағам таттырдың.

Ысмағүлды құрбан қып,

Көк қошқарды түсіріп,

Жанынан ара ап қалдың.

Біна қылып Ысқақты,

Әзіреті Бибі Сараның

Шарапатын жақтырдың».

Кенжеқожаның шығарған ғазалнамасынан Әбдіразақ Әбдуатұлының жатқа айтуы бойынша келтірілген үзінді осылайша хатқа түсірілген екен.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: