Бейсенбі, 25 сәуiр, 01:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бүгін Президент ант береді

26.11.2022

628 0

Қазақ үшін барыс жылы тарихи сәттерге толы болып тұр. Биылғы жыл жайлы айтқанда қаңтардың қасіретін сөз етпеу мүмкін емес. Иә, қуанышы мен қайғысы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін мынау бес күн жалғанда елдіктің еңселі тұғырын құлатып алмай, қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихына 2022 жылдың басы қасіретті, қанды қаңтар ретінде енетіні де жасырын емес. Биылғы оқиғаларды тізбектесең талай томға жүк боларлық дүние шығады. Оны осы сөзді жазып отырған мына біз де білеміз, біздің газетке жазылған ойлы оқырман да біледі. Дегенмен барыс жылындағы тарихи оқиғаның бірі ретінде президент сайлауын атап өтер едік.

Өткен жексенбіде, яғни 20 қарашада елімізде президент сайлауы өтіп, Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Орталық сай­лау комиссиясы кезектен тыс өткізілген президент сайлауының нақты қорытындысын жариялады. Сайлаушылардың 81,31 пайыз сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тіркелді. Осылайша жаңадан сай­ланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент ретінде 26 қараша күні ант беретін болды. Бүгін – президенттің ел алдында ант беретін күні.

Бұл туралы мәлімдеген орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров аса маңызды саяси додада Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы дауыс бергенін жеткізіп, өзге де үміткерлер жинаған дауыс көрсеткішін баяндады. Бұл ретте 271 мың 641 сайлаушы (3,42 пайыз) Жигули Дайрабаевқа, 206 мың 206 (2,6 пайыз) адам Қарақат Әбденге, 200 мың 907 (2,53 пайыз) сайлаушы Мейрам Қажыкенге, 176 мың 116 азамат (2,22 пайыз) Нұрлан Әуесбаевқа және 168 мың 731 сайлаушы (2,12 пайыз) Салтанат Тұрсынбековаға дауыс берген. Осы жолы енгізілген «Бәріне қарсымын» бағанын 460 мың 484 (5,8 пайыз) сайлаушы белгілеп отыр.

– Сайлаудың алдын ала қорытындылары ресми келіп түскен хаттамалармен рас­талды. Қазақстан Республикасының сай­лау ту­ралы Конституциялық заңының 9-бабы 1-тармағына, 65-бабына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайыздан астамының дауысын алған кандидат республика президенті болып саналады. Осылайша 2022 жылғы 20 қа­рашадағы кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сай­ланды, – деді Нұрлан Әбдіров.

Жалпы еліміз бойынша сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құраған. Оның 69,44 пайызы, яғни 8 млн 300 мың 46 адам дауыс берген. Сайлау күні президенттікке үміткерлердің 11 мыңнан аса сенімді өкілі, халықаралық ұйымдардың 641, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлау барысын бақылаған. Сонымен қатар осы саяси науқанда БАҚ өкілдерінің белсенділігі де көрінді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық, 23 ел­ден 41 шетелдік ақпарат құралдарының аккредиттелген өкілдері тынымсыз ақпарат таратып отырған.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы президент сайлауы ұлттық заңнама мен халықаралық міндеттемелерге сай жүзеге асырылғанын мәлім етті. Мақаланың әлқис­сасында барыс жылында тарихи сәттердің көп болып тұрғанын айттық. Қаңтардың қасіретке толы болғаны бір бөлек әңгіме. Биыл Мемлекет басшысы екі рет Қазақстан халқына Жолдау жариялады. Үкімет бас­шысы ауысып, ел үніне құлақ асатын мем­лекеттік аппарат құру мақсатында жұмыс жүруде. Парламент мәжілісінің төрағасы да ауысты. Тіпті президент партиядан шықты. Өз кезегінде билік партиясы саналатын «Нұр Отан» ребрендинг жасап, оған «Адал» партиясы қосылып, «Аманат» болып өз­герді. Қызылордада облыс әкімі мен қала әкімі де ауысты. Елдің ертеңін бағамдау, әділетті Қазақстанды құруға негіз қалау мақ­сатында жалпыхалықтық референдум ар­қылы конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ұлытау, Жетісу, Абай сынды үш бірдей облыс құрылды. Ұлттық құрылтай құрылып, оның алғашқы жиыны ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Мұның барлығын жаңаруға ден қойған, әділетті елдің негізін қалауға жасалған қадам деп ұққан жөн.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: