Жұма, 29 наурыз, 00:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Байденнің ескертуі

16.07.2022

784 0

Осы аптада АҚШ президенті Джо Байден арнайы іс-сапармен Израильге барды. Іс-сапардың басты мақсаты арасында дипломатиялық қарым-қатынас жоқ Израиль мен Сауд Арабияны «достастыру» еді.  Дегенмен бұл сапарында Байден тақырыптан бөлек маңызды мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде Америка Иранның ядролық қарумен жасақталмауына әсер етіп отырғанын айтты. Бұл туралы CNN арнасының тілшісі Кейт Салливан «Израильдің скептицизміне қарамастан, Байден Иранды ядролық қарудан әлі де сақтаудың ең жақсы жолы дипломатия екенін айтты» атты мақаласында жазды.

«Бұл Израиль үшін де, АҚШ үшін де, тіпті әлем үшін маңызды қауіпсіздік мүддесі», – деді Байден Иерусалимдегі кездесуде. АҚШ президенті бұл сөздерді Израиль премьер-министрі Яир Лапидтің жанында тұрып айтқан еді.

Сондай-ақ Байден: «Мен Иранды ядролық қарусыз етудің ең жақсы жолы дипломатиялық келісім деп есептеймін. Біз Израильмен жұмысты жалғастыра береміз. Бұл арқылы Иранның өзінен басқа елге қауіп төндіруіне, соның ішінде лаңкестік пен баллистикалық зымырандарға қолдау көрсетуіне және террористер мен «Хезболла» сияқты топтарға қару таратуға қарсы тұруға көмектесеміз», – деді.

Байден экс президент Дональд Трамп АҚШ-ты 2018 жылы шығарып алған «Иранның ядролық келісімін» қайта жандандыруды жоспарлап отыр. Себебі Америка Таяу Шығыстағы негізгі одақтастары тарапынан Иранды тежеу жоспарын әзірлеуге қарсы қысымға тап болуда.

Бірақ АҚШ президенті бейсенбідегі сөзінде Америка Иран басшылығының жауабын «көп күтпейтінін» айтып, бұл келісімнің орындалуы екіталай екенін ескертті.

Баспасөз мәслихатында Байденнің жанында тұрған Израиль премьер-министрі Лапид кезекті ядролық келі­сім Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне «жол бермейтінін» жоққа шығарды.

«Оларды сөз, дипломатия тоқтата алмайды, Байден мырза! Иранды тоқтататын жалғыз нәрсе – олар ядролық бағдарламасын дамытуды тоқтатпаса, күллі әлем күш қолданады деген тұжырым. Оларды тоқтатудың жалғыз жолы – нақты әскери қауіп төндіру», – деді Лапид.

Байден сәрсенбі күні Израильдің «News Channel 12» арнасына берген сұхбатында Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу үшін қарулы күшті «ең соңғы шара» ретінде қолданатынын айтты.

Байден мен Лапидтің бейсенбі күнгі екіжақты кез­десуінде Иран негізгі талқылау тақырыбы болды. Сондай-ақ кездесуде екі көшбасшы мемлекетаралық қауіпсіздік қарым-қатынасты кеңейтуге, Иранның өзге мемлекетті тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттеріне қарсы тұру үшін жасалған ортақ декларацияға қол қойды. Одан бөлек Байден АҚШ Израиль қауіпсіздігі үшін «темірдей тәртіп» ұғымын ұстанатынын да ескертті.

Байден экс президент Трамптың Израиль мен бір­неше араб елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтірген және өсіп келе жатқан араб-израиль қауіпсіздігі мен экономикалық байланыстарының кеңеюіне ықпал еткен жетістіктерінің бірі – «Авраам» келісімін қол­дайтынын да айтты. Ол сондай-ақ Израильдің интег­рациясын кеңейтуге АҚШ қолдау көрсететінін атап өтті.

Байден брифингте Израиль мен Палестина ара­сындағы қақтығысты тоқтату үшін еңбек ететінін де айтты. «Израиль тек Израильде ғана емес бүкіл әлемде еврей халқы қауіпсіздігінің кепілі болып табылатын тәуелсіз, демократиялық мемлекет болып қалуы керек. Мен, шындығында, бұған сенемін», – деді Байден. «Ал бұған қол жеткізудің ең жақсы жолы – әрқайсысының осы жердегі терең тарихи және ежелгі тамыры бар, бейбітшілік пен қауіпсіздікте өмір сүретін екі халыққа арналған екі түрлі мемлекет құру. Екі мемлекет те тең құқықтарды толығымен сақтап, олардың азаматтары тең дәрежедегі еркіндікке ие болуы керек. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге қарсы келетін кез келген әрекет Израильдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп ойлаймын», – деді Байден.

Сонымен қатар бұл сапарда АҚШ пен Израиль технология саласы бойынша жаңа жоғары деңгейдегі стратегиялық диалогты бастады. Бұл жұмыстар ше­неуніктердің айтуынша, екі ел арасындағы пандемияға дайындық, климаттық технология, жасанды технология және басқа да сенімді технологиялық экожүйелер бойын­ша ынтымақтастықты арттыруға арналмақ.

Одан бөлек Байден Израиль, Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктері кіретін «I2U2» тобы басшыларының бірінші онлайн кездесуіне қатысты. Ол кездесуде азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ «таза» энергияны ілгерілету басты назарда екенін айтты. БАӘ азық-түлік қауіпсіздігі дағдарысын шешу үшін Үндістандағы ауыл шаруашылығы бақтарына 2 миллиард доллар инвестиция құятынын хабарлады.

«Бұл топтағы бірегей елдер қоғамдық күш пен кәсіпке деген құлшыныс арқылы әлемдегі ең өзекті мәселелерді шешуге қызмет етуде. Олар бірлесіп инвестиция жасау арқылы энергетика, су, көлік, ғарыш, азық-түлік қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласын оңтайландыру үшін жұмыс істеуде» – деді Байден «I2U2» тобы туралы өз сөзінде.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: