Жұма, 29 наурыз, 10:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ерлан Мұсаев, қалалық мәслихат депутаты: «Халықтың үмітін ақтай алмасам, мандатымды қайтаруға дайынмын»

25.05.2021

1343 0

Бүгінгі таңда қалалық мәслихатқа сайланған депутаттар шама-шарқы келгенше өз міндетін атқаруда. Мандатын алған әр депутаттың өзіндік миссиясы, мақсаттары бар. Сол мақсаттарына жету үшін тынбай еңбек етіп, халыққа берген уәделерін орындау үшін қызмет етіп жүргендер аз емес. Бұл жолы қалалық мәслихат депутаты Ерлан Мұсаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жалпы бұл сіздің ең алғаш рет қалалық мәслихат депутаты болуыңыз. Осы тұста депутат мандатын алғалы өміріңіз қалай өзгерді?

– Уақыт жеткізе алмай жүрмін. Бұрын ұйқыдан тұрып күндік жос­парымды құратын едім. Енді әр адам әртүрлі болады ғой. Қазір тіпті ұйқыдан тұр­май жатып, тұрғындар хабарласып өз мәселелерін айта­ды. Айтқаны былай тұрсын, айқай­лайтындары бар. «Депу­таттар айлық алады, сол үшін біздің мәселемізді шешіп беруі керек» деп ойлайтындар көп. Алайда қалалық, об­лыстық мәслихаттың депутаты айлық ал­майды. Депутат – өз мойнына қо­ғамдық жұмыстарды қосымша жүк­теп алған адам. Дегенмен таңертең мен күндізгі уақыт ештеңе емес, түнде де хабарласып, мәселесін айтатын тұрғындар бар. Мен де кезінде депутаттардың жұмысы рақат деп ойлағанмын. Олай емес екен. Жалпы бір нәрсе туралы сөйлеу үшін ең алдымен соның ішкі ахуалын біліп алу керек екен. Бұған дейін мен «әлеуметтік желі белсендісі» болғанымда желідегі жазбаларыма неге жауап бермейді деп ойлайтынмын. Шын мәнісінде уақыт керек екен. Әр тұрғынның мәселесін тыңдап, олқылықтарды анықтап шешкің-ақ келеді. Бірақ уақыт…

– Халық пен биліктің арасын жақындату үшін еңбектеніп жүр­сіз. Осы кезге дейін бірнеше қабылдау да жүргіздіңіз. Жал­пы осы қабылдауға келген тұрғындар қандай сұрақпен жүгі­неді және тұрғындар мәселесі қаншалықты шешімін тапты?

– Негізі мен статистика жүр­гізбеймін. Мысалы, жас буын өкілдері «Киберспортты дамытайық» деп ұсыныс жасады. Оларға демеуші тауып бердім. Одан бөлек қаладағы ІІІ квартал тұрғындары су мәселесі, балалар алаңы мен көгалдандыру мәселесін айтты. Аталған мәселені шешуге көмектестім. Су мәселесіне қатысты «Қызылорда су жүйесі» мекемесімен бі­рігіп жұмыс атқар­дық. Алдағы уақытта шешімін табуы ке­рек. Тұрғындар су сапасына шағым­дан­ғандықтан, бұл ай­маққа келетін су ұңғымадан алынып, орталық су жүйесіне қосылмақ.

«Эдельвейс», «Орбита», «Еңбек», «Болашақ» деген саяжайлар 2019 жылдан бастап қала есебіне кірді. Алғашқы сес­сиялардың бірінде осы саяжайлардың жоба-сметалық құ­жаттамасына қарас­тырылған ақ­шаны қайта қарау мәселесін көтердім. Алдағы уақытта жоба-смета­лық құ­жаттары дайын болған соң бұл саяжайларда ауыз су, жарық пен жол мәселесі шешіледі.

Қалған мәселелер де өз кезегімен шешімін табуда

– Қаланың коммуналдық жайы­на, түйткілді мәселесіне аса мән бересіз. Шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев та осы са­ладағы мә­селелерді шешуге білек сыбана кірісіп кетті. Шаһар басшысымен бірігіп шешуді жос­парлаған мә­селелер бар ма?

– Қала әкімі Ғанибек Қоныс­бекұлына өзімнің ойымды айттым. Көп жағдайда қала әкімімен не­гізгі ой-жоспарымыз сәйкес ке­леді. Қаланың аяқ су мәсе­лесі, тұр­ғын үй коммуналдық шаруашы­лығының жұмыс жүйесін өзгерту  секілді жоспарлар бар. Қаланың коммуналдық саласын жүйелеу, автоматтандыру керек. Осы мәселе­лер турасында шаһар бас­шысымен ойымыз бір жерден шықты. Алдағы уақытта бірге жұмыстар атқара­мыз деп сенемін.

Әрине,  мәселе көп, бірақ шешіл­мейтін мәселе жоқ. Біз де барлығын әкімдікке жүктеп қойғанбыз. Осы әдеттен арылып, қоғамның бел­сенділігін арттыру керек.

Бір мысал, Алматы қаласында әр үйде тұрғындардың коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеуін бақы­лайтын белсенді бір тұрғын болады. Ол бұл үшін арнайы айлық алмайды, бірақ тұрғындар коммуналдық тө­лемнің маңыздылығын түсінеді. Ал бізде қалай? Көпқабатты үйлердің тек 60 проценті ғана коммуналдық төлемдерін толық төлейді. Бірақ әлеу­меттік желіде коммуналдық ме­кеме жұмысына көңілі толмай­тындар көп.

– Жастар саясатын жетілдіруде «Социум Қызылорда» қоғамдық қорымен бірнеше игі бастаманың себепкері болдыңыз. Енді де­путат ретінде жастарға не істеп жатырсыз?

– Пандемияға байланысты қолы­мыз байланып отыр. Мысалы, қалаға қарас­ты ауылдарға барып, жастармен кездесу ұйымдастыру жоспарда бар. Дегенмен қазіргі кезде бізде жастар саясатының жағдайы жаман емес. Қазір әр ауылда, ауданда жастар орталығы, қалада ресурстық орталық бар. Жастарға арналған «Серпін», «Дипломмен ауыл­ға» секілді қаншама мемлекеттік бағдар­ламалар бар.

Өз басым іздеген адам әр кезде өзі­не керекті затын табады деп сенемін. Бірақ бізде жастар ізденбейді. Со­сын қазір жастар арасында «Nur Otan» десе өзгеше, немқұрайлы көзқараспен қарау бар. Дегенмен олар партияішілік бағдарламалар­ды, жо­баларды білмейді. Ал сол бағ­дарламалардың көмегіне жүгінсе біраз жеңілдіктерге жететін еді. Не­гізі өзім де жас болдым. Сол кезде түсінгенім – бізде белсенді жас­тар 5-6 адамнан әрі аспайды екен. Ал менің ойымша олардың арасындағы белсенділікті көбейту керек.

Негізі қала жастарының саясатына үлесімді қостым, әлі де қосып келемін. Жастармен байланысымды да үзген жоқ­­пын. Оларды жаңа бас­тамаларына қол­дау көрсетіп, өзіндік бағыт-бағ­да­рымды беріп келемін. Бір мақсатым бар – ол қала жастарын көшбасшы ету. Олардың мәдениетін, қоғамдық бел­сенділігін көтеру. Мысалы, ауылдан келген жас өзін «үлкен ауылға» емес, қалаға келгенін сезінуі керек. Сондықтан қала жастарымен көп жұмыс істеу керек. Иә, мен де өз тілімді, елім мен жерімді сүйетін патриотпын. Бірақ әр адам өз ана тілінен өзге тілдерді де меңгеру керек деп ойлаймын. Қазір мемлекет есебінен тілді тегін оқытатын орталық бар.

Сондай-ақ қалада біздің бастама­мызбен үш стритбол алаңы салынды. Неге стритбол? Өйткені ол көше баскетболы, қалалық спорт. Жалпы өз басым баскетбол федерациясының өкілі болмасам да, қала, облыс көлемінде осы спорттың дамуына өз үлесімді қостым деп айта аламын.

Қаладағы «Теміржолшылар паркін» қайта жаңғыртуға ұсыныс жасағанмын. Бүгінде ол парк бүлдіршіндерден бастап, үлкен­дердің де демалыс  алаңына айналды

– Депутат ретінде сізге жүк­­телген аймақ – қала ор­талығы. Қазіргі таңда сіздің ықпалыңызбен орталықта қан­дай жұмыстар атқарылып жа­тыр?

– Ең басты проблеманың бі­рі – үйлерге, нысандарға жасалып жат­қан модернизация. Жалпы мердігер компа­ниялардың жұмыс істеуі көңіл көншіт­пейді. Олардың жұмысына тұрғындардан түсетін арыз көп.  Сосын Қорқыт ата мен Әйтеке би көшелеріндегі көпқабатты үйлердегі жалдамалы пәтерлердің мә­селесі. Ол жерде қазір 100-ден астам пәтер күндік, сағаттық жалға беріледі. Соның әсерінен зорлық-зомбылық, на­шақорлық пен суицид фактілері көп. Ендігі мақсат – сол жақта полицияның уақытша ұстау изоляторын салу, бейне­камера орнату.

Батырхан Шүкенов атындағы саябаққа бейнекамера орнату мәселесі бар.

Аяқ су мәселесі де шешілуі керек. Айта берсе, мәселе көп. Бірақ қала орталығының өзге аумаққа қарағанда жағдайы жақсы. Осы орайда менің негізгі миссиям – ішкі саясатпен бірігіп халықтың санасын өзгертуге жұмыс істеу.

– Сайлауалды бағдарламаңыз­да ішкі туризмді дамытуға назар аударыпсыз. Бұл мәселе шешімін таппаған мәселелердің бірі. Әлде Ерлан Мұсаев жұлдызды жаңа­лық болатын жоба дайындау үстінде ме?

– Ішкі туризмді дамыту үшін біз ең алдымен қарапайым дүниелерді жасауымыз керек. Мысалы, біздің қалада экскурсия жоқ, бар болса да жарнамасы аз. Біз 2020 жылы «Рухани жаңғыру» орталығымен қалаішілік экскурсия ұйым­дастырғанбыз. Тұр­ғындардың сұранысын байқадық.

Бізде қазір арнайы бағдарлама­мыз дайын. Енді қаражат жетіс­пеушілігі бар. Сонымен қатар кадр жетіспеушілігі де байқалады. Қазір екі-үш тілді еркін меңгерген гид табу қиын. Қорқыт ата университетінде «туризм» факультеті енді ғана ашылып жатыр. Міне, осы олқы­лықтардың барлығын шешіп, ең алдымен қаладағы туризмді дамыту керек. Айына бір рет экскурсия ұйым­дастырылса бұл қоғам дамуына өз үлесін қосар еді.

– Сайлауалды үгіт-насихат жұ­мысы кезінде «Өз депутаттық қызметімді ойдағыдай атқара ал­масам, мандатымды қайтара­мын» дедіңіз. Мандатыңызды нақты қандай кезде қайтаруға дайынсыз?

– Қазіргі таңда көп мәселені көтеріп жатырмыз ғой. Негізі мен өз басым сессияда үндемей отыра алмаймын. Алдын ала мәселелерді қарап, зерттеймін. Сосын жиында сөз сөйлеушінің кем­шіліктерін айтамын. Жалпы біздің Қызылордада неге проблемалар шешіл­мей жатады?  Өйткені біз жуас халықпыз, кем­шіліктерді көп айта бермейміз. Сон­дықтан мен керек кезінде сынды да айтамын, нақты атқарған жұмысы болса мақтап, қолын да аламын.

Егер осы қызмет барысында маған артылған халықтың үмітін ақтай алмасам, мәселе шешімін таппай жатса мандатымды қайтаруға дайынмын. Өйткені мен бұл жерде атақ-мансап қуалау үшін емес, өз қалама, сол қаланың тұрғындарына көмектесу үшін келдім.

Бірақ мен депутаттыққа кел­генде бір әріптесім «Қайта-қайта мандатымды қайтарамын деп айту­дың қажеті жоқ. Өйткені мандатыңды қайтарғаның – халықтың сенімін ақтамағаның» деді. Міне, осы сөзден кейін мен мандатымды қайтаратын күнге жеткізбей, халық үшін білек сыбана еңбектенуге тырысып жүрмін.

– Қашан көрсек те тынымсыз тірлік жасап жүресіз. Осынша күш пен шабытты қайдан аласыз?

– Бұл маған қанмен берілген қасиет секілді. Мен бос жатсам өмірім тектен-текке өтіп жатқандай сезінем. Атақ-абырой емес, болашақта балаларым мені­мен мақтансын, үлгі алып халық пен елдің қамы үшін қызмет етсе маған сол үлкен абырой.

Ал күшті маған Кемел мен Бекен деген екі ұлым береді. Үлкен баламның атын мем­лекет басшысының атасына ұқсастырып, ал екінші ұлым­ның есімін өзімнің 30 жылдай ел басқарып, халыққа қызмет еткен атамның құрметіне қойдым. Сол екеуін құшақтап, иіскеп, болашақта ізімді жалғар атқамінерлерім барына қуанғанда барлық күйзеліс пен қиындықты ұмытып кетемін.

«Отызында орда бұзбаған, қыр­қында қамал алмайды» деген сөз бар. Сол үшін әзірге жас кезімде, күшім бар кезде еңбек етіп қалуым керек. Себебі жас келе адамда пайдалы әсер коэффициенті азайып, кейбір жерде күшім жетпей қалуы мүмкін. Сондай-ақ жасым кел­генде мен жастарға орнымды беремін. Сондықтан дәл бүгін еңбектеніп қалуым керек деген ой менде.

– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: