Дүйсенбі, 13 мамыр, 02:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
37-2047
11.05.2024
PDF мұрағаты

Депутат дауысы:

15.04.2023

552 0

Ел сенімін арқалап, депутат болғандар қызметіне кірісіп кеткені белгілі. Сайлаудан кейін көп уақыт өтпей жатып-ақ, Парламент қабырғасынан сырбойылық депутаттардың дауысы естіле бастады. Халық қалаулыларының қоғамдағы қандай да мәселе болсын, сергектігі, белсенділігі байқалады. Орайы келгенде, елордадан елге дауысы жеткен халық қалаулылары туралы жазғанды жөн көрдік.

Сенатқа сырбойылықтардың сенімін арқалап барған сенатор Руслан Рүстемов – Парламент қабырғасындағы сергек депутаттың бірі. Сыр топырағында мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтіп, жыл басында сенатор болып сайланған Руслан Рүстемұлы көп көкейіндегі мәселені көтеріп жүр.

Сарбаздың жүрегіне үңілген сенатор

Сенатор көтерген мәселенің бірі – бүгінгі әскер беделінің төмендеп кеткені. Өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялағандай, Қазақстан әскеріне жауапты мамандармен кездесіп, пікірлесуде бүгінгі әскер жайы туралы көп көкейіндегі мәселені көтеріп, сарбаз ұлттық идеологиямен сусындау қажет екенін, тіпті әскерде ана тілінде сөйлеуі қажеттігін алға тартады.

«Жасыратыны жоқ, бүгінгі әскер жайлы жайсыз әңгіме көп. Қалың қазақтың ортасынан шыққан соң елдегі жағдай маған белгілі. Әскерге баласын жібергісі келмейтіндер де баршылық. Осы мәселе мені көптен толғандыратын. Халық сауалына орай Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан әскеріне жауапты тұлғаларды шақырып, ортақ мүдде тұрғысында ашық сұхбат жасады.

Кейбір мәліметтерде, әскерге міндетті борышкерлердің 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға ынталы. Ойланарлық дерек!

Ұлттық идеологияның кемшін тұсы жетерлік. Мем­лекеттік тіл әлі де ақсап тұр. Бұдан басқа да түйінді жағ­дайлар кездесіп қалады. Неге әскердің беделі түсіп кетті? Міне, мені толғандырған сауал осы бағытта өрбіді», – деп жазады сенатор.

Бейнежазбадан депутаттың көтер­ген мәселесін де тыңдап, оқырманға жеткізгенді жөн көрдік.

– Қазақтың ақыны Мұзафар Әлімбаев­тың мынадай өлең жолдары бар:

«Түрі жоқ деп түсіне,

Тыжырынба, ардақтым.

Сұр шинельдің ішінде

Жүрегі бар солдаттың».

Біз тілге тиек етіп отырған мәсе­ленің бірі – сарбаздың жүрегіне үңіле алмай жатырмыз. Біздің әскеріміздің алдында екі өзекті мәселе тұр. Біріншісі – әскердегі сарбаздың жәбір­ленуі, екіншісі – әскер беделінің тө­мен­деп кетуі. Кеңес одағы кезінде керзі етікті киіп, шинельді үстіне іліп, сол жолдан өткен азамат ретінде ұсыныс айтқым келеді.

Алаш қайраткерлерінің өзі ұлттық мемлекет құру идеясын ұлттық жасақтар құрудан бастағаны бекер емес. Жалпы қарулы күшке терең мән берген. Сіздермен кездесу алдында құжаттарыңызды қарап шығып едім. Мемлекеттік тілде ақпарат жоқ екен. Әскерде сапта тұрған сарбаздың 80 пайызы – ауыл баласы. Ал оған ұлттық идеология жетіп жатқан жоқ, – деген сенатор ұлттық идеологиясын қалқан еткен түрік әсерінің бүгінгі нәтижесін мысал етті. Сонымен қатар арнайы басылымда да әскер беделін көтеретін әрі сарбаз өмірінен мағлұмат беретін еш ақпарат жоқ екенін алға тартады.

Су тапшылығы – өзекті мәселе

Сенатор Руслан Рүстемов көтер­ген салмақты мәселенің бірі – су тап­шылығы жайы. Дария жағасын­дағы елдің негізгі кәсібі ауыл шаруа­шылығына бағытталғанын, егін егу маусымында су жетпейтінін талдап мақала жазған депутат бұл мәселені барлық БАҚ арқылы да көтеріп жүр.

Су тапшылығына байланысты се­натор ұсынысынан үзінді келтірсек:

«Мемлекет басшысының қолдауы­мен су тапшылығын төмендетуге нақ­ты шаралар қабылданды. Президен­­ті­міз аталған күрделі мәселені сая­си­лан­дыруға жол бермей, Сыр­дария өзенінің жоғары ағысында ор­налас­қан мем­лекеттермен нәтижелі келіс­сөз жүргізіп, тиісті көлемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Ал транс­шекаралық өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пайда­лануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауапкершілігі.

Дегенмен республика бойынша суару жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту шараларымен қамтылған 319 мың гектар аумақтың тек 15 мың гектары, нақтырақ айт­қанда 5% жетер-жетпес көлемі ғана судың ең көп шығынына батып отыр­ған Қызылорда облысының үлесінде. Демек, Экология және таби­ғи ресурстар, Ауыл шаруашылы­ғы министрліктері Қызылорда облы­сының суармалы жерлерін қалпы­на келтіру және қайта жаңғыр­ту бағы­тындағы жобаларын қаржылан­дыру көлемін арттыруға күш салуға тиіс.

Қысқы-көктемгі мерзімде артық суды жинап, жазда егіске пайдалану да Сыр өңірі диқандары үшін маңыз­ды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, ол үшін өңірде «Қараөзек» көлдер жүйесінде 775 млн текше метрлік, Шиелі ауданының аумағында 600 млн текше метрлік «Күміскеткен», Жаңақорған ауданының аумағында 200 млн текше метрлік «Тайпақкөл-Қандыарал» тасқын су жинағыштары салынған жағдайда суармалы жер­лерді, көл жүйелерін, шабындық-жайылымдық жерлерді сумен қамту­дың мүмкіндігі артады. Әрине, жобада судың көлемін мейлінше Аралға жіберу тетігі де қаралғаны жөн.

Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Қызылорда облысының барлық ауданында тұра­тын халықтың әлеуметтік әлеуетін арттырып, елдіктің жолында еңбек сіңіруінде Сырдың суы жетекші рөлге ие екенін айтуға тырыстық. Мұны шешуде сала мамандары Сыр­дарияның жоғары ағысында орна­ласқан көршілермен су бөлісу бойын­ша келіссөздер жүргізгенде Арал теңізінің жағдайын назардан тыс қал­дырмай, халықаралық шарттарға сүйеніп, өзеннің суын тең пайдалануда табандылық танытуы керек.

Екіншіден, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан­дай, судың шығынын азайтуда су шаруа­шылығы саласын толықтай цифр­ландыруға көшіру міндеті тұр. Сосын каналдар мен су қашыртпаларын на­зардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағдайларда, каналдардың табанын бетондауды қолға алу маңызды», – деп жазады.

Жүргенов жинағы шыға ма?

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің «Ғылымды дамыту: жай-күйі, проблемалары, перс­пективалары және құқықтық рет­теу» тақырыбындағы отырысында сенатор Руслан Рүстемов екі мәселе көтерген.

«Кездесуде отандық ғылымға қа­тысты 2 мәселені, атап айтқанда ғылыми бағдарламалық-нысаналы қар­жыландыру барысында Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық са­раптаманы жүргізу кезінде қазақстан­дық сарапшыларға шетелдік сарап­шылардан бірнеше есе төмен тө­ленетінін, сондай-ақ 2022 жылдың желтоқсан айында Сыр өңіріне келген сапарында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің ғылыми еңбектерін сараптап, жинақ шығару жөнінде берген уәдесін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның қаперіне салдым», – деп жазады әлеуметтік желідегі парақшасына.

Жайымбетов жылу мәселесін қозғады

Жақында ғана Мәжіліске депутат болып сайланған Мархаббат Жайымбетов­тің алғашқы депутаттық сауалы жылу жүйесіне байланысты болды.

«Жаңадан тағайындалған Энер­ге­тика министрі Алмасадам Майдан­ұлы Сәтқалиев «Жылу энерге­тикасы туралы» Қазақстан Респуб­ликасы заңының жобасын Мәжіліс депутат­тарына таныстырды. Қарауымызға ұсынылған құжатты жан-жақты тал­қыладық.

Осы ретте, Алмасадам Майданұлы­ның назарын бірнеше мәселеге аударттым.

Бірінші. Қазір елімізде 14 мың шақырым жылу жүйелері бар. Оның 2 мың шақырымы жеке меншікте. Мемлекеттік меншіктегі жылу жүйе­лерінің 54 пайызының тозығы жеткен. Ал жекеменшікте 75 пайыздан асып тұр. Оған млрд-таған қаражат қажет. Алдын ала есеп бойынша, 75 пайыз­дан 100 пайызға дейін тозығы жеткен жылу жүйелерін жаңғыртуға 600 млрд теңге кетеді. Ал 75 пайыздан 50 пайызға дейінгі тозығы жеткенге 1,8 трлн теңге жұмсалады екен. Осы қаржыны қайдан аламыз?

Екінші. Еліміздегі жылу электр орталықтарының жұмыс істеп тұр­ғанына 50-60 жыл болған. Бәрінің тозығы жеткен. Сондықтан алдағы уақытта ірі қалалардың өзіне 30-ға жуық ЖЭО салынуы керек. Ми­нистрлік мұны қалай іске асырады?

Үшінші. Тариф бағасына әсер ететін делдалдарды жоюға қатысты министрліктің қандай жоспары бар?

Айта кетейін, өңірлерді жылумен қамту мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Соның құрамында мен де бармын», – деп жазды депутат.

Жергілікті басқарудағы төрт мәселе

Депутат Мархабат Жайымбетов көтерген мәселенің бірі жергілікті басқару заңындағы өзгерістерге бай­ла­нысты болып отыр. Оның айтуынша, заң нор­маларын әлі де пысықтау қажет. Мәжілісменнің ескертуі мынадай:

Бірінші ескертпе. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы бойынша аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы жергілікті өзін-өзі бас­қару органы – кеңес қалыптасады. Сол «кеңестің шешімдерінің күшін жоюды кеңес өзі, аудан әкімі, сондай-ақ сот тәртібімен қарастырады» деп көрсетілген. Мысалы, аудан әкімі кеңестің шешімін жойса, онымен кеңестің төрағасы келіспей, сотқа берсе, аудан әкімі жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алаңдатарлық жағдай. Сондықтан бұл бапты алып тастау керек деп ойлаймын. Өйткені кеңес сайланбалы орган, ол аудан әкіміне тікелей бағынбайды.

Екінші мәселе, мемлекеттік сатып алуға қатысты. Былтыр Қызылорда облысында бірқатар ауыл әкімдері жауапкершілікке тартылды. Неге? Көктемде су айдайтын насосқа жанармай, қосалқы бөлшектер қажет болғанда әкімдер бір көзден мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасасуға мәжбүр болған. Конкурс жарияламағаны үшін олар жауапкер­шілікке тартылды. Ал ауыл әкім­дері конкурс арқылы жұмысын үйлестірейін десе, кем дегенде бір ай уақыт жоғалтады және заматында көрсетілмеген қызметтің маңызы да болмайды. Осы тығырықтан шыға­тын амалды қарастыру қажет деп ойлаймын.

Үшінші. Президент былтыр инаугурациядан кейін 26 қарашада бірінші Жарлығын шығарды: Үкімет­ке ауылды дамытудың 5 жыл­дық тұжырымдамасын әзірлеуді тапсыр­ды. Орындалу мерзімі – 31 наурыз. Алайда одан бері 6 күн өтті. Біз жоспарды әлі көрмедік.

Төртінші. Елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы қабылданған. Оған енгізілген тіректі және серіктес елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын дамытуға, ауыл халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға республикалық бюджеттен қаржылық қолдау жасалады. Мәселен, Қызыл­орда облысы Арал ауданындағы 23 ауылдың төртеуі (Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері, Қамыстыбас, Аманөткел ауылдары) ғана жобаға кірген. Ал Абай, Қаратерең, Шижаға сияқты екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдар «тіректі» елді мекендерге кірмегеннен кейін инфрақұрылым мәселелерін шеше алмай келеді. Яғни қаржы бөлінбей отыр. Осындай түйткілдер тарқатылмай жатыр. Бұндай мәселелер басқа аудандарда да бар. Министрлік ол үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасының әдістемесін өзгертуді қарастыру қажет деп есептеймін», – дейді.

Ергешбаевтың екі сауалы

Мәжіліске барған Мұрат Ергешбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаевқа екі сауал жолдады. Оның бірі – мемлекеттік бағдарлама аясында елді мекендерді газдандыру болса, оның ішінде сметалық құжаты дайын 21 жобаны қаржыландыруды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру жайын қозғады. Депутат Мұрат Нәлқожаұлының айтуынша, мемлекеттік сатып алу конкурсында өзге өңірдің компаниясы жеңімпаз деп танылып, жергілікті кәсіпкерлер қалыс қалып жатады.

«Сонымен қатар тәжірибесі жоқ және оған қоса қажетті техникалары мен қызметкерлері жоқ, белгіленген демпингтік бағадан аса көп төмен­деткен мекемелер жеңімпаз болып жатады. Бұл жұмыстың сапасыз­дығына, жұмыстың орын­далуын кешіктіруге немесе мүлдем орындал­мауына әкеп соғады. Оның салдары тұрғындардың тұрмыс жағдайына, аумақтың әлеуметтік жағдайының дамуына кері әсерін береді. Сол себептен тәжірибесі жоқ немесе тиісті техникалары, қызметкерлері жоқ мекемелерді мемлекеттік сатып алуға қатыстырмау немесе оларға талапты күшейту мақсатында тиісті нормативтік актілерге өзгеріс енгізу қажет», – дейді депутат.

P.S. Ел сенім артқан депутаттардың тыныс-тіршілігі көптің көз алдында. Сайланып алып, ұйықтап жүріп уақыт өткізетін депутатқа орын жоқ. Елге қызмет етемін деген халық қалаулыларының жұмыс барысын елге жеткізу – бір міндетіміз.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: