Жексенбі, 08 желтоқсан, 07:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Депутат ақша тарататын адам емес

12.02.2022

817 0

Қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев қоғамдық кеңес алдында есеп берді. Мәслихат аппаратының және депутаттардың жыл бойы атқарған жұмысына тоқталып, шешімін тапқан мәселелер баяндамада тізбектелді. Сондай-ақ күрмеулі мәселелер де айтылмай қалған жоқ. Одан бөлек жиында «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға енгізілген өзгерістер туралы кеңес мүшелеріне түсіндірме жүргізілді.

Жиында кеңес мүшелері депутаттың қоғамдық қабылдау аясын кеңейтуді ұсынды. Мұндағы мәселе – депутаттар қабылдауына бір адамның бірнеше рет келетіні. Яғни өзінің немесе тұрғылықты жеріне қатысты мәселесі бар адамдар санының көптігі. «Егер депутат мәселе айтып келген азаматқа жұмыс ұсынса немесе мәселесін шешуге бағыт-бағдар берсе ол «жаман депутат» болып шығады. Ал егер қаржылай көмек берсе «жақсы депутат» саналады. Біз қабылдауларға бір адамның қайта-қайта келетінін көріп жүрміз. Сол үшін депутаттар аумақтарды өздері аралап, әлеуметтік желіде көтерілген мәселелерді сараптау қажет. Спорт пен балалар ойын алаңы секілді жасөспірімдерге қатысты мәселе көп. Бірақ қабылдауларға белгілі бір топтағы адамдар, көпбалалы аналар ғана келе береді. Олардың мәселесі белгілі! Сондықтан қоғамдық қабылдау аясын, тұрғындар мәселесін тыңдауды кеңейтуді ұсынамын», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Динара Эшатова. Сонымен қатар ол спорт алаңдары, жұмыссыздық туралы ақпаратты қоғамдық кеңес бере алатынын да тілге тиек етті.

Мәслихат депутаттары бұл ұсыныстың орынды екенін айтып, көмек сұрап келген тұрғынға депутат қаржылай көмек көрсетсе, келесі күні оның тағы бірнеше танысы көмек сұрайтынын жасырмады. Сол үшін қазіргі кезде депутаттар арнайы қорға ақша салып, комиссия шешімімен көмекке мұқтаждарды жан-жақты зерттеп, шын мұқтаждарға ғана көмек берілетінін айтты. Одан бөлек, депутаттар қазіргі кезде қабылдау аясын кеңейтіп, «балық берме, қармақ бер» тұжырымы бойынша жұмыс істеуді бастағаны да айтылды.

Отырыс барысында сонымен қатар мәслихат сессияларына, тұрақты комиссияға үкіметтік емес ұйымдарды қатыстыру ұсынылды. Мәслихат хатшысы бұл ұсынысты қабылдап, депутаттар ұйым мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, қаулыға енгізуге қашанда дайын екенін алға тартты. Одан бөлек, қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы аяқ су мәселесін, сонымен қатар мектеп жанындағы жолдардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғады. Оның ішінде №173 мектептің алдында жаяу жүргіншілері жолының жоқтығы, жолға асфальт төселмегені және автотұрақтың жоқ екені айтылды. Қалалық мәслихат хатшысы бұл мәселе бойынша қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімімен жобаның сызбасы, сметалық құжаттары дайындалғанын, қазіргі кезде қаражаты есептеліп жатқанын айтты.

Отырыста шет аймақтағы жастар мәселесі назардан тыс қалатыны да қозғалды. Мәселен, футболға ынта-жігері жоғары балалар өз аймағында арнайы алаң болмағандықтан орталыққа барып, кейде тіпті ақылы алаңдарға ақша төлеп ойнауға мәжбүр екені айтылды. Одан бөлек 150 пәтері бар ауданға бір ойын алаңы аздық ететіні, кейбір алаңдардың сапасы нашарлығы екені айтылды.

Мәслихат пен қоғамдық кеңестің жиынында қалалық мәслихаттың заң бөлімінің басшысы Мұрат Мұхтаров «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына енгізілген өзгерістерді баяндады. Жаңа өзгерістерге сәйкес қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурсқа қатыса алмайды, яғни қоғамдық кеңес мүшесі болып сайлана алмайды екен. Өзгеріске дейін жұмыс тобының мүшесі қоғамдық кеңеске сайлануға құқы бар болатын. Сонымен қатар енді жұмыс тобының басшысы мәслихат хатшысы емес, азаматтардың арасынан сайланбақ. Қалалық қоғамдық кеңестерде сайланатын мүшелердің саны 2021 жылдың 1 маусымындағы деректерге сәйкес, халық саны елу мың адамға дейін болған кезде 11 мүше және халық саны жиырма бес мың адамға көбейгенде мүшелер саны 1 бірлікке артып отырады. Енгізілген өзгеріске сәйкес, бір адам екі реттен артық кеңес мүшесі бола алмайды.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: